Мазмұнға өту
Обложка сообщества Образование

М.Қыдырбайұлы. Ұлттық тәрбие және Интернет

Бүгінгі таңда әлемдегі әлеуметтік-экономикалық және рухани-мәдени тұрғыда жоғарғы дәрежеде дамыған мемлекеттер, әсіресе: Жапония, Финляндия, Корея, Франция, Қытай, Германия, Новегия, Түркия т.б елдердің осындай елеулі жетістіктерге жетуінің бір себебі – ата-бабаларынан жалғасып келе жатқан бағасы жоқ асыл мұрасы - ұлттық тәрбиесінің арқасында екені белгілі. Ол мемлекеттерде ұлттық тәрбиені басты мақсат ету – жас ұрпақты «ұлтшыл» ету емес, заман талаптарына сай жоғарғы ғылыми-техникалық жетістіктерді игеру ісінде жас өскін бойында «ұлттық намыс» сезімін ояту болып табылады.

Тәуелсіз Қазақ Елінің ХХІ ғасырдың бас кезіндегі аса ерекше оқиға - ғаламдық жаһандану кеңістігіне әлімдік озық тәжірибелер мен жетекші технологиялардың қарқыны һәм ықпалымен санаса отырып, бес мың жылдық тарихи-мәдени мұрасын сақтай отыра ену үрдісі – қоғамдағы құбылыстарды адамзат перзентінің танымдық-тағылымдық тұрғыдан түсіну жағдаяттарының жаңа моделін қалыптастыруда.

Қоғамдағы бұрын-соңды болмаған айтулы орасан өзгерістер жалпы даму заңдылығының күрделі компоненті болып саналатын білім жүйесіне үлкен ықпалын тигізіп отыр. Білім берудің заман талабына сай әлемдік озық тәжірибелерге негізделуі – жоғарғы оқу орындарындағы білім параметрлері мен дидактикалық қағидалардың интерациялануына түрткі болуда. Университет пен мектеп қабырғасында білім алып жатқан көптеген жастар жаңа қоғамда белең ала бастаған жетекші технологиялардың құбылыстарын жақын білуі үшін қоғам қажеттіліктерінен туындаған жүйелі тұрғыда жан-жақты білім алуға деген ынта-ниеттерінің арта түскені байқалады. Ұлт болашағы – бүгінгі жас ұрпақ тағдырына қатысты қоғамдық өмір тұрмысында үлкен істер атқарылуда.

Қазақ Елі де әлемдегі барлық өркениетті елдермен терезесі тең тәуелсіз мемлекет болғанын мақтан етеміз. Тәуелсіздік жолында жан аямай еңбек етіп, қажет болса туған жері мен халқын қорғау үшін ғұмырын тәуекелге тіккен қаһармандардың ерліктері мәңгілік жадымызда.

Шынында, бүгінгі ұрпақ бақытты!

Ал, осындай баға жетпес ғажап ғұмырды бізге бұйыртқан батыр һәм данышпан ата-бабаларымызға біздер қарыздармыз.

Бүгінгі таңда ата-бабаларымыздың асыл мұраларының бірі болып табылатын ұлттық тәрбиенің сарқылмас құнды қазыналарын отбасы тұрмысында, қоғамдық қарым-қатынаста һәм білім ордаларында іске асыруды жаңаша сипатта өрбітудің мүмкіндігі туып отыр.

Ұлттық тәрбие мәселесі қилы заманның қай кезеңінде болмасын өзінің ғасырлық сабақтастығы мен парасаттылық құндылығынан ажыраған емес. Тіпті, қылышынан қан тамған Патшалы Ресей империясының құрсауында қалған қазақ даласында Кенесары атамыз ел қамын ойлап, ер намысын биік ұстап атынан түспей көкжалдай жортып жүрсе, Құрманғазы бабамыз қасиетті домбыраның үнімен ұлттың қайталанбас рухани дүниесін қайта жаңғыртып әдемді мойындатса, Абай атамыз мыңғасырлық дүниетаным үндестігін сол қалпында сақтап, Ұлы даланың мөлдір ауасындай пәк күйінде біздің санамызға ұялатты. Ол қасиеттердің рухты бабаларымыздың бойынан табылуы – оларды тәрбиелеген ата-анасы мен табиғи ортасына байланысты екеніне дау жоқ.

