Жердегі мекенді жұмаққа айналдыру, тозаққа да айналдыру өз қолымызда
Бүгін бізде қонақта - ФАРИЗА БАЙЕЛI. Продюсер, PR маманы. 100 тұлға медиа саласында жасақтаған маман. 500-ге жуық компаниямен жұмыс тәжірибесі бар.

-Сіз медиа саласында біраз жыл жұмыс істедіңіз. Қазір қай салададасыз? Немен айналысасыз? Осы жайында өзіңіз тарқатып айтып берсеңіз. -Расымен де, мен қаншама жыл бойы медиа саласында қызмет еттім. Жалпы, бұқаралық ақпарат құралдары саласына 16 жасымда келдім. Ең алғаш "Ақ жол" Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газеті, "Тараз тынысы" қалалық газеті арқылы менің журналистика жолым бастау алды деуге болады. Кейін бірсыпыра мақалаларым республикалық "Егемен Қазақстан" газетінде де жарық көрді. Әрине, ішімдегі шығармашылық ізденіс мені одан кейін телеарнаға алып келгені рас. Қазір бәрін тізіп айтпай-ақ қояйын, қысқаша айтқанда еліміздегі көптеген телеарнаның тыныс-тіршілігімен таныс болып, жұмыс істеген жайым бар. Соңғы жылдардағы жұмысымда айтатын болсам, "Қазақстан" телеарнасына ұсынылған "Сенбілік таң" ақпараттық-танымдық бағдарламасына продюсерлік еттім. Бұл жобада мен екі жылға жуық уақыт жұмыс істедім. Сол уақыт аралығында елімізге танымал 64 зиялы қауымның үйіне барып, кейіпкерлерімізді тұлғалық тұрғысынан, адам ретінде табиғатын кейіпкерлерге толықтай ашуға тырысқан болатынбыз. Аталған жоба толықтай менің ұжымым арқылы жүзеге асты. Сонымен қатар, қыз-келіншектерге арналған "Сырласу" журналында шеф-редакторлыққа дейін көтерілдім. Ал, дәл қазіргі кезде немен айналысп жүрсіз деген сұраққа оралар болсам, журналистикадан алысқа кеттім деп айта алмаймын. Себебі, 2013 жылы "Baiely" атты өзімнің жеке PR компаниямды ашқан болатынмын. Басында әншілерден бастадық. Шамамен 50-ге жуық әншінің халыққа танылуы үшін аянбай еңбек еттік. Өнер адамдарының шығармашылығын дамыту, оларды белді телеарна, газет-журнал, сайттарға шығару, сұқбат беруін ұйымдастыру, концерт, бейнебаяндарын жоспарлау, т.б. жалпы, қысқаша айтқанда, жұлдыздардың пиарымен айналысқан едік. Сонымен қатар, кәсіпкерлермен де жұмыс жасадық. Өйткені, кәсіп бастау, қаржылық сауаттылық, ақшаны дұрыс бағытта жүйелеу сияқты тақырыптар қашан да қызық. Ал, қазіргі кезде еліміздегі түрлі салалар бойынша эксперттермен жұмыс істеп жүрміз. Бір сөзбен айтқанда, тұлғаландырумен айналысамыз десем болады. Қазіргі кезде жеке бренд деп жатамыз ғой, яғни, өз ісінің хас шеберіне айналған жандардың жеке қабілеттерін ашу, қоғамға таныстыру бағытындағы жұмыстар. Өкінішке қарай, қоғамда жұлдыз десе, бірден әншілер елестейтіні рас. Бірақ, менің ойымша бұл стереотип. Мысалы, дәрігер, ұстаз, т.б. белгілі бір істің хас шебері өз саласының нағыз жұлдызы мен үшін. Яғни, жұлдыз болу үшін өнер адамы болуы шарт емес. Біз 90-жылдың ұрпақтарымыз ғой. Байқайтыным, осы біздің замандастарымыздың көбісінде психологияда "синдром самозвонца" деп атайтын синдромға жиі ұшырайды. Ол деген ауру емес, дегенмен, өз жұмысын, өзінің тұлға ретінде өсуін бағаламау, өзін құнсыздандыру. Бұл нәрсенің шешімі ондай кісілерге өзін жақсы маман ретінде қабылдау, үнемі дамыту, тұлғалық қалыптасуын бағалау деп ойладым да оы бағытта жұмыс бастап кеткен болатынмын. Аллаға шүкір, күн сайын тұтынушыларымнан алғыс естіп, еңбегімізщдің нәтижесін көріп қуанып жүргенімді жасырмаймын.

