Мазмұнға өту
Обложка сообщества Бизнес

Қазақ тіліндегі тұңғыш бизнес форум қалай өтті?

Күні кеше Алматыда тұңғыш рет қазақ тілінде «Sana Business Forum» өтті. Ұйымдастырушылар экономика, бизнес және қаржы салаларында тәжірибе алмасуға және өзекті мәселелердің шешімін табуға септігін тигізетін кәсіби платформа қалыптастыруды мақсатында осы форумды өткізіп отырғанын алға тартты.

Бұл форумға 50-ге жуық сарапшы, 300-ден аса қатысушы белсенділік білдірді. Келушілердің ішінде ірі бизнес өкілдері, компаниялардың иелері, мемлекеттік органдарының өкілдері, ғалымдар, БАҚ өкілдері бар. 

Басты ұйымдастырушы, қазақ тілінде бизнес форум өткізу туралы идеяның авторы, белгілі экономист ғалым Мақсат Халық форумның басты мақсаты – Үкімет, бизнес және ғылым арасында байланыс орната отырып, ел экономикасының даму мәселелерін, сын-қатерлер мен мүмкіндіктерді талқылау екенін айтып өтті. Сонымен қатар, «Халықаралық сауда алаңында мәселе бар. Кәсіпкерлеріміз сыртқа тауар шығаруды ойламайды. Соңғы бес жылда инфляция 65 пайызға өскенмен, халықтың табысы артқан жоқ. Халық табысын күндегі азық-түлікті алуға ғана жұмсап жатыр. Ресей рублінің құлдырауы біздің отандық өндіріске кері әсерін тигізеді», – дей келе Мақсат Халық Алаш идеясын басшылыққа алатын жаңа экономикалық модель керек екенін сөзге тиек етті.

«Sana Business Forum» спикерлерінің қатарында Ұлттық экономика министрі Қуантыров Әлібек Сәкенұлы, Ауылшаруашылық вице-министрі Әбілқайыр Тамабек, экономист Жақсыбек Әбдрахметұлы, «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов, Сентрас Иншуранс сақтандыру компаниясының персонал жөніндегі директоры, персонал жөніндегі менеджерлер қауымдастығының мүшесі Айгүл Қуатқызы, Trade Help бизнес кеңесшісі, Халықаралық HR клубының мүшесі Аида Егембердиева, кәсіпкерлерден Golden Bridge Partners серіктесінің негізін қалаушы және директоры Jańa Post компаниясының негізін қалаушы Болатбек Дәлелханұлы, “QAZHEALTH TRADE” ЖШС директоры Айтуған Мұқашев, SONA lab, Med Progress, Nomad Goldman Logistics, Acvee Finance компанияларының негізін қалаушы Аслан Назаралиев, кәсіпкерлер Гүлбану Майғарина мен Бахтияр Өсербекұлы, «Lactomarin», «Lamifaren» және тағы басқа тауар белгілерімен танылған компаниялардың негізін қалаушы Әділбек Тұрғынбай,  EASYTAP жобасының негізін қалаушысы Мағзұм Төлеш, Mercury Properties компаниясының стратегиясы мен бизнесті дамыту жөніндегі директоры Әмірхан Омаров, Америкалық AES корпорациясының Арлингтондағы бас кеңсесінде робототехника мен дрондар жөніндегі бағдарламаның жаһандық жетекшісі Әсел Аяпова, ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының ғылым департаментінің директоры, PhD докторы Руслан Ерғалиұлын және басқа да іскер азаматтар қатысты. Бұдан бөлек 50-ге жуық ел арасында тынылып жүрген зиялы азаматтар, ғалымдар, кәсіпкерлер, экономистер, сарапшылар қонақ ретінде шақырылған болатын.

0
0
407