Ұлттық тәрбие туралы біз ұлы бабамыз Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік», Қайқауыс Гиланшаһтың «Кодекс Куманикус», Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» және басқа оқымысты-ағартушыларымыздың еңбектерінен кездестіреміз.

Ұлттық тәлім-тәрбие бастаулары тарихи дәуірлер көшінде заман талаптары мен құбылыстарының өзгерістеріне қарай өзінің даму мен қалыптасу генезисінің ерекшеліктерімен сипатталып отырды.

М. Қашқаридың: “..Ұлым, менің өсиетіммен жанды аузыңа қаратқын. Ғалым болып, біліміңді ел ішіне таратқын..”,- деген тағылымдық өсиеттер арқылы, жас ұрпақтың тағдыры мен болашағына деген алаңдаушылығын білдіреді.

Ал, халық тәлiмгерi атанған Қайқауыстың “Кодекс куманикус” атты еңбегінде: “...ей перзентiм...дүниедегi басқа заттарды өз өрнегiң сияқты танып түсiне бiл. Аллаһ тағала, адамзатты жаратты. Оған өмiр сүруге қажеттi өнер, бiлiм, саясат ағымдарын жаратты. Сенi жан-дiлiңмен жақсы көрiп, тәрбиялап жүрген ата-анаңның көңiлiн қалдырма. Бiлiм – ақылдың ажар көркi. Аңдасаң – ақыл деген қымбат нәрсе. Оны ұры алып кете алмайды, отқа жанып, суға ақпайды..”,- деген астарлы ұғымдары арқылы ұлттық тәлiм-тәрбие тамырларының тереңде жатқанын пайымдайды.

А. Йассауи өз өсиетін шын мәнінде шәкірттерге аманат қылу дәстүрін ұстанады. Аталмыш қағидалардың жоғарыда айтып кеткендей адамның танымдық қабілеттерінің жас ерекшеліктеріне негізделе отырып баяндалғаны байқалады.

Асанқайғыдан бастап Абайға дейінгі алып тағылым кеңістігіндегі қазақ ғұламаларының тәлімдік идеялары – қазақи қанымыз бен ұлттық намысымызға сіңген мәңгілік рухани құндылықтар ошағы болып қала бермек.

Дала абызы Асанқайғының ой әпсаналарында табиғат, адам және кеңістік дүниелері орын алады. Мұндағы шартты түрде қабылдап отырған асыл тас – табиғат ортасы, асыл сөз – адамзат парасаты, жел мен ой толқыны – тылсым кеңістіктің таңғажайып құпиясы болса керек. Абыз бабамыз аталмыш ой маржандарын ұрпақ санасына жұмбақ зерде жүйесі арқылы жеткізуді мақсұт еткені байқалады.

Ұлы ағартушы, Ы. Алтынсариннің қазақ баласының болашағы үшін бойындағы бар күш-жігерін арнағанын қоғамдық қатынастардағы шығармашылық істермен айналысуда өз ұлтының тарихын, мәдениетін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін өте жоғары бағалап, оның оқу-тәрбие жұмыстарында іске асыру идеяларын алдына мақсат етіп қойғанын көреміз.

ХХ ғасырдағы әлемдегі өркениетке - Ұлы Абай мұралары философиялық ойлар мен танымдық-тағылымдық ғибратттар қазынасын басқа қырынан көрсетті. Қазақтың ұлттық таным мен тағылым тарихнамасын Абайға дейінгі кезең және Абайдан кейінгі кезең деп атауымызға болады. Ұлттық тәрбие атауын алғаш әдеби-педагогикалық оқулықтарға енгiзген М. Жұмабаев болды.

Кеңес үкіметі тұсында Қазақстанда қазақтың ұлттық тәрбиесi жөнiнде арнайы ғылыми еңбек жазуға мемлекет тарапынан мүмкіндік болмағаны белгiлi. Оған кеңес заманында жүргізілген зерттеу жұмыстарын талдау барысында көз жеткіздік. Халық педагогикасы, немесе ұлттық тәрбие мәселесі арнайы ғылыми-зерттеу немесе пән оқулығы ретінде қарастырылмай, негізінен ғылыми мақала, тезис, қосымша мағлұматтар негізінде Т.Тәжібаев, М. Ғабдуллин, Б.Момышұлы, Б.Адамбаев, Х.Арғынбаев, М.Әлімбаев, С.Сауытбеков т.б еңбектерде көрініс тапқан.

