Мәңгі таудан Бестауға дейін немесе қарашай жұрты туралы

Бас қаладан трасса бойымен Қарағанды шаһарына қарай жолға шықсаңыз, жолда «Минги-Тау» деген кешеннен өтесіз. Студент кезімде бұл не қылған «Минги-Тау» деп ізденіп көріп едім, жалпы, қызығушылық деген нәрсе адам баласына тән жайт қой, кейін оның қарашай халқының атамекеніндегі таудың атауы екенін білдім. Сонымен, бүгінгі тақырып, қарашай ағайындар туралы болмақ. Қарашай бауырлар Солтүстік Кавказда өмір сүреді, Қап тауының қапталында олардан өзге түркі жұртына құмықтар, қарашайлар, балқарлар, ноғайлар, әзербайжандар (оңтүстік Дағыстанда), кейбір деректерде табасарандар (күмәнділеу, дегенмен сөздік қорының 50 проценті түркі сөздері) да жатады. Солтүстік Кавказдағы түркілердің жалпы саны 1 млн. адамнан асады. Енді, қарашайларға кеңірек тоқтала кетсек. Қарашайлардың саны шамамен ширек миллион, Ресейде 220 мыңы тұрады, шетелде, алдымен Түркияда – 21 000 (кей деректерде 80 000), Қазақстан мен Қырғызстанда сәйкесінше 1700 және 2800 адам (меніңше, Қазақстандағы қарашайлар саны 900 адамға дейін азайған), Өзбекстанда – 0,5 мың және Украинада тағы 200 қарашай өмір сүріп жатыр. Ал, енді Ресейдегі қарашайлар, ең алдымен Қарашай-Шеркесияда тұратын болса, қалғандары Қабарда-Балқария, Ставрополь мен Караснодар өлкелері және Мәскеу, Санкт-Петербург қалалары мен Ростов, Саратов және Волгоград облыстарында тұрады. Аздаған бөлігі жұмыс жайымен Ямалға кеткен. Түркия, Сирия, Еуропа мен Америка құрлығындағы қарашайлар мұхаджирлердің ұрпағы болатын болса, қазақ пен қырғыз жеріндегі қарашайлар 1943 жылы күштеп көшірілгендердің аздаған бөлігі. Қарашайлардың атауларына қатысты айтатын болсақ, олар өздерін «аландар» дейді, менгрельдер де аландар деп атайды екен. Жалпы, бұл атау тақырыбы қызықты мәселе, біздің де орыс тілінде «казах» болып жүргеніміз сияқты ғой. Ал, өз атауының тағы бірі – «таулы», яғни, мысалы, біз қазақ және алаш деп қосарлана айтатынымыз секілді. Әрине, қарашай халқы түркі жұртының бір бұтағы, дегенмен, оларды ежелгі Қобан мәдениетінің заңды мұрагерлерінің бірі деп айтуға толық негіз бар. Ежелгі Хазар мемлекінің де мұрагері және Кавказдың өзге де мәдениетінің шынайы һәм заңды жалғастырушысы. Мысалы, Татартүп қала жұртының орнына да олардың қатысы бар деп айтуға болады. Қарашайлардың кейінгі тарихына келетін болсақ, олардың Қырыммен байланысы күшті болған, қарашай жұрты арасынан Қырым ханзадаларын тәрбилеушілер - аталықтар көп шыққан, дегенмен, 1753 жылы олардың Қырымға бағыныштылығын байқамаймыз. Жалпы, вассалдық, тәуелділік деген қызық ұғым. Мәселен, Қырым хандығы Осман империясына бағынышты болғанымен Қырым өз саясатын жүргізген, Шығыс Еуропаның көп елдерімен терезесі тең ел болған, ал, қарашайларды алатын болсақ, олар қырым татарларымен достық қарым-қатынаста болған. Тағы бір қызығы, Польша 1699 жылға дейін, Ресейдің өзі 1700 жылға дейін Қырымға салық төлеп тұрған. Дипломатияның осындай қызықты жайттары бар. Мәселен, солтүстік Кавказда түрік билігінен гөрі Қырым билігінің күшті болатыны сондықтан. Дегенмен, мысалы, Қырымның оңтүстігі Осман империясына тікелей бағыныштылықта болған, сол сияқты Азаулы Доспамбеттің жұрты Азау қаласы да османдарға тікелей бағынған (Азаулы Доспамбет пен Азау қаласы туралы бұрын жазып едім, айтқандай Н.