Берік Уәли: «Инвестиция болмаса — даму да болмайды»
Абай облысының әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңесте инвестиция тарту көрсеткіштерінің орындалуы және инвестициялық жобаларды іске асыру барысы қаралды.

Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айбек Рахымбеков қазіргі жағдай жөнінде баяндады.
Абай облысында инвестиция тарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. 2025 жылы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 417,7 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда оң өсім бар екенін көрсетеді. Оның ішінде жеке инвестициялар 267,3 млрд теңге, яғни жалпы көлемнің 73,3 пайызын қамтиды.
Инвестициялық қызметті жүйелі ұйымдастыру мақсатында облыстың Ұлттық цифрлық инвестициялық платформасына енгізілген жобалар саны 29-дан 50-ге дейін артты. Қазіргі таңда жалпы құны 25,9 млрд теңге болатын 14 жоба іске асырылуда, бұл 453 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, 7,3 млрд теңгеге 6 жоба іске қосылып, 182 жұмыс орны құрылды. Қалған 8 жоба жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.
Кеңес барысында инвестиция тарту көрсеткіші төмен аудандардың әкімдері мен жауапты орынбасарлар өңір басшысына ахуалды жақсарту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
Берік Уәли кәсіпкерлік басқармасына жалпыұлттық пулға кіретін жобалардың жүзеге асырылуын қатаң бақылауда ұстауды, инвесторларды өңірлік үйлестіру кеңесіне тарту жұмысын күшейтуді және белсенділігі төмен аудандар бойынша нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.
«Барлық өңірлік басшылар жоспарлы көрсеткіштерді толық орындауға міндетті. Бұл облыстың рейтингіне және жалпы экономикалық дамуына тікелей әсер етеді. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов атап өткендей, “егер инвестиция болмаса — даму да болмайды”. Сондықтан бұл бағыттағы жұмысты жандандыру қажет», — деді облыс әкімі.
