Мазмұнға өту
Обложка сообщества Екпiн

Алматыда екінші рет Әлемдік Қуыршақтар Карнавалы өтеді

Биылғы күз алматылықтарға Халықаралық Цирк Фестивалінен кейін тағы бір мейрам сыйлады. Әлемдік Қуыршақтар Карнавалы биыл екінші рет өткізіліп жатыр, шараға Румыния, Израиль, Франция, Түркия, Индонезия, Венесуэла, Ресей, Литва, АҚШ, Испания, Жапония сынды әлемнің 28 елінен қуыршақтар мен әртістер жиналып отыр. Балалар мен үлкендерге бірдей қуаныш әкелген Әлемдік Қуыршақтар Карнавалының ашылу салтанатына «Екпін» журналистері барып қайтқан еді.


Бұл жылы үлкендер мен кішкентайлар бір апта бойы 28 елдің 33 қойылымы мен көше шерулерін Ғ.Мүсірепов, АRТиШОК театрларының алаңында, консерваторияның Үлкен залында, Алмалы ОСО-да, Орталық мәдениет және демалыс саябағының алаңынан тамашалай алады.

Екінші Әлемдік Қуыршақтар Карнавалында бірнеше әлемдік фестивальдердің жеңімпаздары атанған: «Капричио двойной со сливками» (Ресей), «Холстомер» (Белорусия), «Недотепа из Вертепа» (Украина) мен «Любовь к трем апельсинам» (Болгария) қойылымдары сахналанады. Сондай-ақ «тірі қойылымдардан» бөлек Т.Жүргенов атындағы Академияда күнделікті видео бағдарламаларды тамашалап, Оқушылар сарайынан қуыршақтар көрмесін көру мүмкіндігі бар.

Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының әртістері:

- Биыл екінші рет өтіп жатқан Әлемдік Қуыршақтар Карнавалына екі жыл қатарынан қатысып келеміз. Балаларға шат-күлкі сыйлап, көңілдерін көтеретін осындай қызықты мамандықта қызмет етіп келе жатқанымызға 25 жыл болды.

Джими Каар, Индонезия:

- Мен негізі музыкантпын. Бүкіл әлем елдерін шарлап жүріп, қойылымдарымды қоямын. Алматыға бірінші рет келуім. Өте ұнап жатыр. Әсіресе адамдары өте мейірімді екен. Қуыршақтар Карнавалына қатысып жатқаныма өте қуаныштымын.

Эвангелия, Греция:

- Мен заманауи өнердің бірі - адамға аудио-визуалды әсер ететін перфоманс қойылымдарын қоямын. Мына қарт әйелдің есімі Лимония. Ол адамдарға жақсылық сыйлайтын адам. Лимония жайында толығырақ білгіңіз келсе, біздің қойылым 25 қыркүйек күні ARTиШок театрында болады.

Хардрис Мароу, АҚШ:

- Менің қолымдағы абстракция-құс. Өзімнің жұмысым - осындай батпырауықтарды аспанға ұшыру. Оларды көкте қалықтата отырып, неше түрлі қойылымдар қоямын. АҚШ-тың Колорадо штатында "Спартак" паркінде жұмыс істеймін. Алматыға бірінші рет келуім.

Арбаттағы шеруден кейін көрермендер мен қуыршақтар бірігіп, Ғ.Мүсірепов атындағы ҚМА балалар мен жасөспірімдер театрына қарай аяңдады. Олар тек өздерінің көңілін көтеріп қоймай, жолда кездескен басқа адамдарды да таң қалдырумен болды.

Кейін карнавал театр алдындағы алаңға көшті. Бұл жерде карнавалдың салтанатты ашылуы мен ұйымдастырушылар дайындаған концерт өтті.

23-30 қыркүйек аралығында өтетін 2-ші Әлемдік Қуыршақтар Карнавалының бағдарламасы.

Билет: Ғ.Мүсірепов, ARTиШок театрларының және Меломан дүкендер жүйесі мен Арбаттағы кассалардан сатып алуға болады.

Анықтама телефондары: +7 (727) 390-47-74

Материалды дайындаған: Айжан Кәрібаева,

Айнұр Ракишева

6
2
1670

Осы тақырып бойынша

Алматыда екінші рет Әлемдік Қуыршақтар Карнавалы өтеді - Yvision.kz