- Қазіргі кезде кочтар "өзіңді дамыт" деп жатады. Бәрі дамуға бет бұруда. Ал, сіз өзіңізді қалай дамытасыз?
- Дұрыс айтасыз, даму керек. Даму ұғымының ауқымы кең. Әлем бір орнында тұрмайды. Сондықтан, адам да заманға қарай әрқашан өзін дамытып отыруы керек секілді. Жалпы, осы он сегіз жасымда түсінгенім: өзіңді іздеп емес, құрастырып алу керек екен. Ақыл айтатын жаста болмасам да, ойымды іште сақтап қалғым келмейді. Негізінде, өзіңді жасап алу деген алғашқыда оңай нәрсе секілді естіледі. Алайда, оның бір сәттік емес, толық өміріңе татитын жұмыс екенін іске шындап кіріскенде ғана ұғынасың. Яғни, бұл дегеніміз, ерте демей, кеш демей әрдайым даму үстінде болу. Дамимын деп шешкен адамға бірінші “Даму үшін не істеуім керек?” деген ой келері сөзсіз. “Даму деген қалай сонда?” деп те түсінбей қалатындар болуы ғажап емес. Менің ойымша даму – ол біріншіден өзіңізді түбегейлі тану, қабілеттеріңіздің бәрін толықтай ашу. Иә, сіз қате естіп қалмадыңыз. Бұл ғаламдағы әрбір адамның бойында жоқ дегеннің өзінде бір дарын бар. Ал, өз ішіңе дұрыстап үңілетін болсаңыз, бірдің бірнешеуін тауып алуыңыз мүмкін. Ғаламда біршама адам өз арманындағы өмірге жете алатын мүмкіндіктерді елемей, “маған осы да жарайды” деп өмір сүріп жатыр. Бұл, әрине қынжылтатын жайт. Сонымен, дамуға күш салмай, өзін қолға алмай жүрген адамдарды — өзін бағаламай жүрген жандар деуге болады. Даму деген сонымен бірге, уақытты тиімді өткізу. Даму жолында саған көптеген есіктер ашылып, адам сенгісіз жетістіктерге жетеріңізге кепілдік бере аламын.
- Сіз үшін өмірде не маңызды? -Мен үшін ең әуелі, әрине он екі мүшем сау болып, миымның дұрыс жұмыс жасағаны маңызды, құлағымның естігені маңызды, көздерімнің жарық дүниені көргені маңызды, екі аяғымның жер басып жүргені маңызды, қолдарымның жұмыс істей алуы маңызды. Алла риясыз күле алатын қылып адамды ғана жаратқан . Сондықтан, шынайы күліп, жүруім, жүрегімнің тыныш болуы, жақындарымның амандығы мен елімізде бейбітшілік болуы маңызды. Қазақта “Жақсы сөз айт, болмаса үндеме” деген де тамаша сөз бар. Даму жолындағы тағы бір маңызды мәселе осы. Ойымды негативтен тазартып, назарым мен көңілімді тек қана позитивті ойларға бөлу мен үшін аса маңызды дер едім. Барлық адамдардан, барлық нәрседен тек жақсыны көруге тырысамын. Былайша айтқанда, әр нәрсенің жақсы жағын көріп, керек емеске жай ғана мән бермеуге күшмді саламын. Себебі біз не ойласақ, не айтсақ соны өзімізге тартамыз. Яғни, сол нәрсе шынында да өмірімізден орын алатын болады мен соған қатты сенетін адаммын. Өмір болған соң түрлі жағдайлар болады. Жердегі мекенді жұмаққа айналдыру, тозаққа да айналдыру өз қолымызда. Сондықтан да, өзімізді шынайы бақытқа жетелер осындай өзі кішкентай мекенімді ашуға, ызаға, жеккөрушілікке толтырмауым керек сияқты.

- Бала Фариза кім болғысы келді? Армандарыңыз қаншалықты орындалды? Арманның орындалуы үшін не маңызды деп ойлайсыз?
