Абай облысында дропперлікке қатысты көрсетілімдік сот процесі өтті
Семей қаласында «Alikhan Bokeikhan University» заң факультеті мен Абай облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бірлесуімен «Заң мен тәртіп» идеологиялық нарративі аясында дропперлікке қатысты көрсетілімдік сот процесі ұйымдастырылды.

Іс-шара барысында заң факультетінің студенттері нақты қылмыстық істерге негізделген сот процесінің қойылымын ұсынды. Көрсетілімде үшінші тұлғаларға банк карталары мен жеке деректерді беру, есепшоттарды рәсімдеу, сондай-ақ ақша қаражаттарын «дропперлер» арқылы аудару сияқты заңсыз әрекеттердің салдары жан-жақты қарастырылды.
Көрсетілімдік сот процесін дайындау Абай облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті тергеушілерінің консультациялық қолдауымен жүзеге асырылды. Қатысушылар айыпталушы, куә, қорғаушы және мемлекеттік айыптаушы сияқты процессуалдық рөлдерді орындап, іс-шара форматын нақты сот отырысына барынша жақындатты.

«Alikhan Bokeikhan University» заң факультетінің деканы Серік Сабитов мұндай тәжірибелік форматтардың тәрбиелік әрі алдын алу мәні зор екенін атап өтті.
- “Заң мен тәртіп” идеологиясын ілгерілету аясында біз бірлескен іс-шара өткізіп отырмыз. Бұл көрсетілім дропперлік саласындағы қылмыстық құқықбұзушылықтар мен олар үшін көзделген қылмыстық жауапкершілікке арналды. Заң факультетінің студенттері Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мамандарының консультациялық қолдауымен сот процесін ұйымдастырды. Аталған мамандар осы санаттағы қылмыстық істерді тергеп-тексерудің әдістемесі мен құқықтық негіздерін терең меңгерген, – деді декан.
Көрсетілімдік сот процесіне прокурор рөлінде қатысқан заң факультетінің 3-курс студенті Медина Асқар өз әсерімен бөлісті.
- Экономикалық тергеп-тексеру департаментімен бірлесіп, дропперлікке қатысты қылмыстық іс бойынша студенттердің қатысуымен көрсетілімдік сот процесін өткізіп жатырмыз. Бұл іс-шара тек бірінші курс студенттеріне ғана емес, жалпы жастарға арналған. Мен үшін прокурор рөлін атқару үлкен жауапкершілік әрі маңызды тәжірибе болды. Негізгі мақсат – дропперліктің жеңіл табыс көзі емес екенін, оның ауыр қылмыстық жауапкершілікке әкелетін қауіпті құқықбұзушылық екенін көрсету, – деді спикер.
Аталған іс-шара жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, қаржылық алаяқтықтың алдын алуға және қоғамда заң мен тәртіп қағидаттарын нығайтуға бағытталған.
