Семей тәжірибесі: еңбек – тірек, масылдық – бөгет
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Әділетті қоғам еңбекке, жауапкершілікке және азаматтардың бастамасына негізделеді. Мемлекет көмектесуі керек, бірақ көмек нысаналы әрі әділ болуы қажет. Көп балалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға және жетім балаларға – бұл нақты қолдау, ал қалғандары үшін – өз еңбегімен табыс табуға жағдай жасалуы тиіс», – деп атап өтті. Бүгінде Семей қаласы бұл сөздердің нақты қадамдарға қалай айналып жатқанын айқын көрсетіп отыр. 2024 жылы Семей қаласында белсенді жұмыспен қамту шараларымен 6 486 адам қамтылды.
Олардың ішінде 3 039 адам тұрақты жұмысқа орналасты, тағы 2 697-і субсидияланатын жұмыс орындарына жіберілді. Әлеуметтік жұмыс орындарына 107 адам, «Жастар практикасына» 386 жас, қоғамдық жұмыстарға 1 612 тұрғын тартылды. «Бірінші жұмыс орны» жобасы аясында 144 түлек алғашқы тәжірибесін жинақтаса, «Күміс жас» бағдарламасымен 442 зейнет жасына таяған маман еңбек етті.
Тіпті «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы арқылы 6 адам тұрақты табысқа қол жеткізді. Жыл ішінде 573 адам кәсіпкерліктің негіздерін оқып шықты, олардың 90-ына жаңа бизнес-идеяларын жүзеге асыру үшін грант берілді. 87 тұрғын қысқа мерзімді курстардан өтіп, жаңа мамандық иесі атанды.
Ал еңбек ресурстарының мобильділігін арттыру мақсатында 114 қоныс аударушы мен 37 қандас Семейге қоныстандырылды. Жалпы алғанда, 2024 жылы аймақта 11 947 тұрақты және уақытша жұмыс орны ашылды. 2025 жылдың алғашқы сегіз айында да оң қарқын сақталды. Бұл кезеңде 4,5 мың адам жұмыспен қамту шараларымен қамтылды. Оның ішінде 1 334 адам тұрақты жұмыс тапса, 2 716 адам субсидияланатын жұмысқа орналасты.
«Бірінші жұмыс орны» жобасы арқылы 71 түлек тәжірибе жинаса, «Жастар практикасы» 289 жасқа жол ашты, ал «Күміс жас» бағдарламасы 389 тәжірибелі маманды қамтыды.
Жыл басынан бері 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, аймақтық жұмыспен қамту картасының тұрақты орындалуын дәлелдеп отыр. Бұл деректерді нақты өмірден алынған мысалдар толықтырады. Мәселен, Водный кентінде салынып жатқан жаңа мектептің құрылысында бүгінде 200-ден астам адам еңбек етіп жатыр. Бірі үшін бұл алғашқы ресми келісім-шарт пен әлеуметтік пакет, екіншісі үшін – ұзақ үзілістен кейін мамандығына қайта оралу мүмкіндігі.
«Ең бастысы – ертең жұмысың мен жалақың болатынына сенімдісің», – дейді құрылысшылардың бірі. Азаматтық бастамаларды қолдау бағытында да нақты нәтижелер бар. Биыл 354 тұрғын бизнес-оқудан өтіп, 51 адам өз ісін бастауға грант алды. Солардың бірі колледж түлегі – Айжан. Ол алған қаражатқа Қарағайлыда наубайхана ашып, бүгінде үш адамды жұмыспен қамтып отыр. Оның наны көршілерге де, мектеп асханасына да жеткізіліп, тұрақты сұранысқа ие.

Әлжуаз топтарды қолдау – жұмыспен қамту саясатының маңызды бөлігі. 2024 жылы Семейде 147 мүмкіндігі шектеулі азамат жұмысқа орналасты. Соның бірі – Арман есімді тұрғын, ол қайта даярлаудан өтіп, call-орталыққа оператор болып кірді. «Енді менің тұрақты жалақым бар, өзімді қажет адам ретінде сезінемін», – дейді ол.
Абай облысында атаулы әлеуметтік көмек аясында 18,4 мың адам, яғни 3,6 мың отбасы төлем алды. Сондай-ақ 1–6 жас аралығындағы 5,2 мың балаға қосымша жәрдемақы берілді. Бұл көмек нақты мұқтаж отбасыларға жетіп жатқанын көрсетсе, жалпы бағыт – азаматтарды белсенді еңбекке тартуға бағытталған. Жұмыспен қамтудың тағы бір мысалы – Семей маңындағы ауылшаруашылық өнімдерін өңдейтін зауыт. Мұнда жақын ауылдардан келген 40 адам жұмысқа орналасты. Бұрын олар табыс табу үшін басқа қалаларға кетуге мәжбүр болатын.
Әрине, шешімін қажет ететін мәселелер де жоқ емес. Мамандардың айтуынша, кейбір отбасылар жалған түрде ажырасу, ресми түрде әлжуаз санатқа еніп, жәрдемақы алуға тырысып жатыр. Мұндай құбылыстар әлеуметтік жүйеге деген сенімді әлсіретіп, көмекті масылдық құралына айналдырады.
Алайда Семей қаласында қайта даярлау курстары мен бос жұмыс орындары жеткілікті, сондықтан жергілікті билік пен Үкімет масылдықпен жүйелі күресті жалғастырып келеді.
Қорытындылай келе, Семей қаласы біртіндеп масылдық пен патернализмнен арылып, белсенді еңбек пен дамуға негізделген үлгіге көшіп келеді. Жаңа жұмыс орындары сенім ұялатады, гранттар бизнеске жол ашады, ал әлеуметтік көмек барған сайын нысаналы әрі әділ болып жатыр.
