Батыс өңіріне сапар жалғасуда
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясының республикалық штабының мүшесі Имашева Снежанна Валерьевна өңірге сапары барысында конституциялық өзгерістер мен толықтырулар енгізуге байланысты "Медициналық орталық" ЖШС дәрігерлерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында мекеме қызметкерлерін алдағы өткелі тұрған референдумға қатысуға шақырды.

- Референдумның мақсаты саяси, құқықтық жүйемізді жетілдіру, конституциялық реформа жасау. Конституциялық реформа ел дамуының жаңа кезеңі басталғанын көрсетеді. Конституциядағы 98 баптың 33-і өзгертілмек.

Нақтылап айтсақ, Мәжіліс пен облыстық мәслихаттардың депутаттарын сайлаудың аралас мажоритарлы-пропорционалды моделі енгізіледі. Мәслихаттардың ықпалы артады Бұл қадам сайлаушылардың көзқарастары мен пікірлерін барынша толық қамтуға мүмкіндік береді.

Аудандық және қалалық мәслихаттардың депутаттарын сайлаудың мажоритарлық жүйесінің толықтай енгізілуі өңірлердің тыныс-тіршілігіне азаматтардың ықпал ету мүмкіндігін арттыруға жол ашады.

Конституцияның жаңарған нұсқасында Мемлекет басшысының жақын туыстарына саяси лауазым иеленуге және квазимемлекеттік секторда басшылық қызмет атқаруға тыйым салынады. Сондай-ақ құқық қорғау саласы бойынша маңызды өзгерістер енгізіледі. Атап айтсақ, Конституциялық сот құрылады. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, яғни омбудсменнің мәртебесі Ата заңмен айқындалады. Елімізде өлім жазасы мүлде жойылады. Мұның бәрі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін жасалып жатыр.

Жердің және табиғи ресурстардың иесі халық деген норманы Конституцияда біржола бекітудің саяси мәні зор болмақ және болашақта бұл мәселені әртүрлі түсіндіруге жол берілмеуі керек. Осыған байланысты, Негізгі заңның 6-бабын мынадай редакцияда беру ұсынылады: «Жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер және жануарлар әлемі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Осындай тарихи өзгеріс жасауға әр қазақстандықтың қатысуы маңызды, - деп сөз бастады Снежанна Имашева.

Өз кезегінде мекеме басшысы Азамат Рафхатұлы өңірімізге келген депутатқа түсіндіру жұмыстарын жүргізгені үшін алғысын білдіріп, азаматтық борышты орындап, алдағы референдумға мекеме қызметкерлері болып толық қатысатындықтарын жеткізді.
#referendumAMANAT
