Біржан сал ауданында атқарылған жұмыс та, алға қойған мақсат та ауқымды
Бүгін Ақмола облысындағы Біржан сал ауданының әкімі Достанбек Есжанов бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арнап дәстүрлі брифинг өткізді. Журналистермен кездесуде ол өзі басқаратын ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы әңгімеледі.

Еліміздегі тұрғындар үшін биылғы көктемнің оңай тимегені белгілі. Республиканың басым бөлігін су басып қалып, халық қатты әбігерге түсті. Бұл зобалаң Ақмола облысын да айналып өткен жоқ. Ең алдымен осы жағдайға тоқталған әкім ел басына күн туған сол кезеңдерде жергілікті биліктің қандай іс-әрекет жасағанын айтып өтті.
«Кезең барысында тіршілікті қамтамасыз ететін барлық нысандар және қызметтер штаттық режимде жұмыс істеп тұрды. Кеңащы, Еңбекшілдер, Көдебас, Яблоновка, Құдықағаш ауылдарының тұрғын үйлерін су басу қаупі жоғары болғанымен, жедел шаралар қабылдау нәтижесінде үйлерді су басу фактілері тіркелмеген. Сонымен қатар Көдебас, Кеңащы, Еңбекшілдер және Бірсуат ауылдарындағы бөгеттерді су шайып кетіп, оларды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде», – деді Достанбек Есжанов.
Оның айтуынша, аудан бойынша төрт жол учаскесін су шайып кеткен. Олар – аудандық маңызы бар Краснофлот, Көдебас, Құдықағаш және Мақпал ауылдарына апаратын жолдар. Краснофлот жолы қалпына кетірілген. Көдебас, Мақпал, Құдықағаш ауылдарына балама жол қатынасы бар екен. Қазір бүлінген учаскелерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Биыл ерекше болған су тасқынына қатысты жағдай – осы. Бұдан кейін аудан басшысы Ұлытау және Ақмола өңірлерін қыста шарпыған жұттың Біржан сал жұртын да айналып өтпегенін жеткізді.
«Қолайсыз ауа райының салдарынан жылқы малы жайылымға шыға алмай, мал шығыны орын алды. Жалпы аудан бойынша 1 162 жағдай тіркелді, оның ішінде 853-і идентификацияланған», – деді әкім.
Ал енді экономикалық даму жағына келсек, аталған ауданда 3 ірі өнеркәсіп кәсіпорыны бар. Олар – «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясына қарасты «Семізбай-U» ЖШС (жалпы жұмысшылар саны -381, оның ішінде ауданнан -111), «Өркен» ЖШС «Өркен-Атансор» өкілдігі (жалпы жұмысшылар саны -322, оның ішінде ауданнан -165) және «Көкше-Цемент» өндірістік бірлестігі (жалпы жұмысшылар саны -484, оның ішінде ауданнан -154).
Кәсіпорындар 2024 жылдың есептік кезеңінде 12 млрд теңге көлемінде өнім өндірген.
Достанбек Есжановтың айтуынша, Біржан сал ауданында 870 шағын және орта бизнес субъектілері шаруаларын дөңгелетіп отыр. Олардың 293-і – шаруа қожалықтары, 437-сі – дербес кәсіпкер, 140-ы – кіші және орта кәсіпкерліктер.
«Әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өсуін болдырмау, сондай-ақ оларды тұрақтандыру мақсатында айына екі рет ауыл шарушалылығы тауарларының жәрмеңкелері ұйымдастырылады. Сондай-ақ Астана мен Қарағанды кәсіпкерлері өткен жылдан бастап ай сайын «Көшпенділер» жәрмеңкесін өткізуде. Жұмысшылар саны 3 670 адам болды», – деді аудан басшысы.
Ауданда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 4,5 млрд теңге болған. Оның ішінде 2,5 млрд. теңге – кәсіпорындардың жеке қаражаттары, 2 млрд теңге – бюджеттік салымдар.
