Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің «Ақтұмар» тарихи-этнографиялық музейі
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің «Ақтұмар» тарихи-этнографиялық музейі 2004 жылдың 26 қазанында университеттің 60 жылдық мерейтойында ресми түрде ашылған. Музей меңгерушісі — «Үздік мәдениет қызметкері» белгісінің иегері Сәуле Мерекеева.

Экспозицияда университет тарихы 10-жылдықтарға бөлініп, оның 60 жылдық тарихы баяндалады. Мысалы, 1944 жылдың 15 тамызында қабылданған Халық Комиссарлар Кеңесінің № 457 қаулысы — қазақ қыздарының оқып білім алуына жол ашқан құнды мұрағат бар.
Жалпы экспозиция 6 бөлімнен тұрады.








Алғашқы экспозиция түркі халықтарының мақтанышына айналған Күлтегін ескерткішіндегі әке-шеше құдіретін дәріптеген жазулармен ашылып, әрі қарай «Аналар ұлағаты — елге аманат» атты тақырыппен жалғасады.
Институттың ашылуына ерекше еңбек еткен Ж.Шаяхметов, Н.Оңдасынов, институттың бірінші басшысы Қ.Оспанов, бірінші ректоры Т.Мырзабековалар жайлы мағлұматтар тарихи-деректі құжаттармен жалғасады.











Институттың алғашқы түлектері т.ғ.к. Б.Ысқақова, академик Ү.Сұбханбердина, Социалистік Еңбек Ерлері Р.Махатова, Р.Нұртазина, К.Құнантаева сынды түлектердің сынақ кітапшалары мен мінездемелері қойылған.
Сондай-ақ мұражайда «Әйел әлемі» атты этнографиялық композиция қойылған. Ол бес бөлімнен тұрады:
1. Кішкентай қыз бала. Көйлегі қызыл атлас, кестелі қамзолына тана, моншақ қапсырмалар тағылған. Көз тимеу мақсатында тақиясына үкі қадалған. Жанына ортеке, шіңкілдек, тұяқ тас, сақпан сз аспаптары қойылған.

2. Бойжеткен қыз. Бойжеткен қыз киімінің негізгі айғағы — оның қос етек бүрмелі көйлегі. Шашына кестелі шашқап кигізілген. Ал жасауы құрақ көрпе, шілтерлі, кестелі орамалдармен безендірілген.
3. Қалыңдық. Қалыңдық киімінің негізгі айғағы — сәукелесі. Музейдегі сәукеле — құйма төбелі сәукеле. Тұтастай мельхиордан құйылып, асыл тастармен безендірілген.
4. Әже бейнесі. Киімнің салтанатты бөлігі — күндік пен зерлі кимешек. Әже қасында бесік қойылған. Әже бұйымдарынан саба, келі, күмістелген кепсер, ожау, астау қойылған.
5. Жауынгер қыз. Басында дулыға, тері сауыт, жеңсек пен тізелік киген жауынгер қыз садақ тартып, бес қаруын асынған.

«Әйел әлемі» атты этнографиялық коллекцияны жүзеге асырған Дәркембай Шоқпарұлы және оның әулеті.




















Мұражай дүйсенбі — жұма күндері сағат 10.00-нан 17.00-ге дейін, ал сенбі күні 10.00-14.00-ге дейін жұмыс істейді.
Кіру тегін.
Материалды дайындаған: Айжан Кәрібаева
Фото автордікі