Қазақстанда халық педагогикасына қатысты тұңғыш зерттеулерге А.Х. Мұқамбаева, И. Оршыбеков, Қ.Б. Жарықбаев, С.Қ. Қалиев, Қ. Сейсембаевтың еңбектері жатады.

Мағжан Жұмабаев «ұлт тарбиясы» туралы алғаш мәселе көтерді. Ол туралы Ы.Алтынсарин, М.Сералин, С.Көбеев, Т.Тәжібаев, Т.Маманов еңбектер жазып мектептер ашты.

Кешегі СССР империясының «авторитарлы-педагогикалық» саясаты тек қазақ халқы емес, сондай-ақ көптеген ұлттардың халықтық педагогикалық мұраларының кең қанат жаюына шектеу қойды. Нәтижесінде өз ана тілінен «саналы түрде» бас тарқан «нигилизмдік» форматтағы жаңа буын қалыптасты. Ғалымдар бұл үрдісті «эволюциялық диалектика» немесе «социологиялық акультурация» деп айтады.

Өкінішке орай, өткендегі аға буын өкілдерінің айтарлықтай әлеуметтік-экономикалық, ғылыми-техникалық, білім мен ғылым саласында қол жеткізген жетістіктерімен қатар, ұлтық мәдениет пен рухани құндылықтардың қайта жаңғыруына деген «табиғи ұмтылысы мен белсенділігі» бәсең болды деуімізге себеп бар.

Ұлттық тәрбие жөнінде 1990 жылдары көптеген шаралар қолға алынды. Көрнекті ғалымдар: Қ.Жарықбаев, С.Қалиев, Ш.Беркімбаева, Н.Сарыбеков, З.Әбілова, Қ.Бөлеев, А.Мұхамбаева, С.Ұзақбаева, Ә.Табылдиев, К.Қожахметова, Р.Қоянбаев, Ә.Садуақасов, Ж.Наурызбай, Р.Дүйсембінова, Ж.Асанов, Р.Төлеубекова, Е.Жұматаева, Ғ.Кертаева, К.Оразбекова, Т.Қоңыратбаева, Қ.Қабдыразақұлы, С.Иманбаева, С.Әбділдина, Л.Сырымбетова, Х.Шалғынбаева, Ш.Шүйіншина, Б.Сайдахметов диссертациялық еңбектер жазды.

Мектеп практикасына «Алтын көмбе» (Ж.Өтеев), «Ізгілік әліппесі» (С.Ғаббасов), «Кәусар бұлақ» (З.Ахметова), «Дәстүр» (Ә.Садуақасұлы) «Жұлдыз» (Е.Дмитриенко), «Атамекен» (М.Қыдырбайұлы) атты тәлім-тәрбие бағдарламалары енгізілді.

Халықтық педагогикаға негізделген тәлім-тәрбие бағдарламаларын оқу-тәрбие жұмыстарына кешенді ендіру барысында Б.Әуезова, Б.Ахметова, Қ.Нағыманова, Қ.Ескендірқызы, Б.Бақтыбаева, Г.Омарханқызы, Л. Аппазова, Н.Еженханқызы, Г.Кәріпханқызы, Г.Мұхамеджанова, А.Омарова, Қ.Исин және басқа ұстаздар зор үлес қосты.

Ғаламдық жаһандану жағдайындағы жаңа қоғамда орын алған iрi экономикалық өзгерiстер мен технологиялық жетiстiктер – қоғам дамуының қозғаушы күшi болып табылатын бiлiм жүйесiне орасан ықпалын тигiзiп отыр. Әлемдiк қауымдастықтың бiртұтас бiлiм кеңiстiгiн қалыптастыруға бағытталған ортақ мүддеге барынша әрекеттенуi – жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сiңiрген саналы да парасатты тұлғаны тәрбиелеу қажеттiгiн алға тартып отыр.