Сонымен қатар Біржан сал өңіріндегі Жөкей көлінің аумағында туризм белсенді дамып жатыр. Мұнда 2021 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін 15 мыңнан астам турист демалыпты. Олардың саны жыл өткен сайын өсіп келе жатқанына байланысты Жөкей ауылында «Нұррай» демалыс орталығын ашу жоспарланған. 300 млн теңгеге бағаланып отырған жоба бойынша, жалпы аумағы 3 га жерге әрқайсысы 4 бөлмелі 5 қысқы нұсқадағы үй мен 5 жазғы нұсқадағы шатыр салынып, 10 адамға жұмыс орны ашылмақ.
Ауылдық жер болғандықтан, мұнда экономикалық дамудың қозғаушы күштерінің бірі және бірегейі aуыл шаруашылығы екені анық. Биыл одан өндірілген өнім көлемі 6 млрд 500 млн теңге болған. Өткен жылы ауданда 3 ет фермасы ашылыпты.
Аудан басшысы биыл 190 мың га алқапқа жаздық дақылдар себу жоспарланғанын, егістік жұмыстарын жүргізу үшін тұқым, жеңілдетілген бағадағы жанармай, минералды тыңайтқыштар толығымен бар екенін айтады.
«Өткен жылдары құрғақшылық болғанын және жем-шөп бағасының қымбаттап кеткенін ескеріп, биыл азықтық дақылдарға баса мән беріліп отыр. Халықты жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету үшін пайдаланылмайтын жерлерді қайтару жұмыстары жүргізілуде. Жалпы көлемі 51 000 га. 24 жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды», – деді Достанбек Есжанов.
Жыл басынан бері 393 тұрғынға 48 млн. теңгеден аса қаражатқа әлеуметтік көмек көрсетілген. Еңбекпен қамту орындарына 94 адам өтініш білдіріп, оның 53-і жұмысқа орналастырылыпты. Кезең соңында жұмыссыздар саны 143 адам болған. Ал тұрақты жұмыссыздық деңгейі – 1,8 %.
Аудандағы елді мекендер «Таза Қазақстан» экологиялық науқанына белсенді түрде қатысып жатыр. Акция аясында сенбіліктер өткізіліп, көшелер қоқыстан тазаланып, ағаштар әктеліп, көшеттер отырғызылды. Еріктілер мен жастардың қолдауымен Жөкей көлінің аумағы тазаланған. Жалпы, бұл жұмыстар тұрақты жүргізіліп келеді.
«Жыл сайын абаттандыру айларында полигондар жойылады. Дегенмен тұрғындар тазалаған жерге қоқыстарды тастап, қайтадан стихиялық полигондар пайда болады. Өткен жылы осы бағытта үлкен жұмыс атқарылып, жүргізілген «Космомониторинг» нәтижесі бойынша 24 полигон анықталып, оның 13-і жойылды. Ендігі кезекте қалған 11 полигонды жою керек. Ол жұмыс та қолға алынып, жүргізіліп жатыр», – деді әкім.
Қазір аудан орталығы – Степняк қаласында 21 пәтерлі тұрғын үй салынып жатыр. Жергілікті билік оның құрылысы биыл аяқталады деген ойда. Сондай-ақ «Қазпошта» бөлімшесінің бұрынғы ғимаратын жатақхана етіп қайта жасақтау үшін сатып алу жоспарланып отыр. Әлеуметтік нысандар да бірі салынып жатса, енді бірі жоспарда тұр. Кейбіріне күрделі жөндеу жүргізілуде. Жол жағдайы да жөнге келтіріліп жатыр.
Аудан басшысы денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт салаларында да атқарылып жатқан қыруар жұмыстарға тоқталды. Жалпы, әкімнің әңгімесін тыңдай отырып, атқарылған жұмыс пен алға қойған мақсаттың мол екеніне көз жеткіздік.
