Астанада «Отбасы – бақыт мекені» атты танымдық семинар өтті
Астанадағы № 119 жалпы орта білім беретін мектепте «Отбасы – бақыт мекені» атты танымдық семинар өтті. Қала әкімдігінің қолдауымен өткен шара Халықаралық Отбасы күні мерекесіне орай ұйымдастырылған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шараның басты мақсаты — отбасы институтын нығайту және ата-ана мен бала арасындағы өзара түсіністікті дамыту. Осыған орай семинарға Астана қаласының «Байқоңыр» ауданы прокурорының орынбасары Мұхтар Осерхан және аға прокурор Айгерім Әбдіғали, Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Серік Әділбай, сондай-ақ психолог мамандар мен ұстаздар, ата-аналар қатысты.

Бала тәрбиесі – ұлттың болашағы, қоғамның тұрақтылығы мен дамуының кепілі. Отбасы-әр адамның алғашқы тәрбие мектебі, әрі қоғамның негізі болып табылады. Бала осы ортада өмірге, әлемге деген көзқарасын қалыптастырады, мінез-құлқы мен адамгершілік қасиеттері дамиды. Сондықтан, отбасында дұрыс тәрбие алу бала болашағына үлкен әсер етеді.

«Балалар арасындағы құқық бұзушылық — бұл өте маңызды әлеуметтік мәселе. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» демекші, әрбір ата-ана өз баласының тәртібі мен тәрбиесіне мән беріп, бос уақыттарында немен айналысатынына қатаң бақылау жасаса, жасөспірімдер арасында құқықбұзушылық пен қылмыстың төмендеуіне септігін тигізеді»,- дейді құқық қорғау өкілдері.
Ал психолог мамандардың айтуынша, отбасындағы тәрбиенің бірнеше бағыттары бар, оларды ата-аналар балаға дұрыс бағыт беру үшін ескеріп отыруы қажет. Ата-ананың баласымен үнемі қарым-қатынас жасап, оны түсінуі маңызды. Осылайша, бала өз эмоцияларын дұрыс басқаруды, өзіне және басқа адамдарға құрметпен қарауды үйренеді.

Бұдан бөлек, жиын барысында шынайы оқиғаларға негізделген «Тоғыз тағдыр» сериалы көрсетілді. Одан кейін қатысушылар балалар мен ата-аналарды алаңдататын өзекті мәселелерді талқыға салды.
Отбасы-қоғамның негізі, ал оның ішінде тәрбиеленген ұрпақ елдің болашағын қалыптастырады. Сондықтан отбасындағы тәрбие- ұлттың келешегі үшін ең маңызды қызмет.