Егемендi елiмiзде соңғы жылдар тiзбегiнде жүргiзiлiп келе жатқан бiлiм реформасына қатысты түбегейлі бетбұрыстар, атап айтқанда әлемде дамыған мемлекеттердегі білім саясатының негізгі көрсеткіші болып саналатын жаңартылған білім беру жүйесіне ену қарқыны – қоғамдық ортадағы адамдардың ерекше пiкiрлерi мен көзқарастарын қалыптастыруға негiз болды. Көптеген өнеркәсiп орындарының жаңа технологиялық қондырғылармен қайта жабдықталуы - бiлiм сапасының жаңа деңгейге көтерiлуiне өзгеше талап қойды. Аса қарқынды белең ала бастаған аталмыш құбылыстарға мемлекет тарапынан терең талдаунамалар жасалып, ортақ проблеманы бұқара халықпен бiрлесе отырып атқару мәселелерi жолға қойылуда.

Ғұлама бабамыз Әл Фараби жас ұрпаққа тәрбиесіз білім беруге болмайтынын ескертті.

Аталмыш мәселелерді шешу біржақты ғана сипат алып қана қоймай, қайта көпшілік қауымның қолдауымен кешенді тұрғыда жүзеге асырылуының тиімді екенін бүгінгі тәжірибелеріміз көрсетіп отыр. Демек, бүгінгі жалынды да дарынды жас, ертеңгі білікті де, ілкімді маман – жас ұрпақ өкілдерінің өз елінің тарихы мен мәдениетін, ұлттық қазыналары мен құндылықтарын, діни-рухани мұраларын қастерлеуге баулитын ұлы істерге үлес қосатын арнаның бірі – халқымыздың ұлттық тәлім-тәрбиелік һәм этнопсихологиялық мұраларын ізгіліктендіру барша қауымның абыройлы ісі болмақ.

Осы ұлы істі қолға алуымыз көптеген мәселелердің шешілуіне жол салары анық. Бірақ, алға қойған мақсатымызға жету асқан төзімділікті, шығармашыл ізденімпаздықты, ғибратты тәлімгерлікті және ұлттық құндылықтарды сақтаушы һәм жеткізуші дәнекерлікті талап етері анық. Бұл ұмтылыс ғылыми зерттеуімізде өзекті орын алып келе жатқан көптеген қағидалардың мән-мағынасының заман ренессансына байланысты қайта сарапталуын көздейтіні заңдылық. Оған бүгінге дейін стереотиптік бағыт ұстанған «бала тәрбиесі» деген ұғымның «адам тәрбиесі» деген атауға ұласуы айтарымыздың дәлелі болса керек.

Өткен ғасырдың қай кезеңінде болмасын адамзат перзентінің рухани һәм материалдық мәдениеті тек қоғам дамуының қозғаушы күші ғана болып қалмай, ұрпақ санасына жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде адами-ізгілік қасиеттерді сіңірудің қайталанбас құралы болып келді. Айтар ойымыздың айқын көрінісі – бүгінгі қоғамдық талаптар мен заң-құжаттар кешегі салт-дәстүрлерден, көрікті қалаларымыздың көне шаһарлардан, мәдениет пен оқу-білімнің діни-рухани һәм мифологиялық құндылықтардан бастау алғаны нақты дәлел болмақ.

Жалпы педагогиканың адамзат перзентінің білім, тәрбие һәм мәдениет құндылықтарының ұрпақ санасына сіңіру жөніндегі мыңғасырлық тарихи тәжірибелер жиынтығы екеніне күмән келтірмейміз. Алайда, соңғы жылдары дәстүрлі педагогикалық жүйе (оқыту, тәлім-тәрбие үрдісі, қосымша білім беру т.б) ақпараттық технология ықпалдарына қатты ұшырау тенденциясы байқалуда. Ол заңды да. Себебі, бүгінгі мектеп оқушысы бұл жаңалыққа аса құмар.

Мемлекет және білім саласындағы қызметкерлер һәм білікті мамандар аталмыш іске көптен бері ерекше мән беріп отыр. Бұл құбылыстың алдын-алу шаралары (Заң, Үкімет қаулысы, Министрлік құжаттары, электронды оқулықтар, E-Learning бағдарламасы) қарастырылды.

Бүгінгі ақпарат ағынының заманауи жағдаяттары көптеген мәселелерді шешуде түрлі қиындықтарды тудыртты. Оның айқын себептерінің бірі - аса маңызды ақпараттардың көптігі бізге қолжетімді бола алмауында.

