Айсұлудың сурет әлемі

Астаналық Айсұлу Сапарова қазір 22 жаста, мамандығы заңгер. Мамандығы бойынша жұмыс жасаумен қатар, бос уақытында сурет салады. Әлеуметтік желілерден Айсұлу суреттеріне кезіккен біз жас таланттан сұхбат алуды жөн көрдік.

Кішкентайымнан сурет салумен әуестенемін. Негізінен кішкентай балалар сурет салғанды ұнатады ғой. Бірақ көбі үлкейе келе сурет салуды тастап кетсе, мен әлі күнге дейін тастаған жоқпын.

Отбасымызда суретшілер жоқ. Алайда анамның мамандығы бейнелеу өнерімен байланысты болмаса да, суретті жақсы салады. Өзім ешқашан Пикассо, Леонарды сынды танымал суретшілерді көріп, суретші болуды арман еткен емеспін, менің суретші болуыма әсер еткен бірден бір адам — ол менің анам.

Өзім кәсіби суретші болмасам да, сурет салу менің кәсіби хоббиім деп айтар едім. Өйткені суретші болу үшін, менің ойымша, белгілі бір деңгейге жетіп, өсу үшін оқу қажет болғанымен, Алла тағала маңдайыңа сурет салуды жазбаған болса, мың жерден жоғарғы білім алуыңның еш пайдасы болмайды...


Сурет салатын адам ретінде мен үшін сурет салу барысында көңіл-күйімнің жақсы болуы мен қолымда жақсы ұшталған қарындашымның болуы өте маңызды. Табиғатты, не ғимараттарды салғаннан гөрі адамдарды, мульт-бөпелерді, қуыршақ қыздарды, сондай-ақ ойыншық аю, мысық, қоян секілді жан-жануарларды салғанды ерекше ұнатамын.

Достарым суреттерімді көріп, ең сүйікті туыңдың қайсысы деп сұрап жатады. Бірақ менде ондай туынды жоқ. Яғни, ешқайсысын бөліп-жармаймын. Өзімнің жан дүниемнен шығып, қағаз бетіне түсірген әрбір суретім менің сүйікті туындым. Егер суретті салып болғаннан кейін ол көңілімнен шықпаса, жыртып тастаймын. Ал көңілімнен шықса, ол сүйікті туындыларымның қатарынан орын алады. Бастысы, суретші болу үшін де, жалпы қандай іспен айналыссаң да, адамға біріншіден сабырлық пен шыдамдылық қажет. Бәрі бірден бола бермейтінін түсінген абзал.

Көбіне адамдар жұмыс істеп жүріп хоббиін ұмытып, не тастап кетіп жатады. Ал мен жұмысымның жөні бір бөлек болғанымен, сурет салуға да аса назар аударамын. Суреттерімді негізінен жұмыстан келген соң, кешке қарай қолым босағанда саламын. Мысалы, жауып тұрған жаңбыр, не әйнектің арғы жағындағы жапалақтап тұрған қардан, сол сияқты әсерлі кинодан әсер алып сурет салуға отырмаймын. Өйткені менің суреттерім менің ойымда пайда болады. Ойыма келген бейнені қағаз бетіне түсіремін. Кейде ойымдағыдай емес, басқаша болып шығады... Бірақ ол кемшілік емес, керісінше ерекшелік деп есептеймін.

«Жылауық қыздар» сериясы менің сол суретті салып отырғандағы көңіл-күйімді бейнелемейді. Мен көтеріңкі көңіл-күйде бола тұра, көңілсіз суреттер салуым мүмкін.







Кішкентай сіңілілерім маған келіп, «Сурет салып берші» деп сұрайды. Сол кезде мульт-бөпелерді салып беремін. Көбінесе мульт-суреттерімді сол балапандарыма арнаймын. Олардың бір-бірімен «Нау (мынау ) менікі, анау менікі» деп бал тілдерімен былдырлап сөйлескенде өзімді бақытты сезінемін.


Сурттерден байқаған «Ice» деген таңба менің атымның алғашқы үш әрібі, әрі өзімнің жеке белгім. Нешетүрлі суреттер салғаныммен, оларда ешқандай астарлы мән жоқ. Көрген адамды тұңғиық ойға шомып жіберетін суреттерді көп сала бермеймін. Еңбектерім көбіне сүйкімді, ашық, нәзік болғандықтан, адамдардың жүздеріне әдемі жымый сыйлайды деп ойлаймын.

Көрме дейсіз бе? Жалпы сурет салатын әрбір адамның арманында көрме өткізу болатын шығар. Есімде, бір кездері әкем екеуіміз сондай көрме өткізу туралы әңгімелескен болатынбыз. Бірақ қазірше, ол тек қана арман болып қалуда...
Сұхбаттасқан: Айнұр Ракишева
