Перейти к содержимому
Обложка сообщества Общество

Алматыда сауда орталықтары жастары арасындағы футбол турнирі өз мәресіне жетті

Алматы қаласында мамыр айының соңында «Дүйсенбілік спорт» жобасы аясында шағын футболдан дәстүрлі турнир өтті. Сайысқа қаладағы ірі сауда орталықтарында еңбек ететін жастардан құралған 16 команда қатысты.

Жобаның тапсырыс берушісі – Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы. Ал биылғы ұйымдастыру жұмыстары байқау нәтижесіне сәйкес «Social Project Management» орталығы қоғамдық қорына жүктелді.

Турнирге «Жұлдыз», «Ялян», «Алатау», «Арыстан», «Бақорда», «Қырғауылды», «Кенжехан», «Арлан», «Алтын Орда», «Саламат», «Барыс», «Байсат», «Қазына», «Тастақ» және басқа да сауда орталықтарының командалары қатысып, өзара бақ сынады. Жарыс екі алаңда қатар ұйымдастырылды.

Алғашқы кезеңде командалар төрт топқа бөлініп, айналмалы жүйе бойынша ойын өткізді. Әр топтан үздік шыққан екі команда келесі кезеңге жолдама алып, ширек финалда бақ сынасты. Нәтижесінде жартылай финалға «Кенжехан», «Байсат-1», «Саламат-2» және «Арыстан» командалары шықты.

Жартылай финалда «Саламат-2» командасы «Арыстанды» 2:1 есебімен жеңіп, финалға жолдама алды. Ал «Кенжехан» мен «Байсат-1» арасындағы тартысты кездесу негізгі уақытта 2:2 есебімен аяқталды. Пенальти сериясында «Кенжехан» командасы қарсыласынан басым түсіп, финалға шықты.

Шешуші кездесуде «Саламат-2» мен «Кенжехан» командалары чемпиондық атақ үшін таласты. Қос команда да тартымды ойын көрсеткенімен, финалдық матчта «Саламат-2» 2:1 есебімен жеңіске жетіп, турнирдің бас жүлдесі мен кубогын иеленді.

Турнир қорытындысы бойынша бірінші орын алған «Саламат-2» командасына 250 мың теңгелік сертификат табысталды. Екінші орын иегері «Кенжехан» командасы 150 мың теңгелік сертификатпен марапатталды. Ал үшінші орын алған «Байсат-1» және «Арыстан» командаларына 50 мың теңгелік сертификаттар берілді.

Осылайша, «Дүйсенбілік спорт» жобасы аясында ұйымдастырылған жарыс базар жастары арасында салауатты өмір салтын насихаттап, жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға өз үлесін қосты.

0
0
1716

Еще по теме

Алматыда сауда орталықтары жастары арасындағы футбол турнирі өз мәресіне жетті - Yvision.kz