Мазмұнға өту
Обложка сообщества Абай өңірінің негізгі жаңалықтары

Абай облыстық мәслихатының кезектен тыс сессиясы: әлеуметтік қолдау мен көлік инфрақұрылымын дамыту шешімдері қабылданды

Абай облыстық мәслихатының кезектен тыс отыз бірінші сессиясында денсаулық сақтау мен жолаушылар көлігі саласындағы маңызды мәселелер талқыланды, деп хабарлайды Yvision.kz Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сессияға облыс әкімі Берік Уәли, мәслихат төрағасы Шалқар Байбеков, депутаттар және басқарма басшылары қатысты.

Тегін дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдар

Күн тәртібіндегі басты мәселе — амбулаториялық емдеу кезінде азаматтардың жекелеген санаттарына тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне өзгерістер енгізу болды. Бұл ретте тұрғындарға қосымша дәрілік заттар, арнайы емдік өнімдер мен медициналық бұйымдарды тегін беру қарастырылған.

Сондай-ақ облыс бойынша тексеру комиссиясының ережесіне өзгерістер енгізу туралы шешім қабылданды.

Облыс әкімі Берік Уәлидің айтуынша, бұл бастама — әлеуметтік әділеттіліктің және мемлекеттің қамқорлығының нақты көрінісі.

«Азаматтарымызға амбулаториялық емдеу кезінде қосымша дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды тегін беру – бұл әлеуметтік әділеттіліктің және мемлекет қамқорлығының айқын көрінісі. Денсаулық сақтау басқармасы осы бағыттағы жұмыстарды тиімді әрі ашық ұйымдастыруы қажет», – деді өңір басшысы.

Жолаушылар көлігін дамытуға жаңа бағдар

Сессияда 2025–2030 жылдарға арналған Абай облысының жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасы да бекітілді. Құжат өңірдің инфрақұрылымдық әлеуетін арттырып, тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы қатынауын қамтамасыз етуге бағытталған.

«Тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы қатынауын қамтамасыз ету – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Бұл бағытта аудан, қала әкімдері нақты жобаларды жүзеге асыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізуі керек», – деп атап өтті Берік Уәли.

Депутаттық сауалдар мен өзекті мәселелер

Сондай-ақ жиын барысында депутаттар денсаулық сақтау, жол инфрақұрылымы және көлік қатынасына байланысты депутаттық сауалдар жолдады.

Фото: Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

0
0
355

Осы тақырып бойынша

Абай облыстық мәслихатының кезектен тыс сессиясы: әлеуметтік қолдау мен көлік инфрақұрылымын дамыту шешімдері қабылданды - Yvision.kz