«Қазақ» газетінің қазақ ұлтына ықпалы
XX ғасырда әр салада білім алып келген зиялы қазақ азааматтарының басын біріктірген негізі ұйытқы – «Қазақ» газеті болды.
Қазақ халқы тағдырына өздерін жауапты сезінген Алаш қайраткерлері елдің мүддесін білектің күшімен емес, ақыл ойдың қарымымен есе қайтару жолын таңдады. Таңдалған жолдың бірі ретінде «Қазақ» газетін өмірге әкелді.
Қараңғы қазақ көгіне,
Өрмелеп шығып, күн болам!
Қараңғылықтың көгіне,
Күн болмағанда, кім болам,-деп С.Торайғыров жырлағандай, «Қазақ» газеті көзі ашық, көкірегі ояу адамдардың жеткілікті екенін көрсете білді.
«Қазақ» газетінің 1 жылдығында оқырман санының үш мыңнан да асып кетуі соның дәлелі болса керек. Ел қамы, ұлт үшін күрескен қазақ қыздарының бірі, тұңғыш әйел журналисі Нәзипа Құлжанованың «Қазаққа» атты мақаласында газет шығару арқылы халықты білім алуға, әйел теңдігін насихаттауға, патша үкіметі тарапынан жүргізіп отырған отаршылдық саясатқа қарсы қоғамдық пікір қалыптастыруда оңды істер тындырғаны баяндалады. Газеттен жұрт естімегенді естіп, білмегенді біліп, білімі молайып, зейіні өсіп, пікірі ашылғанын хабардар етеді.
Мақаланы оқи отырып қазақтың санасына ой түсіріп, жансыз денесіне қан жүгірткен, ширықтырған, санасын рухтандырған «Қазақ» газеті болғандыңын жаныңызбен сезіне түсесіз. «Қазақ» газеті арқасында қазақ халқының рухани жағынан есейіп, жетілгеніндігіне, тарихи тамырын табуына куә боласыз.
Публицист Нәзипа Құлжанованың халықты ұлттық бірлікке шақыруы, әйел адамдардың білім алуына мүмкіндік берілуі, ер-азаматпен қиын-қыстауда иық тіресе жұмыс жасау керектігі осы маақалада көрініс табады. Мақала соңы автордың екі жыл ішінде ұлтының игілігі үшін жасалған жұмыстарды саралай келе, көңіл ризашылығын білдіруімен аяқталады.
Ұлт зиялылар есімімен ұштасып жатқан бұл басылым – талай тарихтың куәсі, халықтың рухани қазынасы. Алаш баласына түзу жолды нұсқаған, әйел теңдігін көтерген, ана мен бала мәселесін шешуге атсалысқан Нәзипа Құлжанова мақалаларын газет бетіне жиі жариялап, қоғамға үлес қосты. Өзі бас болып қазақтың тілші қыздарына журналистикаға апаратын жол салып берді. Ұлттық баспасөз тарихындағы тұңғыш ұлттық газет «Қазақтың» ұстанымы болашақ үшін айнымас темірқазық болары сөзсіз.
Бауыржан Медина
ҚАЗҰУ,Журналистика факультетінің 1-курс студенті
Ғылыми жетекшісі:Фил.ғ.к.,доцент Р.С.Жақсылықбаева
