Адам көркі — шүберек #4: Әйгерім Мұсаева

Бүгінгі сән айдарының қонағы киімінде, келбетінде үлкен өзгерістер енгізуден қорықпайтын, әрдайым қызықты эксперименттен қашпайтын және әрқашан көңілді болып жүретін алматылық ару қыз - Әйгерім. Жасы - 21де. Әйгерім ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітірген. Қазір "Хит-тв" арнасының журналисі. "Headliner", "Арнайы репортаж" атты бағдарламаларды даярлайды.
Мен өзімді заманауи қыз деп санаймын. Әрқашан сән қумасам да, өзіме жарасатын киім киюге тырысамын. Маған көзге бірден ілігетін, қарапайым емес киімдер ұнайды. Киім киісіме қарай образ жасап, бірде қарапайым қыз, бірде мінезді қыз бола аламын. Бір қалыптылық ұнамайды, өзгеріп жүргенді ұнатамын. Биік өкшелерді жақсы көремін. Киім киюде де, өмірде де батыл шешімдер қабылдаймын. Тым қысқа белдемшеден, етегі жерге тиетін белдемшеге дейін кие аламын. Киім сөресінде әр түрлі стильдегі киімдерді таба аласыздар.

Әйгерімнің кигені:

Үстімдегі пиджак - Banana Republic бренді. Бірнеше жыл бұрын Америкада болған кезімде жеңілдікпен сатып алғанмын. 80%-дық жеңілдікпен $100-ға шыққан. Өзіме тар болса да соңғысын алып кеттім. Кейіннен арықтаймын деп ойлағанмын (күліп). Мақтадан жасалған, өте ыңғайлы, күз бен жаздың ортасында киюге арналған.

Джинсы шалбардың бренді белгісіз, Түркияда жасалған. 7-сыныпта анам сыйға тартқан, өте ескі заттарымның бірі. Қазірде 9 жыл болыпты, оған қарамастан әлі де сапасы өте жақсы. Жырық-жырық джинсыды өте жақсы көремін. Кез келген киіммен жарасып кете береді. Биік өкшелі туфлимен болсын, кроссовкимен болсын - бәрімен де ыңғайлы, үйлесімді көрінеді.

Үстімдегі көйлек (блузка) қазірде Алматыда көп қыздарда бар шығар (күліп). Жағасындағы бұдырлар (шипы) қазір сәнде. Бұны мен интернеттегі онлайн дүкендерінің бірінен алдым. Ол да өте ыңғайлы, бірақ бір кемшілігі - матасы тым жұқа. Бағасы - 3500 тг.

Алқамды жақында ғана Вконтакте желісіндегі Қытайдан тапсырыстармен айналысатын Айдана деген қыздан алдым. Парақшасы "Шоу-рум Алматы" деп аталады. Байқауымша, ол қызда әшекейлер басқаларына қарағанда өте арзан. Бағасы - 3500тг.

Көзілдірігім - Mango. Оны да 70%-дық жеңілдікпен алғанмын. Көп заттарым қарап отырсам, жеңілдікпен бұйырып келеді. Бағасы - 1500 тг.

Сөмкені достарым туған күніме сыйлаған. Ең сүйікті сөмкем. Оны бауын иыққа тағып ұстаса да, жай ғана қолға ұстаса да болады.

Туфли мен білезікті де екі жыл бұрын Америкадан сатып алғанмын. Тағы да жеңілдікпен. Туфли Guess-тікі. Бағасы шамамен - 100$. Ал білезік - H&M. Алтын жалатылған әшекейлерді аса ұнатпаймын. Мына білезік сондайдан жалғыз ғана.

Киімді қай жерден сатып аламын
Алматыда киімді сауда орталықтарынан сатып аламын. Базардан да киім ала беремін. Маған үнемі өзіммен бірге ақша ұстап жүрген ұнайды. Өйткені көшеден бір киім көріп, ұнатып қалсам, оны алмай кетсем қатты өкінемін. Тағы да бір қырым, бір дүкендерде ұнатқан затым тым қымбат болып тұрса, шыдамдылық танытып жеңілдіктер күтемін. Апта сайын барып тексеріп кетемін де, жеңілдік басталды деген кезде, бірден барып алып кетемін. Сүйікті брендтерім - Mango, Kira Plastinina, Zara, Bershka, New Yorker. Осындай масс-маркетке жататын дүкендерде жиі сауда жасаймын.
Сапасын айтатын болсақ, әрине, тым арзан заттар бір жуғаннан кейін ескіріп кетеді. Бірақ бұл дүкендерден де, аралап, іздеп жүріп жақсы заттар алуға болады. Сондай-ақ өз киімдерімді мен ешқашан кіржуғышқа сеніп салмаймын. Тек қана өз қолыммен жуамын, күтіп ұстаймын.
Онлайн-дүкендерге де жиі тапсырыс беріп тұрамын. Меніңше, ол өте тиімді. Осыған дейін сапа жағынан да қуантып келе жатыр. Өлшемдерім де әрдайым дұрыс келіп жатады. Дұрыс келмеген жағдайда қайтарып беруге құқылымын. Сондықтан ол жағынан қорықпай тапсырыс беруге болады.
Сұхбаттасқан: Айжан Кәрібаева
Фото: Әлия Сембай
_________________________________________________________________________
Адам көркі — шүберек #1: Гаухар Very Berry
