Мазмұнға өту
Обложка сообщества Алматы қаласы

Абай философиясы әлемді мойындатты: Қазақстандық жоба Азияда үздік атанды

Қазақстандық жоғары білім беру жүйесі халықаралық деңгейде тағы бір маңызды жетістікке қол жеткізді. Almaty Management University әзірлеген Tolyq Adam білім беру бағдарламасы беделді Times Higher Education Awards Asia 2026 сыйлығының «Teaching and Learning Strategy of the Year» аталымында үздік деп танылды. Осылайша AlmaU Орталық Азия аумағында бұл марапатқа ие болған алғашқы университет атанды.

21 мамыр күні өткен салтанатты қабылдауда университет өкілдері бағдарламаның негізгі жетістіктерін таныстырып, оның халықаралық деңгейде мойындалуы Қазақстан үшін маңызды қадам екенін атап өтті. Times Higher Education агенттігі ұйымдастыратын бұл марапат әлемдегі жоғары білім беру саласындағы ең үздік бастамалар мен инновациялық жобаларды анықтайтын беделді сыйлықтардың бірі саналады. Іс-шараны AlmaU президенті Асылбек Кожахметов ашып, университеттің қалыптасу тарихына тоқталды. Оның айтуынша, оқу орны шағын менеджмент мектебінен халықаралық қауымдастық мойындаған заманауи университетке дейінгі үлкен даму жолынан өткен.

Кездесу барысында Қазақстандағы жоғары білім беру саласының жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелері де сөз болды. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан қазіргі таңда мемлекет тарапынан университеттердің халықаралық деңгейде дамуына ерекше көңіл бөлініп жатқанын айтты. Ал United Nations Global Compact ұйымының Орталық Азия бойынша атқарушы директоры әрі AlmaU қамқоршылар кеңесінің мүшесі Динара Сейтжаппарова білім беру жүйесінде ұлттық мәдениет пен рухани құндылықтарды сақтаудың маңызын атап өтті.

Tolyq Adam бағдарламасының негізінде Абай Құнанбайұлы ұсынған «Толық адам» философиясы жатыр. Бағдарлама студенттердің тек кәсіби емес, тұлғалық дамуына да бағытталған. Сегіз курстан тұратын жоба жыл сайын мыңнан астам студентті қамтып, олардың әлеуметтік жауапкершілігін, көшбасшылық қабілетін және шығармашылық ойлауын дамытуға мүмкіндік береді. Бағдарлама аясында студенттер үкіметтік емес ұйымдармен, бизнес құрылымдармен және білім беру мекемелерімен бірлесіп ондаған әлеуметтік және экологиялық жобаларды жүзеге асырған. Университет өкілдерінің айтуынша, бұл бастамалар жастардың қоғамдағы өз рөлін түсінуіне және нақты мәселелерді шешуге белсенді араласуына ықпал етеді.

Салтанатты кеште қазақ мифологиясын зерттеуші әрі жазушы Зира Наурызбай қатысқан панельдік пікірталас ұйымдастырылып, ұлттық дүниетаным мен заманауи білім беру арасындағы байланыс талқыланды. Іс-шара соңында академиялық және қоғамдық белсенділігімен ерекшеленген талапкерлерге арнайы білім гранттары табысталды. Бұл бастама жастарды сапалы білім алуға ынталандырып, олардың болашақтағы кәсіби дамуына қолдау көрсетуге бағытталғаны айтылды.

Осы тақырып бойынша

Абай философиясы әлемді мойындатты: Қазақстандық жоба Азияда үздік атанды - Yvision.kz