-Негізі мен жазғанды, қолыма қалам ұстағанды, көпшіліктің алдында сөз сөйлегенді жақсы көремін. Кішкентайымнан журналист болуды армандадым. Әнші де болғым келген кездер өтті. Сол бала арман мені адастырмады. Алла тілеуімді беріп, бүгінде шығармашылық еңбегімнің жемісін көріп жүргеніме шүкіршілік етемін. Сіз білесіз бе, жұмысым көпшілікпен тығыз байланыста болған көптеген адамдармен сұқбаттасамын, таныс боламын ғой. Сондай журналист болуды өмір бойы армандаған, бірақ мақсатына қол жеткізе алмаған көп адамдармен жолығып қаламын. Сондай кезде, шүкіршілігім одан сайын артып кететінін жасырмаймын. Менің ойымша, арманға қарай жүру, әрекет ету маңызды. Қазір көп жерде армандаудың пайдасы мен тегіндігі жөнінде айтылып та, жазылып та жатады. Әрине, арман-мақсат құруыңызға ешкім қарсы болмайды. Бірақ сол мақсаттардың орындалуы үшін қаншалықты еңбек етеміз? Құр қағазға жазып, фотосын жабыстырып қойғанмен шаруа шешілмейді. Сондықтан да барлық нәрсе ойыңыз бен әрекетіңіздің үндесуінде! Егер тегін армандардың сызбасын сызып тастап, аяқты аспанға көтеріп «көк тиын» таппай, еңбектен қашып жатсаңыз, әрине ол «сызбалар» мәңгі сызба күйінде қалады. Өмір адамға бір-ақ рет беріледі. Сондықтан, оны өкінбейтіндей, есте қалатындай етіп өткізу керек.
Менің ойымша, өзіңізді сынап көру арқылы ғана шынайы мүмкіндіктеріңіз қандай екенін бағалауға болады. Егер мақсат және оған жетуге құлшыныс болса, онда арманға қарай бірінші қадам жасаудан қорықпау керек. Жағдайлардың сізге қарсы болып тұрғанына қарамаңыз, олар өзгеруі мүмкін.
Сәтсіздіктерден қорықпау да маңызды. Бірінші, сәтсіздік жетістікке жету жолындағы бірінші баспалдақ болуы мүмкін, сондықтан, үмітіңізді үзбеңіз. Қажет жұмыстарды ештеңеге қарамастан атқара беру керек, олар міндетті түрде нәтиже көрсетеді. Күтпеген жерден болуы мүмкін, бірақ ол жаман болмайды.
Өз-өзіңе адал болу да керек нәрсе. Әркім өмірде маңызды деп санайтын нәрсені таңдауға құқылы, бірақ өз-өзіңе адал болу қашан да қымбат екенін есте сақтау қажет.
- Сіздің ойыңызша біздің қоғам қандай? Қоғамға өзгеріс керек пе? Керек болса қандай өзгеріс қажет?
- Қазіргі қоғамда қордаланған мәселе көп. Байқайтыным сын да көп. Ең қызығы, сын айту оп-оңай да өзгеріске үлес қосу, шешімін көрсету қиын. Расымен де, мәселенің түйінін тарқатуға келгенде ешкім жауапкершілікті мойнына алғысы келмейді. Қоғам өзгерісті қалайды. Бірақ, өкінішке қарай ешкім өзінен бастағысы келмейді. Билік өзінен-өзі өзгере салмайтыны белгілі нәрсе ғой. Сондықтан, қоғамды өзгерткіміз келсе, өзімізден бастауымыз керек. Иә, өзіңді-өзің тәрбиелеу оңай дүние емес екені рас. Алайда, адам баласы кез-келген затты және іс-әрекетті өзіңнен бастау керек екені анық. Дегенмен де біздің қазіргі қоғамда адамдар өзін-өзі тәрбиелеуге аса назар аудара бермейді. «Тәрбиесіз алған білім- адамзаттың қас жауы» деген атам қазақ ендеше кез- келген адам өзін-өзі басқаруы, бақылауы қажет. Себебі, адам өз іс-әрекетіне үнемі есеп бере бермейді. Сондықтан да, өмірде көптеген қателіктерге тап болып жатамыз. Бұл дегеніміз адамдардың өз –өзіне аса мән бермеу, яғни әр адамның жүріс –тұрысы, көзқарасы, пікірі болады. Адам болған соң қоғам болады. Қоғамда әртүрлі адамдар да болады. Сол себепті барлық зат біз ойлағандай бола бермейді. Өмірде жақсы–жаман бірге жүреді соны ескере отырып, өзіміздің жүрген ортамызды табу яғни адам баласына сен жүретін ортаныңда әсері қоғамның да әсері зор. Сондықтан да қоғамды өзгерткісі келген адам өзінен бастау керек. "Мен кіммін? Қалай киінем? Қалай жүрем, кіммен жүрем? Қалай сөйлеуім керек? Осы өмірде менің қалағаным не?" деген сияқты сұрақты адамның өз-өзіне қоюы маңызды. Сенің көзқарасың ол сенің өмірің. Қоғамға, адамға деген ізгі ниет жылы қабақ мейірімділікті басшылыққа алсаң өзіңді де, өзгенің де өзгеруіне көмектесе аласың деген ойдамын.