Гогольдің «Тарас Бульба» атты повесінің басты кейіпкері дәл осы Азаулы Доспамбет еді). Мысалы, Британияға қарайтын Гибралтар сияқты ғой. Алайда, бұл кезеңде Ресей билігін Қарашайға толық жүргізген жоқ еді. 1826-1829 жылдары Қарашай жерін отарлау басталады. Ислам Қырымшамхалов атты қарашай уәлиінің туған жері үшін соғысы өкінішке орай жеңіліс табады. Қарашайлар ерліктің нағыз үлгісін көрсетеді, алайда 3-4 есе көп жау жеңбесіне қоймайды және олар артиллериялық қару-жарақпен қаруланған озық армия еді. Ресей құрамындағы Қарашай елі отарлаушылармен соғысын жалғастырғанмен, қарашайлардың біразы туған жерін тастап, Анадолыға аууға мәжбүр болады. Қазіргі күні Ескишехир маңындағы аумақтарда әлі де қарашайлардың ауылдарын кездестіруге болады. Бір қызығы, ондағы кей ауылдардың халқы қара халық және ақсүйектер, мысалы, «өздендер», «құлдар» сияқты бөлініспен жеке қоныс тепкен екен. Тағы бір таң қаларлығы қарашайлар өз билерін «тауби» деп атайды, жалпы, түркі халықтарының ішінде ең биік таулы аймақта өмір сүретін халықтардың бірі – міне, осы қарашайлар. Ал, ата жұртында қалған қарашайлар отарлық езгіге қарсы күресін тіптен тоқтатқан жоқ. Мәселен, Кеңес Үкіметінің орнауы кезеңі және 30 жылдардағы бай-құлақтарды қудалау заманында қарашайлардың тегеуірінді қарсылық көрсеткенін көреміз. Өкінішке орай, ол ұлт-азаттық көтерілістерінің жеңіліс тапқаны мәлім. Екінші дүниежүзілік соғыс уақытында Қарашай жері неміс-фашист басқыншыларының қол астында қалады. Бұл уақытта 15 мың қарашай жігіті мен қызы соғыс даласында еді, оның 9000 қан майданда қаза тапты. Соғыс аяқталған уақытты 15 мың қарашайдан тек 700 тірі оралады! Осындай, ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, қан майданда мыңдаған қарашайлардың жан алысып, жан бергеніне қарамастан, оларға «сатқындар» деп айдар тағылып, бір күнде Қарашай жұрты туған жерінен қуылып, 1943 жылы 12-14 қазанда алыстағы Қазақстан мен Қырғызстанға күштеп жер аударылады. Тіпті, коммунистік билік: «қарашай деген халық жоқ» деп, КСРО-дағы ұлттар мен ұлыстардың тізімінен алып тастаған. Жалпы, Сталин билігі қарашайлардан өзге қырым татарлары, әзербайжандар, месхеттік түріктер, балқарлар сияқты өзге де түркі-мұсылман халықтарын өз атамекенін қуып, жер аударған еді. Ата қонысынан қуылған 70-75 мың қарашай халқының жартысы жолда қаза табады, оның 23 мың балалар еді! Қазақстан мен Қырғызстанға жер аударылған қарашайларды жергілікті халық құшақ жая қарсы алып, бір жапырақ нанды бөлісіп жеген заман болатын. Қайғы да ұмытылғандай болып, қазақ пен қырғыз арасындағы қарашайлар жаңа қоныстарына үйренісе бастайды. Алайда, туған жерге не жетсін?! 1956-1957 жылдары қарашайларға атамекеніне қайтуға рұқсат беріледі. Содан бері қарашай жұрты өз жерінде жасап жатыр. Қазіргі күні, Ставрополь өлкесінен бөлініп, Қарашай-Шеркесия атты Ресей Федерациясы құрамындағы республика, қарашайлар аталған республика халқының шамамен 41 процентін құрайды. Ал, туыстас балқар (малқар) халқы болса Қабарда-Балқария атты республикада өмір сүреді. Былай қарағанда бәрі жақсы, бірақ, бір түркі бір шеркес (адыг) жұртынан құрастырып республика жасаудың артында солтүстік көршіміздің «бөліп ал да билей бер» саясаты тұрғаны белгілі. Айтқандай, Қазақстандағы өзім танитын қарашай-балқар ұлты өкілдерінің сөздерін анық түсінемін, қазақ тіліне жақын, олай болатын себебі түркі тілдерінің қыпшақ тобына жатады. Дегенмен, қарашай-балқар тіліне ең жақын тілдер қырым татар, құмық және қарайым тілдері. Қарашай тілінің Бақсан, Чегем сияқты диалектілері мен говорлары бар. Қарашай әдеби тілі 1920 жылдары қалыптасқан болатын. Дегенмен, қарашай тіліндегі алғашқы кітапты ағартушы И.Ақбаев 1910 жылы Темір-Хан-Шура қаласында (Дағыстан) бастырып шығарып еді. Қарашай тілі демекші Ататүрік тіл реформасын жасау кезінде Түркиядағы қарашайлармен кездесіп, қарашай тілінің ыңғайлылығын жоғары бағалаған. Осымен, бауырлас қарашай халқы туралы ақпарымыз тәмам. Айтқандай, материалдың басындағы Бестауымыз (Бештау) қазіргі күнгі атауы өзгертілген Пятигорск қаласы еді. Ал, Мәңгі тауымыз бұл Кавказдағы ең биік тау жотасы Эльбрус. Бастысы, алыстағы қарашай жұртының амандығын тілейміз, ал, олардың қазақ халқына деген ықыласы ерекше ыстық. Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейтіні белгілі ғой! Суретте «Қарашай ауласы» этнографиялық музейі, фото авторы Сулим Кудусов!

