Күзгі кітаптар тізімі
Күзгі меланхолияның жабырқаулы көңіл-күйден басқа жағымды тұстары да бар. Оның бірі — жылы көрпеге оранып алып, кітаптағы кейіпкерлеріңмен бірге өзгеше ғұмыр кешу, олардың уайымын уайымдау мен қуанышына ортақтасу, қайғысына қосылу мен әзіліне күлуге не жетсін!

Асықпай, ерекше ынтамен оқуды талап ететін, артынан терең ой қалдыратын күзгі кітаптар бестігін «Екпінмен» бірге оқыңыздар.

Джозеф Максвелл Кутзее, «Петербордағы күз»
Ерекше автордың ерекше шығармасы. Кутзее Оңтүстік Африкадағы Кейптаун қаласында дүниеге келген, Жазушы, сыншы, лингвист 2003 жылы әдебиеттен Нобель сыйлығының лауреаты атанған. Букер сыйлығын екі мәрте (1983 жылы «Жизнь и время Михаэла К.» романы үшін, 1999 жылы «Бесчестье» романы үшін) иеленген алғашқы жазушы.
«Петербордағы күзде» шетелдік автор Федор Достоевский, ХІХ ғасырдың соңындағы қала туралы жазған, Достоевскийдің кейіпкерлері, шығармаларындағы атмосфера мен философияны сол заманда өмір сүрген адамша детальді сипаттайды. Петрашевтықтар, нечаевтықтар, жастар мен кедейлердің көңіл-күйі жайлы Достоевский стилінде жазады.
Сюжетте Достоевскийдің өзі, оның өгей баласы Павел, нигилист Нечаев сияқты шынайы адамдар мен Федор Михайловичтің ойдан шығарған кейіпкерлері («Бесы» романындағы кітапқа енбеген, бірақ кейін жарияланған «У Тихона» бөліміндегі), тіпті Кутзеенің өз өміріндегі жеке трагедиясы — 23 жасар ұлының қазасы — орнын табады.

Франсуаза Саган, «Сәлем, мұң»
Француз жазушысы, драматургы Франсуаза Саган (шын тегі — Куаре) 1985 жылы әдебиетке қосқан үлесі үшін Монако кінәзінің премиясын иеленеді. «Сәлем, мұң» романының табысы Франсуаза Саганға беделді Сыншылар премиясын әкелсе, «Көмескі күлкіден» кейін оны «тираждық монстр» деп атап кеткен.
«Сәлем, мұң» кітабының «Жюллиар» баспасынан шығуы католиктік Францияда үлкен қарсылыққа тап болды. Кітаптың баспадан шығу кезінде Франсуаза небәрі 19 жаста еді. Бұған дейін белгісіз Саганның романы бірден миллионнан астам данамен тарап, жас жазушыға бір жарым миллион франк гонорар әкелген. Кітап болса дүкенде 45 франкқа сатылған.
Роман бүгінгі күні 22 тілге аударылып, бес миллионнан астам данасы сатылған. Бас кейіпкер Сесильдің менмендігі, өзін ақсүйектер қоғамында ұстауы мен отбасындағы қарым-қатынас толық ұрпақтың символына айналды.

Сэй-Сенагон, «Жастық астындағы хаттар»
Хэйан дәуірінде билік еткен император Итидзё патшаханымының сарайындағы жазушы әрі сарай әйелі Сэй-Сенагон кейіннен дзуйхицу (сөзбе-сөз — «қылқалам ізімен»; очерк, эссе) деп аталып кеткен жанрдың негізін қалаған.
«Жастық астындағы хаттар» ортағасырлық Жапонияның тұрмысын, өмірін, саяси оқиғаларды, әзіл мен өлеңдерді, табиғат көріністерін, этикет ережелерін және сарайдағы дәстүрлерді сипаттайды.
Ақпараттың құнды әрі көркем қайнар көзі деп санауға болатын кітапты міндетті түрде байыппен оқу қажет, Жапония мәдениеті қызықтыратын адамдарға конспект жасауға да болады.

Шыңғыс Айтматов, «Жәмиля»
Ойшыл гуманист, данагөй, қазақ-қырғызға ортақ халық жазушысының «Жәмиля» әңгімесі асқақ махаббатты суреттейді. Соғыс кезіндегі қарапайым ауылдың өмірі асқан шынайылықпен бейнеленеді. Адамдардың тұрмысы, олардың күнделікті проблемалары және махаббат, нәзіктік пен мейірімділік.
Биік сезімдердің қанды соғыспен қатар жүретіндігі бейнеленген шығарма кейіпкерлері шаршағанға қарамай тылдағы барлық жұмысты өз мойындарына алса да, олардың таза жүректері мұңаюды, шын сүюді, махаббатқа шексіз берілуді ұмытпаған.

Cайын Мұратбеков, «Күзгі бұралаң жол»
«Күзгі бұралаң жолдың» қайда апарарын, қандай шындықтың басын ашатынын ешкім білмейді. Соғыстан кейінгі балалардың өмірі, әкесіз қалған жетімнің үміті, өмірдің шындығы мен балалық максимализм Сайын Мұратбековтың әңгімесінде көрсетіледі.
Бір деммен оқылатын бұл әңгіменің бес кейіпкері толық бір кезеңнің көрінісі болғандай.
Әкесі «соғыста қаза болған» баланың мақтанышы мен шындықты аша алмай жүрген ананың күйініші, ұлының маңдайынан иіскей алмаған әкенің өкініші, сырттан бақылаушылардың таңданысынан құралған сезімдердің әр алуандығы оқырманды немқұрайды қалдырмайды.
![]()
Ал сіз күзде қандай жанрдағы кітап оқығанды ұнатасыз? «Екпінмен» бөлісе отырыңыз.
Матералды дайындаған: Айжан Байтанова