- Сіздің өмірлік миссияңыз не деп ойлайсыз?
Білесіз бе, бізді бала кезден қарапайым болуға, қонақжайлыққа үйретеді, тұрмысқа шығып, бала болуды арман етуіміз керек деп тәрбиелейді. Барлығын күйеу, туыс үшін істеуіміз керек, мансап жайлы көп ойланбаған жөн деп өсіреді. Менімен сөйлескен қазақстандық және қазақстандық емес адамдар осылай айтатын. "Қалыпқа сыймайтын қазақ қызы" деген лақап ат берді.
Кейде ойым мен көзқарасымды білдіргенде "Қазақ қыздан мұндай нәрселерді есту үйреншікті емес" деп айтатын. Көп қазақ қыз-жігіттері еркін емес. Дәл осы позициям оқырмандарыма қызық және осы үшін олар менімен бірге. Ал, мен адамдарды еркін болуға, өз таланттарын ашуға, мүмкіндіктерін көруге насихаттаймын. Ең қуанатыным, менімен жұмыстан соң көптеген маманда сенімділік қалыптасып жатады. Мен оқырмадарыма өз қалауларынша өмір сүруге болатынын көрсетемін, қоғам бізге таңып қойған стереотиптерден, отбасы мен туыстардың ойынан арылуға көмектесемін және ең бастысы, оларға еркіндіктің есігін айқара ашамын.
- Блогерлік журналистиканы басуы мүмкін бе? -Блогерлер алдағы уақытта дәстүрлі БАҚ-ты ақпарат алаңынан ығыстыра ала ма деген пікір талас соңғы жылдары қатты талқыланып жүр. Бұқаралық ақпарат құралдарына деген сенім дағдарысы бүкіл әлемдегі журналистикаға төнген сынақ десек қателеспейміз. Аудитория дәстүрлі медиадан гөрі тәуелсіз блогерлер мен әлеуметтік желілердегі қауымдастықтар тарататын ақпаратты тұтынатынын көріп жүрміз. Дегенмен, әлеуметтік желідегі қысқа стримдер газеттегі немесе телеарнадағы журналистің оқиға орнынан жүргізген жедел тікелей репортажын ауыстыра алмайды. Блогерлік коммерциялық бағытта жұмыс істейді. Ал, журналистика бұл мамандық, сондықтан журналистиканың салмағы ауырлау. Көпшілігінде блогерлер белгілі бір жас шамасындағы шектеулі аудиторияға арналған ойын-сауық, демалыс сипатындағы контентті шығарып, таратады. Ол контенттің сапасы көңіл көншітпейтін кездері көп. Яғни блогерлердің кәсіби журналистикамен ортақ белгісі жоқ. Журналистің міндеті бөлек, ол кәсіби міндеттерін атқару үшін өзге тәсілдерді қолданады. Өйткені оның жазған, дайындаған материалы құнды болып, оқырман мен көрерменге ой салуы, белгілі бір мәселеге қатысты ұстанымын қалыптастыруға жетелеуі тиіс. Ал, блогерлікте көбінесе, "от себятина" басым, яғни, субъективтілік көп кездеседі.