Заманауи білім мазмұны мен сапасының көрсеткіші 6 ай сайын өзгеріп тұратын халықаралық көрмелердегі соңғы жетістіктер арқылы өлшеніп отыр. Демек, білім жүйесінің адам сұранысына қарай модернизациялануы қоғам дамуының қозғаушы күші миссиясын өз мойнына алғанын көрсетіп отыр.

Соңғы он жыл ішінде білімді ақпараттандыру ісінде қол жеткізген толағай табыстарымыз, уақыт өте келе тез «ескіріп» бара жатқанын байқау қиын емес. Виртуалды әлемге деген балалардың қызығушылығы негативтік жайттарды қалыптастырғанымен, балғындар сүйіп ойнайтын ойындардың орнын алмастыратын сандық технология форматындағы оқулықтар ересектер тарапынан дер кезінде ұсынылмауын – біз мойындағымыз келмейді.

Өткен заманда ата-бабаларымыз атажұртын аттың үстінде жүріп, «найзаның ұшымен» һәм білектің күшімен қорғап келсе, бүгін біз «ақылдың» күшімен сақтап, туған халқымыз мен мемлекетіміздің әлемдегі дамыған өркениетті елдердің алдыңғы қатарынан көрінуіне үлес қосуды мақсұт еткені ғибратты іс екені анық. Аталмыш дүниенің аса ерекше бір саласы білім «Оқу – инемен құдық қазғандай» деп ата-бабаларымыз айтқандай бүгінгі заман - білім мен ғылымның біз үшін де, болашақ үшін аса қажеттілігі мен маңыздылығын дәлелдеп берді. Бүгінде білім мен ғылым кеңістігі өзінің танымдық географиясын күн санап ұлғайтуда. Уақыт мектеп пен жоғарғы оқу орындары арасында ерекше ынтымақтастық пен ғылыми-шығармашылық байланыстардың бұрыннан бетер нығая түсуін қажет етіп отыр. Еуропалық және көптеген жерлердегі жүзден астам жоғарғы оқу орындары өз еріктерімен бас қосып, болашақ білім кеңістігін ортақ мүдде мен ғылым жаңалықтары мен озық технологияларды бірлесе отырып игеруда пайда болған Болон процессінің айырықша баптарының біріне 12 жылдық білім беру жүйесін дамыту болып табылады.

Қазақ Елі бүгінде әлемдегі ең жас ұлттар қатарынан табылуда. Біздің демографиялық көрсеткішіміз жаһандық глобализация мен ақпараттық технология жетістіктерінің сандық форматқа ұласуы қарсаңына дөп келуі ғажап құбылыс. Дәстүрлі білім мен ғылыми жаңалықтар тәжірибесі бүгінде ұдайы жаңару мен серпіндіру процесін қажет ететін тұтас ғаламдық ғылыми-техникалық ақпарат ресурстарын қалыптастыруда. Өз елінің болашағы мен жалпыадамзаттық құндылықтарды білім мен ғылым нәрі арқылы нұрландыруды мақсұт еткен дарынды да парасатты ұрпақтың интеллектуалдық құзырлығы мен танымдық зердесін объективті тұрғыда бағалайтын іргелі орталықтардың пайда бола бастауы – жаңа заманның жарқын бейнесі мен сындарлы талап-тілегі екені ақиқат. Олардың қатарына Thomson Reuters, Springer, Elsevier, Autostream, Slide Shape, OS, AAAS сынды замануи жаңалықтар мен озық тәжірибелерді сарапқа салып, айтулы жетістіктердің адамзаттың ортақ интеллектуалдық қазынасына айналуына мүмкіндік туғызып жатқан жаңа буындағы ғылыми-зерттеу мен талдау-ақпараттық орталықтарды айтуға мұқтажбыз. Мұндай зор мүмкіндіктердің біріне ұстаз бен шәкірт арасындағы ғылыми байланыстың жаңа деңгейге көтеріліп, өткен дүниелердің құндылығын сақтай отырып жаңа жүйенің қалыптасуына ерекше ынта мен жігер қалыптастыратын құбылысты байқаймыз.

