Beeline Қазақстан мен QazCode жасанды интеллект дәуірінде қазақ тілін дамытуға қосқан үлесі үшін марапатқа ие болды

QazCode пен Beeline Қазақстан компаниялары KazLLM ұлттық тілдік моделін әзірлеу жобасы үшін «Қазақ мәдениеті» санатында беделді AmCham Awards 2026 сыйлығының жеңімпаздары атанды. Бұл марапат жобаның қазақ тілін цифрлық ортада дамытуға және Қазақстан пайдаланушылары үшін қолжетімді ЖИ-технологияларын жасауға қосқан үлесін мойындайды.
Бүгінде тіл мұрасы кітаптарда, дәстүрлерде және күнделікті қарым-қатынаста ғана сақталмайды. Тілдің цифрлық әлемде қаншалықты кеңінен қолданылатыны да маңызды рөл атқарады. Бұл онлайн-сервистерден бастап жасанды интеллект жүйелеріне дейінгі көптеген бағытты қамтиды. Қазақ тілінің осы ортада өз орнын нық қалыптастыруы үшін оның ерекшеліктерін түсінетін және жаңа контекстерде қолдануға мүмкіндік беретін технологияларды дамыту қажет. KazLLM дәл осы міндетті шешуге бағытталған. Сонымен қатар жоба Қазақстанда жасанды интеллект саласындағы отандық сараптаманың дамуына ықпал етеді.
Модель 2024 жылы Назарбаев Университетінің Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтымен (ISSAI) және Astana Hub-пен серіктестікте, Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен әзірленді. Ол 150 миллиардтан астам токенді қамтитын көптілді деректер базасында оқытылған және төрт тілді: қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерін қолдайды.
Жобаның маңызды ерекшеліктерінің бірі – Қазақстан аумағында орналасқан есептеу инфрақұрылымын пайдалану. Бұл деректерді өңдеуге қойылатын талаптар мен ұлттық контекстің ерекшеліктерін ескере отырып, жергілікті ЖИ-шешімдерін дамытуға мүмкіндік береді.
KazLLM-ді практикалық қолдану аясы тілдік модельдің өзінен әлдеқайда кеңейді. Оның негізінде QazCode білім беру, бизнес және медицина салаларына арналған AI Tutor, Mentra, Aventa және AIDA (AI Doctor Assistance) сияқты шешімдерді әзірледі.
KazLLM әзірлемесі халықаралық деңгейде де мойындалды. 2025 жылы модель GSMA Foundry Excellence Award марапатына ие болып, Барселонада өткен Mobile World Congress көрмесінде таныстырылды. Бұдан бөлек, KazLLM моделі Hugging Face платформасында зерттеушілер мен әзірлеушілерге коммерциялық емес мақсатта пайдалануға қолжетімді. Бұл оның мүмкіндіктерін зерттеп, одан әрі әзірлемелерде қолдануға жол ашады.
Жобаға Қазақстаннан тыс елдерде де қызығушылық танытылды. Команда Өзбекстан мен Бангладештегі әріптестерімен өз тәжірибесі мен әзірлемелерімен бөлісті, сондай-ақ Украина мен Пәкістанға өздерінің тілдік модельдерін жасауға қолдау көрсетті. Мұндай тәжірибе алмасу ұлттық ЖИ-шешімдерін әзірлеу жөніндегі білімді таратуға көмектеседі және оларды жасау үшін міндетті түрде ірі технологиялық держава болу қажет емес екенін көрсетеді.
«Тілдің болашағы оны қанша адамның сөйлейтінімен ғана емес, заманауи технологиялар әлемінде қандай орын алатынымен де айқындалады. Біз үшін қазақ тілінің жасанды интеллектпен өзара әрекеттесудің толыққанды тіліне айналуы маңызды. Сондай-ақ Қазақстанның шетелдік әзірлемелерді пайдаланумен шектелмей, өзінің технологиялық шешімдерін жасағанын қалаймыз. KazLLM ұлттық тілдік модельдердің жергілікті цифрлық сервистерден бастап басқа елдерге де пайдасын тигізе алатын шешімдерге дейінгі тұтас бір ЖИ-технологиялар бағытын дамытуға негіз бола алатынын көрсетеді», — деп атап өтті Beeline Қазақстан және QazCode компанияларының ЖИ және трансформация жөніндегі директоры Агиис Конкабаева.
Қазіргі уақытта модель толығымен мемлекетке берілген және оны жаңарту жұмыстары жалғасуда.