Депутат Әбүтәліп Мүталі: жасырын тыңдау мен бақылау құрылғылары ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіріп отыр
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Әбүтәліп Мүталі Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиевке депутаттық сауал жолдап, Қазақстанда жасырын бақылау мен тыңшылыққа арналған техникалық құрылғылардың бақылаусыз таралуына алаңдаушылық білдірді.

Депутаттың айтуынша, бүгінде ел аумағында GPS-трекерлер, GSM маяктар, мини-камералар, дауыс жазғыштар мен басқа да электрондық тыңшылық құрылғылар интернет-дүкендер мен онлайн платформалар арқылы ешқандай лицензиясыз немесе сертификатсыз еркін сатылып жатыр.
Азаматтардың жеке өміріне тікелей қауіп
Әбүтәліп Мүталі мұндай құрылғылардың көмегімен кез келген азаматты заңсыз бақылауға болатынын атап өтті. Бұл Конституциямен қорғалатын жеке өмірге, жеке және отбасылық құпияға қол сұғумен тең.
«Жасырын ақпарат жинау бопсалау, қысым көрсету, корпоративтік тыңшылық және жеке деректердің заңсыз айналымы сияқты ауыр қылмыстарға жол ашады», – деп көрсетіледі сауалда.
Депутаттың дерегінше, банк картасы мен интернеті бар кез келген адам тыңшылық техникасын сатып ала алады. Ал Қылмыстық кодекстің 399-бабы мұндай құрылғыларды өндіруге, сатуға және пайдалануға тыйым салғанына қарамастан, олардың нарықтағы айналымы іс жүзінде бақылаудан тыс қалып отыр.
Тыңшылық құрылғылар ашық сатылып жатыр
Құқық қорғау органдары Алматы, Теміртау және басқа өңірлерде тұрмыстық затқа жасырылған мини-камералар, көзілдірік, қалам және флешка түріндегі тыңдау құрылғыларын тәркілеген. Кейбір сатушылар қылмыстық жауапкершілікке де тартылған. Алайда депутат бұл шаралар жүйелі сипат алмағанын, ал нарықтың кеңейіп бара жатқанын айтады.
Ерекше қауіп төндіретіні – сырттай қарағанда кәдімгі, заңды әрі кең таралған жаңа буын электрондық құрылғылардың өзінде жасырын бақылау функцияларының болуы.
Қытай көліктері мен шетелдік серверлер
Сауалда тағы бір маңызды мәселе көтерілген. Жаңа буындағы, әсіресе Қытайдан келетін заманауи автомобильдер шетелдік серверлер мен пайдаланушы аккаунттары арқылы жұмыс істейді. Бұл қазақстандықтардың қозғалыс маршруттары мен жеке деректерінің шетел юрисдикцияларында өңделуіне алып келуде.
«Қарапайым тілмен айтқанда, шетелдік компаниялар біздің азаматтарымыздың қайда жүргенін, қандай бағытта жүргенін, қалай пайдаланатынын бақылап, талдай алады», – деді депутат.
Тіпті кейбір көліктердің функциялары шетелден қашықтан шектелген немесе ажыратылған жағдайлар да тіркелген.
Халықаралық стандарттар не дейді?
Дамыған елдерде мұндай электроника «қатаң бақылаудағы тауарлар» санатына жатады. Оларға міндетті сертификаттау, лицензиялау және азаматтық құрылғылар мен арнайы тыңшылық техниканың ара-жігін нақты ажырату талап етіледі.
Бұл азаматтарды жасырын бақылаудан қорғайды және технологияның теріс мақсатта қолданылуына жол бермейді.
Үкіметтен талап етілген шаралар
Осыған байланысты депутат Әбүтәліп Мүталі Үкіметтен:
азаматтардың жеке өмірі мен отбасылық құпиясын қорғау тетіктерін күшейтуді;
жасырын бақылауға арналған құрылғыларды лицензиялау мен сертификаттауды енгізуді;
ІІМ, Цифрлық даму министрлігі және Бас прокуратура қатысатын бақылау жүйесін құруды;
Қазақстанда сатылатын жаңа буын автомобильдердің серверлері мен деректерін Қазақстан аумағында орналастыруды;
осы салаға кешенді құқықтық реттеу енгізуді талап етті.
Депутаттың пікірінше, бұл шараларсыз ел азаматтарының жеке өмірі цифрлық дәуірде толық қорғалмай қалады.
