Семейдің индустриялық өткені мен технологиялық бүгіні
Индустриялық дәуірдің мұрасы
Семей дәстүрлі түрде Қазақстанның ең ірі өнеркәсіп орталықтарының бірі болған. Кеңес кезеңінде мұнда машина жасау, ағаш өңдеу, ет өңдеу және әскери-өнеркәсіптік кешен кәсіпорындары белсенді дамыды, хабарлайды Yvision.kz.

Өнеркәсіптік қуаттың символы саналатын Семей ет комбинатында шамамен 5 000 адам жұмыс істеген. Ол Одақтағы ең ірі үш комбинаттың қатарына кіріп, жыл сайын жүздеген мың тонна консерві өндірген, оның елеулі бөлігі стратегиялық қорларға жөнелтілетін.
Қала қорғаныс-өнеркәсіп секторында да мықты позицияға ие болды. Аспап жасау және машина жасау зауыттары әскер мен флотқа арналған бөлшектерді шығарды. Бүгінде бұл бағытты бронетехника жөндеумен және жаңғыртумен маманданатын «Семей Инжиниринг» АҚ жалғастырып жатыр. Зауыт БТР-60, БТР-70, БТР-80, Т-62 және Т-72 танктерін, сондай-ақ жаяу әскер машиналарын жөндейді. Оның қуаты жылына 600 техникаға дейін қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Әскери тапсырыстардан бөлек, кәсіпорын конверсиялық техника мен құрылыс жабдықтарын шығарып, қаланың елдің қорғаныс индустриясындағы маңызды буын мәртебесін сақтап отыр.
«Өндіріс» индустриялық аймағы
Қаланың жаңа өндірістік қаңқасы 85 гектар аумақтағы «Өндіріс» индустриялық аймағы арқылы жүзеге асып жатыр. Инфрақұрылымды дамытуға шамамен 270 млн теңге бөлінді. Мұнда шикізатты терең өңдеу, ағаш өңдеу және теміржол құрылысына бағытталған жобалар шоғырланған.
Негізгі инвесторлардың бірі – Tumar Minerals компаниясы. Семейде ол түсті және сирек кездесетін металдарды өңдейтін байыту комбинатын және шикізатты терең өңдеу зауытын салуды жоспарлап отыр. Жобаның алғашқы кезеңінде шамамен 300 жұмыс орны ашылады. Бұл Абай облысының индустрияландыру драйверіне әрі Семей бюджетіне салық түсімдерінің маңызды көзіне айналады.

Тағы бір ірі ойыншы – EMA Ltd компаниясы. Ол Семейде ағаш өңдеу кәсіпорны ретінде жұмыс істеп, ағаш материалдары мен құрылыс бұйымдарын шығарады. Қазір компания қуатын кеңейтіп, ағашты терең өңдейтін жаңа желілер мен заманауи кептіру технологияларын енгізіп жатыр.
EMA Ltd өнімі ішкі нарыққа бағытталған және қазақстандық қамту үлесін ұлғайту бағдарламасын орындауға арналған. Жобаның іске асуы ондаған жаңа жұмыс орнын ашып, құрылыс секторы үшін жеткізу тізбегін жергіліктендіруге мүмкіндік береді.
«Шығыс шпал өндіру зауыты» да маңыды орын саналады. Ол «Самұрық-Қазына» қорының отандық тауар өндірушілер тізіліміне енген. Зауыт теміржол құрылысы үшін шпалдар мен сіңдірілген ағаш материалдарын шығарады. Индустриялық аймақ аясында кәсіпорынды кеңейту, қуатын жаңғырту және жаңа сіңдіру технологияларын енгізу қарастырылып отыр.
Жаңасемейдегі ет кластері
Ет өңдеу саласының дамуына ерекше көңіл бөлінуде. Жаңасемейде «ARAI-EAST FOOD» кәсіпорны жұмыс істейді. Ол 80-нен астам өнім түрін, соның ішінде «Халал» стандартына сай пісірілген және ысталған шұжықтарды шығарады. Мұнда 3 цех пен заманауи қаптама желісі бар, ал жылдық қуаты 1 800 тоннаға жетеді.
Сонымен қатар жаңа етті терең өңдеу кешені салынып жатыр. Оның іске қосылуы 2026 жылға жоспарланған. Жаңа зауыт тәулігіне 35 тоннаға дейін өнім өңдей алады және толық циклді қамтамасыз етеді: ет, шұжық, консервілер мен жартылай фабрикаттар. Жоба толық қуатына шыққанда шамамен 1 000 жұмыс орны ашылады және ол Абай облысындағы ең ірі өндірістердің біріне айналады.

Жеңіл өнеркәсіп
Семей жеңіл өнеркәсіп нарығында да маңызды ойыншы болып қала береді. 2023 жылы «Семей» тігін фабрикасы іске қосылды. Ол арнайы киімдер мен формалар шығарады. Жылдық өндіріс көлемі 140 000 бұйымнан асады, ал фабрикада 100-ден астам адам еңбек етеді. Кәсіпорын тегін тігінші оқыту курстарын өткізіп, түлектерге жұмыс орындарын кепілдейді.
Елеулі орынға «Семспецодежда» компаниясы ие. Ол өнеркәсіп, энергетика және құрылыс салаларына арналған арнайы киімдер мен жеке қорғаныс құралдарының кең ауқымын шығарады. Өндірістік қуаты жылына ондаған мың жиынтық тігуге мүмкіндік береді. Мұнда жүздеген маман еңбек етеді, олардың басым бөлігі – әйелдер. Бұл фабриканы аймақтағы әлеуметтік маңызы бар жұмыспен қамту орталықтарының біріне айналдырады. «Семспецодежда» заманауи материалдарды енгізіп, өнім сапасын бәсекеге қабілетті деңгейде ұстап тұр.
Қалада сонымен қатар аяқ киім фабрикасы, былғары-мех өндірісі және тоқыма бұйымдарына маманданған «Юнис» компаниясы жұмысын жалғастырып жатыр. Мұның бәрі Семейдің жергілікті жеңіл өнеркәсіп нарығын қалыптастырып, қаланың индустриялық бейнесін толықтырады.
Семей индустриялық мұраны заманауи жобалармен үйлестіріп отыр. Қорғаныс секторының құзыреттерін сақтау, «Өндіріс» индустриялық аймағын іске қосу, Жаңасемейде ет кластерін құру және жеңіл өнеркәсіпті дамыту қалаға Қазақстанның индустриялық саясатының маңызды элементі деген мәртебе берді.
