Степногорск индустриялық көшбасшылығын сақтап келеді: 2025 жылдың 9 айындағы көрсеткіштер
2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Степногорск қаласының кәсіпорындары 402,7 млрд теңге тауарлық өн өндірді. Бұл өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 74 млрд теңгеге көп.

Қала өңірдің жалпы өнеркәсіп әлеуетінің төрттен бір бөлігін иеленіп отыр: Ақмола облысы өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлеміндегі Степногорск үлесі 23%. Физикалық көлем индексінің шамалы төмендеуіне қарамастан, қаланың өнеркәсіп секторы тұрақтылығын және өсім әлеуетін сақтап отыр.
Өндіріс құрылымында өңдеу және тау-кен өнеркәсібі жетекші орын алады. Тау-кен саласына 90,5 млрд теңге, өңдеу секторына 283 млрд теңге, электрмен жабдықтауға 25,7 млрд теңге, сумен жабдықтауға 3,4 млрд теңге тиесілі. Жалпы өнеркәсіптік өндіріс индексі 92,8%, ал өңдеу секторының индексі 95,5 % деңгейінде қалыптасты. Бұл көрсеткіштер қаланың өндірістік қуаттары жаңару кезеңінен өтіп жатқанын және технологиялық қайта жарақтану жүріп жатқанын дәлелдейді.
2025 жылдың 9 айында өндірілген өнім көлемі де айтарлықтай. Атап айтқанда, 3 900 кг алтын, 12 300 т мойынтірек, 1 300 т уран, 9 400 т мыс концентраты, 2 100 т өсімдік қорғау құралдары, 144 800 т күкірт қышқылы, 423,4 млн кВт·сағ электр энергиясы, 520,4 мың Гкал жылу және 3,35 млн л этил спирті өндірілді.
Бұл деректер Степногорск қаласының өнеркәсібі көпсалалы сипатқа ие екенін және мұнда шикізатты терең өңдеу жүйелі түрде жүзеге асырылатынын көрсетеді.
Қаланың экономикалық дамуының негізгі қозғаушы күштері – Степногорск тау-химия комбинаты (СГХК), мойынтірек зауыты, «Аксу Technology» және «Казахалтын Technology» компаниялары, сондай-ақ қалалық ЖЭО.

СГХК-да гидрометаллургиялық зауытты қайта жаңғырту және өндірістік тізбектерді экологиялық қауіпсіз әрі тиімді ету бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр.
Подшипник зауыты механикалық өңдеуді автоматтандыру және сапаны цифрлық бақылау жүйелерін енгізу арқылы елдің машина жасау саласындағы жетекші орнын сақтап отыр. «Аксу Technology» компаниясы ұсақтау-сұрыптау кешенін жаңғыртудың екінші кезеңін жүзеге асырып, рудалық-галькалық ұсату құрылғысын орнатуда.
Ал «Казахалтын Technology» №2 қалдық қоймасының құрылысын жүргізіп жатыр. Степногорск ЖЭО-ның жаңғыртылуы энергия тиімділігін арттырып, өндіріс нысандарын тұрақты энергиямен қамтуға мүмкіндік берді.
Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 25,5 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге көп. Инвестициялардың физикалық көлем индексі 185,6 %-ға жетті. Өсімнің басты себебі – жеке сектордағы жобалардың белсенді жүзеге асырылуы және өндірістік инфрақұрылымның жаңартылуы.
Инвестициялар қаланың салық базасын кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын құруға және шағын кәсіпорындардың қатысуымен өндірістік тізбектерді дамытуға серпін берді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей: «Өңдеуші өнеркәсіптің дамуы – елдің экономикалық егемендігінің негізі. Бұл сала жаңа жұмыс орындарын ашып, ұлттық экономиканың тұрақты болашағын қалыптастырады». Мемлекет басшысының осы сөзі Степногорск тәжірибесіне толық сай келеді. Қала кәсіпорындары цифрлық технологияларды енгізіп, экологиялық стандарттарды күшейтіп, жоғары қосылған құны бар өнім шығару бағытын нығайтып келеді. Ірі зауыттардың айналасында жаңа серіктес кәсіпорындар мен сервистік ұйымдар құрылып, қаланың әлеуметтік тұрақтылығына да әсер етуде.
Индекстің 92,8 %-ға дейін төмендеуіне қарамастан, Степногорск өңірдегі ең тұрақты өнеркәсіптік орталықтардың бірі болып отыр. Инвестициялардың өсуі мен өндіріс көлемінің кеңеюі қаланың ұзақмерзімді дамуы үшін берік негіз қалыптастырды. 2026-2027 жылдары өңдеу өнеркәсібінің орташа жылдық өсімі 6-7 % деңгейінде болады деп жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде жұмыспен қамтуды арттырып, халық табысының өсуіне және қаланың өнеркәсіптік мәртебесін сақтауға ықпал етпек.