Мектеп және басқа оқу орындарындағы ғылыми-ақпараттық технологиялар ықпалынан туындай бастаған жаңа бағамдар мен ауқымды ұсыныстардың күн санап ерекшелене түсуі – болашақ моделін жасаушы жас ұрпақтың санасына күрделі ой салып отырғаны жаңсақ емес. Демек, дәстүрлі білім мен тәрбие құндылықтарын сақтай отырып, бүкіл адамзатқа ортақ жаңаша технологиялар мен үлгі-жобаларды, өз ортамыз бен мүмкіндіктерімізге ыңғайластыра отырып, батыл шешім қабылдау заманы қажет. Оған соңғы жылдар құрлықты масштабты қамтыған «Tempus-V» және «Erasmus Mundus» ғылыми-зерттеу жұмыстарына жас ғалымдармен бірге мектеп оқушыларының да ат салысуы, сондай-ақ Астанада өткен «Worlddidactic» интерактивті және электронды оқыту технологиясына арналған ауқымды шаралардың қолға алынуы жаңаша ой тұжырымдайтын ұрпақ санасының таным кеңістігін ұлғайтуға ұйытқы болары анық.

Абай атамыз «Ғылым қиын жол, ал адамды оған тарту одан да қиын. Бірақ бір жол бар, ол – ғылымға адамды бала кезінен бастап қызықтыру керек» деген. Сол себепті, балалар өздері таңдаған тақырыпты ғаламдық ғылыми-техникалық ақпарат ресурстарына енгізу (тіркеу) олардың санасында ерекше қызығушылық қалыптастырады деген сенімдеміз.

Бүгінгі таңда әлемдік деңгейде бірнеше ғылыми-техникалық ақпарттық ресурстар орталықтары Clobalethnics.net, High Been, Netlog, Linkedin, Canadian yellow page, Scops, Web of knowledge және басқа порталдар ғылыми тақырыптарды тіркеуге ынталы.Қазақстандық G-Clоbal, Bastau, Your vision.kz, On.kz, Nur.kz ақпараттық-коммуникациялық алаңдар мен блог-платформалар ғылым мен ғылыми-техникалық ақпарат ресурстары жөнінде қажетті мағлұмат алғысы келетін, жеке көзқарасын білдіріп, өз жобасы жөнінде объективті бағасын ала алатын балалар мен жастарға таптырмайтын мүмкіндік дер едік. Шартты түрде біз бұл жобамызды «Media Didactica» деп атадық.

Соңғы жылдары ең қажетті деген ғылыми анықтамалар мен тұжырымдар, концепциялар мен графикалық кестелер, схемалар мен ғылыми терминдер қайта жинақталынып, жүйеленіп, толықтырылып ағылшын тіліне белсенді түрде аударыла бастады. Оған Wikipedia ашық (глобальді) энциклопедиялық электронды кітапхана порталы дәлел. Мысал ретінде Wikipedia ресурсынан «Kazakh history» немесе «Kazakh felt house» тақырыбы бойынша іздеу салатын болсақ, орыс тілінде жазылған ақпараттардан гөрі ағылшын тіліндегі мағлұматтар мол екенінен көз жеткіземіз. Ал, Slide Share ресурсы арқылы электронды оқулықтар жазып, мектептегі пәндер мен оған қосымша материал ретінде пайдалынатын цифрлы форматтағы оқу құралын, портфолилосын, анимациялық қосымшаларды қатар қолданатын білім жүйесін (авторлық дидактикалық ресурс) құруға болады.

Қазақстандық Your vision. және Facebook порталдары кез келген танымдық-әдістемелік материалдарды (тест, фото, кесте, математикалық модельдеу, графикалық дизайн, слайд, видео т.б) әр адам өз қалауынша жобалап, ғылыми-зерттеу бағыттары мен мәселелері туралы глобальді тұрғыда тәжірибе алмаса алады.

Аталмыш ақпараттық технологиялар жетіс тіктеріне негізделген тәжірибелер тек қана қарым-қатынас құралы ған болып қоймай, оқыту мен тәрбиелеу жүйесінің жаңаша деңгейде қалыптасуына мұрындық болғанын айтуға мәжбүрміз. Әрине, ұстаз бен шәкіртті, қалам мен кітаптың орнын дүниеде ешқандай құндылық ауыстыра алмайтынын баса айта келе, бүгінгі заманауи озық тәжірибелердің цифрлық форматтан тыс қарастырылуының тиімсіз екенін жөнінде қоғамдық пікір уақыт өткен сайын нақтыланып келе жатқанын байқаймыз. Демек, аса жылдам дамып келе жатқан ақпараттық қоғамның негативтік элементтерімен қатар, позитивтік құндылықтары да қалыптасып келе жатқанын жасыруға болмайды.

