Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне – 87 жыл
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті –дәстүрлерге бай, оқу және ғылыми жұмыстардағы көпжылдық тәжірибесі арқасында мемлекеттік аттестаттаудан бірінші болып өтіп, барлық мамандықтармен деңгейлерде білім беру қызметін жүзеге асыруға құқығы расталған Қазақстан Республикасының жоғары білім беру жүйесінің жетекші мекемесі.
Өзінің 87 жылдық тарихы ішінде ҚазҰУ Қазақстандағы ең беделді университет ретінде елдің ғылыми, саяси, мәдени және экономикалық элитасының басым көпшілігін қалыптастырып қана қоймай, көптеген жетістіктерге жетіп, талай шыңдарды бағындырды.
2020 жылы Қазақ ұлттық университеті QS жаһандық ЖОО рейтингінде 165-ші орынға көтеріліп, Елбасы Н.Ә.Назарбаев қойған және Қазақстан Республикасының білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасында 2020 жылға дейін әлемдегі ең үздік 200 университеттің қатарына кем дегенде екі қазақстандық ЖОО-ға кіру туралы тапсырманы сәтті орындады. Университет өзінің әлемдік ғылыми және білім беру кеңістігінде жоғары деңгейге сәйкестігін растады. Сонымен қатар, ҚазҰУ - жоғары кәсіби, жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің және ғылымның инновациялық дамуының ұлттық көшбасшысы, елдің жоғары оқу орындары арасында бірінші болып, Қазақстан Республикасы Президентінің «Сападағы жетістіктері үшін» сыйлығымен марапатталған.
Университет өзінің миссиясын білім беру мекемесі ретінде бар білімді беруде ғана емес, сонымен қатар ғылым жетістіктеріне негізделген жаңа білімді дамытуда да көреді. Мұндай тәсілмен ғылыми зерттеулерге тек оқытушылар ғана емес, сонымен қатар университеттің студенттері, магистранттары мен докторанттары қатысады. Университетте еліміздің түкпір-түкпірінен, сондай-ақ көрші елдерден келген 20000-нан астам студенттер білім алуда.
Университет өзінің дарынды студенттерін әлеуметтік қолдауға ерекше мән береді. Мәселен, соңғы 3 жылда университет 350 миллион теңгеге 1300-ден астам демеушілік стипендия жинады. Жыл сайын «өте жақсы» және «жақсы» деңгейінде оқитын мыңнан астам әлеуметтік осал топтағы студенттер оқу ақысының жеңілдіктерін пайдаланады.
Осыған қоса, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті БҰҰ-ның босқындар агенттігінің қолдауымен БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттары мен босқындар интеграциясын жақсартудың халықаралық қағидаларына сәйкес сапалы білімге қол жетімділікті қамтамасыз ету үшін Қазақстандағы босқындарға арналған алғашқы гранттық бағдарламаны іске қосты. Бағдарлама аясында 2020 жылы ҚазҰУ тарапынан Қазақстанда тұратын босқындар үшін конкурстық негізде екі грант бөлінді. Грант босқындарға университеттің бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейіндегі білім беру бағдарламалары бойынша стипендиясыз ақысыз оқуға құқық береді.
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Әл-Фарабиатындағы Қазақ ұлттық университетінің мыңдаған оқытушылары, студенттері мен түлектерінің қауымын туған күнімен құттықтаймыз! Соңғы онжылдықта университет даңқты жолдан өтті және бүгінде елдегі бүкіл білім беру жүйесінің тірегіне айнала отырып, қоғамдық-саяси және экономикалық өмірдің дамуына орасан зор үлес қосуда. Бүгін ҚазҰУ. Әл-Фараби халықаралық ғылыми және білім беру кеңістігінде Қазақстанды лайықты түрде көрсететін жоғары білім берудің әлемдік көшбасшыларының бірі болып саналады. Болашақта да ғылым жолында бірлесіп табыстарға қол жеткізіп, өз Отанымыздың дамуына үлес қоса берейік.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық Университеті, Жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасының «Шетел тілі: екі шетел тілі» мамандығының 1-курс магистранты А.Б. Мажитова
Жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасының доцент м.а., PhD докторы Ж.Т. Таубаев