-Сіздің ойыңызша болашақта қандай мамандықтар трендте болады? - Болашақта it, биотехнология, медицина және әрине, шығармашылық салалардың барлығы трендте болады деп ойлаймын. Мамандардың айтуынша, ең алдымен робототехника көлік және жүк тасымалы саласына енетін көрінеді. Жүргізушісіз көліктердің пайда болуына орай өндірістегі монтаж-құрылыс, кен өндіру салалары біртіндеп адам күшіне тәуелділіктен арылады. Бірақ білім, өнер, шығармашылық, іздену, сараптау салалары адамдар еншісінде қала бермек. Оған «жасанды» интеллекттің шамасы жетпеуі мүмкін. Өйткені, бұлар адамның ойы мен көзқарасын, креативтілігін талап етеді. Тағы бір баса айтатын мамандықтың бірі жеке бренд-менеджер. Қазіргі пиар-менеджерлері сияқты белгілі біреу туралы басқалар арасында жақсы ой қалыптастыруға тырысады. Қазірде мұндай жұмысшы жұлдыздарда ғана болса, болашақта әр адамның өз бренд-менеджері пайда болады. Дегенмен, жасанды интеллект дәуірі келе жатыр дегенмен, роботтардың иелігіне өтетін салаларда адам мүлде жұмыс істемейді деуге болмайтын шығар. Бүгінде адам мен адам арасындағы бәсекелестік ортада өмір сүріп жатсақ, таяу болашақта адам мен «жасанды» адам бәсекеге түседі. Осы алаңда тек білімді, жаңалықтарға тез бейімделгіш, өзгерістерден қорықпайтындар ғана еркін жүре алады.
-Қоғамдағы қандай стереотиптер сізге ұнамайды? - Білетінім, мені сыртымнан мәнсап қуған адам деп ойлайды көбі. Жалғыз жүрген қыздардың бәрі бірдей саналы түрде қызмет қуып жүрмегенін қайдан білсін? Бірақ, мен "жұрт мен туралы не ойлайды" деп басымды қатыратын адам емеспін. Кейде "Неге тұрмысқа шықпайсың?" деп бетіме айтпаса да, сыртымнан айтататын естіп қаламын. Өмірлік таңдау болған соң жан-жақты ойланып шешім қабылдауым керек. Оған өзімнен басқа ешкімді араластырғым келмейді. Бұл қоғамдық қысым. Менің ойымша, ешкім-ешкімді "неге ерте, неге кеш тұрмыс құрдың" деп кінәламау керек. Себебі, оның жауабын білетін адам жалғыз өзі болып, бөліскісі келмеуі мүмкін, не жауабын өзі де білмеуі мүмкін. Ал, өзіме келер болсам, Алланың бұйыртқан уақытында болады деп ойлаймын. Сәті түссе, тұрмысқа шығу үшін бір күннің өзі жеткілікті сияқты. Дегенмен, отбасын құру мен үшін - үлкен жауапкершілік. Үлкен дайындықты қажет етеді. Дайындық деген ол тек физиологиялық деңгейдегі жетілу емес қой. Әйел де адам, тұлға. Ол да қоғамға өз пайдасын тигізгісі келеді. Адамның өмірлік мақсаты алуантүрлі. Біреулер отбасы үшін жаралса, екіншілері ғылым мен білім қуып кетеді. Өмір сүрудің бәріне ортақ формуласы жоқ. Сонысымен де қызық. Отбасы мен карьерамды қатар алып жүргім келеді. Жалғыз жүрсем, тағдыр болар, мүмкін өз таңдауым. Сондықтан, басқалардың менің таңдауыма құрметпен қарағанын қалар едім. Жалпы, бұл жерде жеке шекара мәселесі де бар. Мөр басылған құжат ештеңе шешпейді. Сен адамды жақсы көрсең, онымен бірге өмір сүрсең, бұл сенің міндеттерің азаяды деген сөз емес. Адамның алдындағы міндеттер мөр басылған құжатпен шектелмейді. Той, ресми неке адамдардың қарым-қатынасын өзгертуі тиіс, жауапкершілікті, сезімді ұлғайтады деген пікірдемін. Бақытты отбасы дегеніміз - алдымен өзіңнің тәуелсіз болуың. Сен өзің