Айтар ойымызға дәлел ретінде ғаламдық «Branshak.com» порталындағы ғылыми-танымдық форматтың мүмкіндіктерін айтуға болады. Оның жалпы мүмкіндігіне: кез келген пәннің видео өнімін иеленуі, түрлі-түсті слайд жобалар мен әртүрлі кестелерді жобалау және баяндау және басқа мультимедиалық шығармашылық идеяларды көпшілік ұсыну мен талдау артықшылықтары жатады. Осылайша, әр сабақтың пәндік ерекшелігі мен техникалық мүмкіндігі, жалпы мазмұны мен негізгі ұғымдары қосымша білім элементі ретінде қатар ұйымдастырылады. Мұндай әдіс оқыту мен тәлім-тәрбие үрдісінің тиімді жүргізілуіне және уақыттың тиімді һәм үнемді жұмсалуына ұйытқы болады.

Оқыту мен тәрбие процесін ұштастыруда әр оқушы мен мұғалімнің аты-жөні және басқа қатысушылардың статусын анықтайтын мультимедиалық белгілері мен электрондық күнделіктері арнайы талап ретінде Интернет парақшасына айналуы тиіс. Порталдың осы уақытқа дейін белсенді аймақта жемісті әрекет етіп жатқан әріптестерінен артықшылығы көп жылдар бойы виртуальды әлемге танымал “Facebook”, “Twitter”, “Ytube” “LinkedIN”. “Google+”, “VK”. “G-Global” сынды алпауыт ғылыми-техникалық ақпарат ресурстарымен (ҒТАР) тығыз байланыстылығы болып табылады. Цифрлық білім технологиясы (Degital education technology) негізінде бүгінгі қазақ мектебінің ұлттық моделі қалыптасу керек. Аталмыш дүниеге қол жеткізу үшін мемлекет тарапынан мол мүмкіндіктер бар. Оның айқын бір дәлелеі «E-lеarning» бағдарламасы. Заманауи ауқымды ақпараттар ағынына сай бұл бағдарлама бүгінде өзінің мультимедиалық параметрлерін қайта жаңартуы тиіс.

Жоғарыда аталған бірқатар порталдардағы білім жүйесіне анағұрлым бейімді болып келетін Интернет ресурстар орталығының коммуникациялық стратегиясы көптеген мамандардың назарын аударып отыр. Орталықтың цифрлық базасы арқылы мектеп практикасында ұзақ жылдар бойы жүзеге асырылып келе жатқан «Атамекен» бағдарламасының Америка еліндегі ағылшын тіліндегі нұсқасын оңай тауып алуға болады. Ал, оқыту әдісін цифрлық технологияға көшіруде “Online” режимінде 5 сыныпқа арналған «Жаратылыстану» пәні арқылы ұйымдастыру түбі, болашақта өзінің қажеттілігі мен маңыздылығын танытатыны анық.

Бұл орайда арнайы Интернет-парақша ашып, аталған пән жөнінде толық ақпараттар жолдаған жөн. Бастапқы бетке өткен соң аталмыш жобаға қатысушы оқушылар мен басқа қатысушылар арнайы «Registration» көрсеткіші бойынша тіркеледі. Жалпы ақпараттық бетке пәндегі барлық сабақ мәтіндері бөлек veb-парақ түрінде жарияланады. Бұл үрдіс мектептегі білім стандарты жоспары бойынша өтілетін сабақпан қатар ұйымдастырылғаны абзал. Негізгі әрекет, пәндегі тапсырманы қайталау ғана емес, мәтіндегі негізгі ғылыми-танымдық ұғымдар мен терминдерді алдын-ала саралап, «Google reasercher» іздестіру ақпарат құралы арқылы ғылыми оқулықтар мен мақалалар, кестелер мен фото-видео материалдарды тауып, оны сілтеме арқылы белгілеп отыру болып табылады.

Нәтижеде мынадай маңызды ақпараттарды біздер оқушылардың көмегімен аз уақыттың ішінде қабылдап, толықтырып һәм аналитикалық талдау жасауға мүмкіндік аламыз. Мысалы «Табиғаттағы су айналымы» туралы тақырыпты меңгеруде оқушылар оны тек оқулық жүзінде қабылдамай, қосымша ҒТАР құралы ретінде толыққанды орындау мультимедиалық шеберлігін меңгереді.

