Ертеңге деген сенім бүгіннен басталады
2023 жылдың 16 қарашасында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қордан балаларға ақша аудару туралы заңға қол қойды. Осылайша, үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы іске қосылды.
Бағдарлама аясында Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50%-ы қазақстандық әр баланың жинақтаушы шотына қаржы аударылады. Қаражат мөлшері 18 жасқа дейінгі балаға теңдей бөлінбек. Балалар кәмелетке толған соң, шоттағы жинақты білімге немесе баспана сатып алуға жұмсайды.
Фотоколлаж Azattyq Rýhy
2023 жылғы дерек бойынша, елімізде 18-ге толмаған бала саны 6,9 млн болған. Оларға $100,05 аударылған.
Астанада 442 502 бала бар. БЖЗҚ-ның мәліметінше, үстіміздегі жылы 18 346 баланың шотына 1 844 139 доллар түскен.
Бұл жобаның басты мақсаты – өскелең ұрпақты қолдап, оларға ұлттық жинақ есебінен тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, сондай-ақ білім алуға мүмкіндік беру.
Егер бала қаражатты пайдаланбаса, онда қаржы шотта 10 жыл жатады. Кейін зейнетақы шотына аударылады.
Астана тұрғыны көпбалалы ана Айнұр Есіркепқызы: «Отбасында жалғыз отағасы жұмыс істейді. Қазір балалар кішкентай. Алайда ертең өскен соң, бәрін бірдей қалай оқытып, үй-жайын жасап береміз деп уайымдайтын едік. Қазір енді мемлекеттің арқасында оқулары үшін біршама қаржы жинақталып қалатын болды»,-деп өзінің ризашылығын білдірді.
