Мазмұнға өту
Обложка сообщества Алматы қаласы

«Өтелмеген парыз»: Ауғанстан ақиқатын ашқан әсерлі туынды

15 мамыр күні Алматы қаласындағы Біріккен Ұлттар Ұйымы ғимаратында Sayahat Time командасы түсірген «Өтелмеген парыз» деректі фильмінің тұсаукесері өтті. Фильм авторлары – режиссер әрі фотограф Ернар Алмабек пен журналист Жазира Байдалы. Кездесу барысында спикерлер фильмнің түсірілу барысы, Қазақстанның Ауғанстандағы гуманитарлық миссиясы және сапардан алған әсерлері туралы кеңінен әңгімеледі.

  Sayahat Time – 2018 жылдан бері қазақ тілінде танымдық контент ұсынып келе жатқан YouTube жобасы. Жоба авторлары Ернар Алмабек пен Жазира Байдалы Қазақстанның өңірлері мен шетел мемлекеттерін аралап, саяхат, мәдениет және түрлі халықтардың тыныс-тіршілігі жайлы сапалы контент жасап келеді. Бүгінде арнада 82 влог жарияланып, жалпы қаралым саны 11 миллионға жуықтаған. Жобаның негізгі мақсаты – Қазақстанның туристік әлеуетін таныту, ел табиғаты мен тарихи орындарын кеңінен насихаттау, сондай-ақ халықаралық сапарлар арқылы көрерменнің дүниетанымын кеңейту.

  2025 жылдың қараша айында Sayahat Time командасы Қазақстанның гуманитарлық миссиясы құрамында Ауғанстанға барып, осы сапар аясында «Өтелмеген парыз» деректі фильмін түсірді. Фильмде Қазақстанның гуманитарлық көмегі мен Ауғанстан халқының қазіргі өмірі баяндалады. Тұсаукесер барысында Қазақстан Республикасының Ауғанстандағы Елшілігінің кеңесшісі Айят Елеусінов Қазақстанның гуманитарлық көмегінің негізгі бағыттарына тоқталды. Оның айтуынша, азық-түлік, медицина, энергетика және өзге де маңызды салалар бойынша көмек тұрақты түрде көрсетіліп келеді. Әсіресе азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізу мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Сонымен қатар Айят Елеусінов Ауғанстанға әртүрлі мамандықтағы он қазақстандық дәрігер жіберілгенін атап өтті. Бұл Қазақстан үшін алғашқы осындай тәжірибе болған. Болашақта Кабул қаласында «Қазақстан медицинасы күндерін» өткізу жоспарланып отырғанын, ал еліміздің Денсаулық сақтау министрі бұл бастамаға қолдау білдіргенін жеткізді.

Фильм авторы Ернар Алмабектің айтуынша, бұл оның Ауғанстанға үшінші сапары болғанымен, дәл осы жолғы сапар ерекше жауапкершілікпен есте қалған. Себебі түсірілім тобы елдегі күрделі жағдайға байланысты күшейтілген күзетпен жүрген.Ернар Алмабек сондай-ақ қазақ және ауған халықтарының менталитетіндегі ұқсастықтарға назар аударды. Оның сөзінше, екі халыққа да үлкенге құрмет пен қонақжайлық тән. Сонымен бірге ол Ауғанстанда қазақстандық өнімдердің, әсіресе ұн мен майдың жоғары бағаланатынын айтты. Жергілікті тұрғындар қазақстандық ұннан жасалған өнімдердің сапасын ерекше жоғары бағалайды.

  Фильм атауының мәніне тоқталған авторлар XX ғасырда тарихи қиындықтарға байланысты шетел асқан қазақтардың бір бөлігі Ауғанстаннан пана тапқанын еске салды. Сондықтан қазіргі Қазақстанның гуманитарлық көмегі – сол тарихи қолдауға көрсетілген құрмет пен өтелмеген парыздың өтеуі ретінде қарастырылады. Жазира Байдалы да сапардан алған әсерімен бөлісіп, Ауғанстанда өзін еркін сезінгенін және қарапайым адам бақытының қадірін терең түсінгенін айтты.

  «Өтелмеген парыз» деректі фильмі – тек гуманитарлық миссия туралы жоба емес. Бұл туынды адамгершілік, тарихи жады, халықтар арасындағы рухани байланыс пен өзара көмек құндылықтарын кеңінен насихаттайтын маңызды медиа еңбекке айналды.

Осы тақырып бойынша