Аталмыш форматта «Тұран-Астана» университеті жанынан оқыту мен тәрбиелеу жүйесін сандық технология негізінде қайта зерделеу мақсатында студенттер мен магистранттар үшін «Экология», ал мектеп оқушылары үшін «Жаратылыстану» (5 сынып) оқулықтары Интернет жүйесіне енгізілді. Оның ендірілу жүйесі жоғарыда аталған веб-порталдар мен ҒТАР мүмкіндіктерімен сұлбаланған.

Бұл орайда Қазақстан Республикасы білім және ғылым Министрлігіне қарасты «Оқулық» орталығы тарапынан «E-Learning» бағдарламасы мен «Bilim Media Group» жобасы еліміздің мектептерінде ендірілуі үрдісіне оң баға берген жөн. Десек те, инновациялық бағыттағы жаңашыл әдістемелік нұсқаулар мен электрондық туындылардың жас ұстаздар тарапынан нысынаға ілігуіне жол ашу керек.

Бүгінгі мектеп заман талабына сай бейімделуде. Мемлекеттік «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына сәйкес білім жүйесінің цифрлануы да заңды құбылыс. Оқулықтар «3D Illustration» форматына сай электронды жүйеге көшірілуде. Отандық «Bilimland» жобасы көптеген оқушылардың назарын өзіне аударуда.

Бір қызығы, ұлттық тәрбие бойынша «Internet Resourse» арқылы ақпараттар іздестіру барысында «Intelligence artificial» атты жасанды интеллектілік қабілеті бар «робот-мұғалім» педагог-әдіскер немесе ғыдыми зерттеуші ұстаздың мисиясын өз мойнына алған тәрізді.

Дегенмен, жоғарыда айтылған мағлұматтарға ден қоя отырып, бүгінгі таңдағы ғылыми-техникалық, коммуникативтік-ақпараттық һәм цифрлық-электрондық жетістіктердің жаңартылған білім беру жағдайында жас ұрпақтың жан-жақты дамуына зор ықпал ететін тұстарын ерекше атап өткеніміз жөн.

Электронды мектеп немесе ІТ-форматтағы жаңа буын жүйесіндегі айтулы жаңалықтар - ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған туған халқының тағдырына алаңдайтын, ұлттық салт-дәстүрлер мен рухани мұраларды қастерлейтін, білімді, мәдениетті, ұлтжанды, дарынды һәм қаһарман жас ұрпақ өкілдерін дайындау мен тәрбиелеу үрдісінде қауқарсыз екені түсінікті.

Жоғарыда баяндалған тұжырымдар төмендегідей ұсыныс жасауға негіз болды:

1.«Қазақ халық педагогикасы – ұлттық тәрбие негізі» тақырыбы бойынша жоспарлы түрде педагог мамандар мен басқа сала қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курсын (семинарын) өткізу;

2. Отбасы дәстүрінің жас ұрпаққа ұлттық тәрбие беру ісіндегі мыңғасырлық тәжірибесін ескере отырып жоспарлы түрде ата-аналар конференциясы мен басқа да маңызды іс-шаралар ұйымдастыру;

3. Абай атындағы Қаз ҰПУ жанындағы «Ұлттық тәрбие» журналы негізінде, аталмыш мәселеге қатысты ғылыми мақалалар мен әдістемелік нұсқауларды тұрақты түрде жариялау;

4. Мемлекеттік һәм лауазымды органдарда қызмет атқаратын жауапты мамандарды және басқа мекемелердегі қызметкерлердің этнопедагогикалық және этнопсихологиялық даярлығын қамтамасыз ету барысында маусым сайын арнайы курстар мен семинар-мәжілістер өткізу;

5. Мектеп, мектептен тыс мекеме және басқа білім ордаларындағы ұлттық тәлім-тәрбие жұмыстарын «Атамекен» бағдарламасы негізінде бір жүйеге келтіру;

6. Ұлттық тәлім-тәрбиеге қатысы бар деректі фильмдер, анимациялық-мультипликациялық фильмдер базасын құру;

7. Жыл сайын «Жас Алаш» аты мектеп оқушылары мен ұстаздарының республикалық байқауын ұйымдастыру;

0
0
2174

Осы тақырып бойынша