Семей жаңа кезеңге қадам басты: тікелей дауыс беру арқылы сайланған қала әкімі ресми түрде қызметіне кірісті

2022 жылы облыс орталығы мәртебесін қайта алған Семей бүгін тағы бір маңызды қадам жасады. Халық тікелей сайлаған жаңа әкім ресми түрде қызметіне кірісті, деп хабарлайды Yvision.kz
2025 жылдың 14 қазанынан бастап Әділет Нұрсайғатұлы Қожанбаев Семей қаласының әкімі ретінде өз міндеттерін атқаруға ресми кірісті. Бұл оқиға ерекше мәнге ие. 2022 жылы обылыс орталығы деген мәртебесін қайта алған қала даму жолында жаңа белеске шықты.
2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған Абай облысының құрамында Семей қайтадан облыс орталығы мәртебесін иеленді. Президент ол кезде «Семейге тарихи орталық ретінде ерекше мәртебе берілуі тиіс» деп атап өткен.
Бүгін Семей Қазақстандағы алғашқы облыс орталығы ретінде өз әкімін халықтың тікелей дауыс беруі арқылы сайлады. Сайлау нәтижесінде Әділет Қожанбаев 77,1% дауыс жинады. Оның қарсыластары — Қаныш Төлеуов пен Айболат Бекжасаров тиісінше 10,8% және 8,4% дауыс алды, ал сайлаушылардың 3,7%-ы «барлығына қарсы» дауыс берді.

Қала активімен кездесуде облыс әкімі Берік Уәли бұл оқиғаның тек жаңа әкімнің тағайындалуы емес, Семей үшін жаңа кезеңнің бастауы екенін атап өтті:
«Бұл – еліміз тарихындағы облыс орталығы әкімін тікелей сайлау арқылы таңдау тәжірибесінің алғашқысы. Бұл Семей мен бүкіл өңір үшін тарихи сәт. Мұндай маңызды саяси науқанның дәл осы қалада өтуі заңды құбылыс: Семей – ұлы тұлғалар мекені, “Алаш” қозғалысының бесігі, мәдениет пен ғылымның, руханияттың орталығы. Семейліктер жоғары саяси мәдениетті танытып, өз таңдауын жасады. Әділет Нұрсайғатұлы – тәжірибелі, білікті басшы. Ол қаланың дамуы мен тұрғындардың өмір сапасын арттыру жолында барлық күш-жігерін жұмсайтынына сенімдімін. Облыс тарапынан барлық қолдау көрсетіледі», — деді Берік Уәли.
Иә, Семей жаңа дәуірге қадам басты: бұл тек әкімшілік орталық қана емес, мәдени, тарихи және экономикалық бастамалардың тоғысқан нүктесіне айналып келеді. Қала тұрғындары көше абаттандыруын, көлік инфрақұрылымын, бизнес пен жайлы қала орталығын дамыту сияқты оң өзгерістерді күтеді.
Рәсім барысында қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Гүлжан Қуанышева Әділет Қожанбаевқа әкім куәлігін табыстады.

Жаңа әкім Әділет Нұрсайғатұлы Абай облысы Көкпекті ауданының Биғаш ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын банк саласынан бастаған, кейін Абай облыстық Қаржы басқармасын басқарды. 2024 жылдың тамызынан бастап Көкпекті ауданының әкімі қызметін атқарды.