дамыған, әрекетіңе жауап бере алатындай, өзіңді таныған адам болуың тиіс. Сол адамсыз да бақытты әрі тәуелсіз бола алу, құпия осында жатыр. Екі толыққанды адам бір-бірімен жолыққанда бақытты болады. Бізде өмір біреу ғана. Өмірге өзгелер таңып қойған, я болмаса, қоғам ұсынған рөлді орындау үшін емес, өзіміздің қойған мақсаттарымызға жету үшін келдік. Егер ол үшін қалыпты стереотиптерден арылу керек болса, оларды жою керек. Шын мәнісінде, қаншаға келсем де бұл нәрсе мені алаңдатпайды. Басқалар не ойлайды, мені сынайды деген ойдан аулақпын, себебі маған өзімнің бақытым мен тұлға ретінде қалыптасуым маңызды. -Оқырмандарға айтар кеңесіңіз болса. Өзіңді таны, өзіңді толықтай қабылда және жақсы көр. Жақсы көру деген не? Ол – өз-өзіңе деген сенімділік, өзіңе құрметпен қарау және өзіңді бағалау. Көбіміздің кежегеміз керіп тартып «жоқ, мен бұған лайық емеспін» деген түсінікпен көп нәрседен қағыламыз. Тіпті де олай емес, есіңізде болсын, сіз мынау дүниедегі ең жақсы нәрселерге, бақыт пен қуанышқа толығымен лайықсыз!
Өз-өзіңізді мүмкіндігінше көп мақтаңыз. Жақсы жасалған жұмыс үшін, дәмді дайындалған тамақ үшін мақтаңыз, бүгін темекі шекпегеніңізді мақтаңыз. Сәтсіз жағдайларды құлағыңыздан асырып жіберіп, нәрселердің тек жақсы жағын көруге тырысыңыз! Ұйықтар алдында тек жақсы дүниелерді ғана еске түсіруді әдетке айналдырыңыз.
Қысқасы, өзіңізді жақсы көре білгенде ғана басқалар сізді жақсы көре бастайды.
Қазақта «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген сөз бар. Кішкентай кезімде үлкендер үнемі «Жаман сөз айтпа, періштелер әумин деп қояды» деп айтып отыратын. Мағынасын кейіннен түсіндім. Адам өзін жақсы көруі керек. Өзін-өзі жақсы көру – эгоизм емес. Ол – Алла тағала сені қалай жаратты, соған разы болу, өзіңді бар болмысыңмен қабылдау. Өзіңе өзің ұнамасаң, басқаға «мені сүй, жақсы көр» деп айта алмайсың. Бірінші өзіңді қабылда. Сол кезде сені бүкіл әлем жақсы көреді.
- Кез келген қарапайым адам жеке брендтің иесі бола ала ма? Қалай нарыққа тез шығып кетуге болады?
Иә, әрине. Қазіргі кезде кез келген адам қарым-қабілетіне қарай жеке бренд қалыптастырып, көпшілікке таныла алады. Осы жерде нарыққа тез шығудың 3 жолын айта кетейін:
1) Сіз әлеуметтік желідегі парақшаңызда (instagram, facebook, тик-ток) өзіңіз жайында, қолыңыздан келетін іс жайында айтудан жасқанбау. Бұл жерде қарапайымдылықтың керегі жоқ. "Ел не дейді?" деген түсініктен арылып, қолыңыздан келетін кәсіп иесі ретінде танылдан бастаған дұрыс.
2) Бағытыңызды анықтап алғаннан кейінгі әрекетіңіз: парақшаңызды ақы төлеу немесе бартер арқылы жарнамалаңыз. Оқырманы көп блогерлермен немесе танымал адамдармен коллоборация жасау да жақсы тәсіл.
3) БАҚ құралдарын қолдану және өте қоғамда белсенді болу. Қазіргі кезде бұқаралық ақпарал құралдары мықты күшке ие. Осы ретте, сізді және сіздің брендіңізді танытатын мамандардың көмегіне жүгінген абзал. "Шығы шықпай кіріс кірмейді" дейді ғой. Сондықтан, өзіңізге салған инвестиция өзін-өзі ақтайтыны және пайда алып келері сөзсіз.
Сұқбаттасқан: Назира БУРХАНОВА
(instagram: @burhanova.nazyra)
#Baiely
#ФаризаБайелі
#Фариза_Байелі
#НазираБУРХАНОВА
