Ең қомақты бюджет – 327,6 млрд теңге
Бүгін облыстық мәслихаттың кезектен тыс V сессиясы онлайн режімде өтті. Сессияға облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев қатысты.

Күн тәртібінде облыстық мәслихаттың 2021 жылғы 15 желтоқсандағы «2021-2023 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселе қаралды. Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Тілепберген Каюповтың баяндауынша, облыстық бюджет көлемі 41,1 млрд теңгеге ұлғайтылды. Оның ішінде 30,1 млрд теңге республикалық бюджет пен ҚР Ұлттық қоры есебінен нысаналы трансферттер мен несиелер есебінен болды. «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасының жол картасын іске асыруға бағытталатын шығыстар 21,2 млрд теңгені құрайды.

- Енгізілген өзгерістерді ескерсек, облыстық бюджет 327,6 млрд теңгені құрады. Бюджеттің негізгі бағыттары – облыс тұрғындарының өмір сүру сапасын көтеру, әлеуметтік қаматамасыз ету деңгейін қолдау, инфрақұрылымды дамыту. Бюджет нақтылануының ең үлкен бөлігі 12,2 млрд теңге ( 30,1%) көлік инфрақұырылымының басым жобаларын қаржыландыруға бағытталды. Атап айтқанда, облыстың аудандары мен Орал қаласынның аутокөлік жолдарының күрделі және орташа жөндеу, құрылыс және қайта құруға жұмсалады, - деді Т.Каюпов.

Инвестициялық жобаларды ескерумен әлеуметтік салаға 4,6 млрд теңге жолданды. Олардың ішінде Ақжайық, Бәйтерек аудандары мен Орал қаласында модульдік амбулатория және медициналық пункт ғимараттарын сатып алуға, медициналық құрал-жабдықтар мен санитарлық аутокөлік сатып алуға бағытталды. «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» аясында Теректі ауданының Федоровка ауылында емхана құрылысын бастауға қаражат бөлінді. Сонымен қатар «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Теректі, Казталов аудандарында 2 мектептің, Жаңақала, Жәнібек, Казталов, Қаратөбе, Бәйтерек аудандарында 6 мәдениет нысанын күрделі жөндеу қарастырылды. Одан басқа Казталов, Бөкей ордасы аудандарында 2 мектеп, Бөрлі ауданының Ақсай техникалық колледж ғимаратын күрделі жөндеуге қаржы бөлінді.

