Мазмұнға өту
Обложка сообщества Юмор

Украинадағы, Молдовадағы түркі тіліндегі қала-ауыл, жер-су атаулары туралы

Кейде тарихтың тегершігі кері айналып, кешегі батыр бабамыздың ұрпағы өзге жұртқа сіңісіп кеткені өтірік емес, және ең жаманы ертеңгі күні солар бұрынғы қандастарына қасқырша шабатыны тағы бар.

Мысалы, Ресейдегі талай түркі тектес фамилияларды қарасаң, Ұлы Даладан шыққанын көреміз, дегенмен, өзгеге сіңіскен соң соларға қызмет етеді.

Алысқа бармай-ақ, кешегі ұлт көшбасшысы Әлиханның ұрпағы кім? Не болмаса, Тевкелев деген тексіз түркі баласы – өз бауыры башқұрттарды қан қақсатып еді-ау....

Менің алдағы уақытта саяхат жасайтын өлкелерді алдын ала зертейтін, көретін жерімді қарап, жоспар жасайтыным бар. Көңіл Қырым, одан әрі Украина, Бессарабия (Молдова) жеріне түсіп жүр. Оның үстіне, кешегі «ағасымен» украиндардың «қарым-қатынасы» да қызығушылығымды арттыра түскендей.

Қырым жұрты әуелден бізге таныс, бауырмал жұрт. Ал, оның далалық бөлігінде, дәлірек айтсақ, қазіргі Добруджадан басталып, солтүстік Кавказға дейінгі жерде ноғай бауырларымыз тұрып еді...

Заманында Еуропаның талай елдерін, орыс мемлекетін, тіпті арасында Қырымның өзімен тайталасқа түсіп жүрген ноғай ағайындардың аталған аумақтарда, яғни Қара теңізінің солтүстік жағалауында Жетісан (Едисан), Буджак, Едішкөл, Жембойлық деген ордалары пайда болған еді.

Дегенмен, менің ойымша ноғай ағайындар Добруджадан бастап Дағыстанға дейінгі аймақта бөлініп қалғаны жасырын емес.

Сол ноғай ағайындардың арасында батырлығымен көзге түсіп бір шеті Бессарабия, екінші шеті поляк жерін қамтыған аймақтан бастап орыс мемлекетіне дейінгі өңірде сәтті соғыс жүргізіп, кейін Буджак ордасының негізін қалаған Қантемір (Хан Темір) атты хан (кезіндегі атақты Едігенің ұрпағы) өмір сүрген болатын. Қырымның істеріне араласып, кейін Осман империясынан Силистрия (яғни, Добруджа) билеушісі атағын алған ол алауыздықтардың бірінде Стамбұлға шақырылып, сонда өлтірілген еді. Тура Доспамбет жыраудың тағдырын еске түсіреді ә?! Қантемірді алауыздық белең алып, поляк-литва интервенциясы кезінде орыс мемлекетінде көреміз. Айтқандай, Петр (Арслан) Урусовтардың да орыс жерінде жүрген кезі еді ғой.

Әрине, түбі бір түркіміз деген Османлының мына ісінен кейін Қантемірдің баласы поляктарға қашып, кейін Молдова кінәздігінің негізін қалайды.

Хош, сонымен, Урусов, Кантемир сияқтылардың талайы өзге жұрта сіңісті, кешегі бабаларының жауларына қызмет етті...

Бірақ, менің айтпағым, олар кеткенмен, ноғайдың елі қалып еді..

Жалпы, ноғайлардың геноциді туралы айтылғанда көбінесе Суворовтың (кешегі күні оның өзі де түбі түркі еді) жауыздығын айтады, бірақ, ұланғайыр аймақта өмір сүрген сол ноғайлар, дұрысы Жетісан (Едисан), Буджак, Едішкөл, Жембойлық ордалары халқы қырылды, күштеп жер аударылды, бірақ, тарихтың тағы бір қызығы олар ата-мекендерінен қуылса да тарихи атаулар әлі де мен мұндалап тұр.

Сонымен, қазіргі Украинадағы, Молдовадағы (Бессарабиядағы) мына қала-ауыл, жер-су атауларына зер салып қарайықшы:

1) Молдовадағы Чимишлия қаласы, шөміш(ті) деген сөзден шығыпты, тіпті олардың (ноғайлардың 1874 жылы әлі де ізі барын көреміз, басқа жұрт біздің татарды ноғай дегеніміз сияқты ноғайларды керісінше татар деп отыр);

2) Молдовадағы Батыр елді-мекені, иә, бұл «батыр» деген сөз, Батыр елді мекені туралы алғашқы дерек 1712 жылы хатқа түсіпті;

3) Украинадағы Белгород-Днестровский қаласы, Алтын Орда жұрты Ақ-Либо (екінші сөзін анықтау керек) десе, түріктер Ақкерман (Ақкермен, яғни Ақ бекініс, ақ түсті қала), бұл қала кезіндегі ноғайдың Буджак ордасында орналасқан. Айтқандай Берке хан тұсында мұнда оның географиялық рөлін ескере отырып, бекініс салынған болатын;

4) Украинадағы Ялпуг көлі, ноғай тілінен бұрмаланған, дегенмен jalpyh гидронимі түркі тілдерінде қанттай аппақ деген мағына береді, бұрынғы Буджак ордасы жері;

5) Молдовадағы Бендеры қаласының атауы да қызық, бірінші ескі атауы Тигин не Тигина атауымен 15 ғасырдан белгілі, егер, зер салсақ, бұл жердің маңыздығына байланысты «Тегін көш» (өткелден тегін өт мағынасында) атауынан шыққанын білеміз, яғни, ноғайлар да болуы мүмкін, тіпті оған дейінгі өзге түркі халықтарына да қатысты болуы мүмкін деп санаймын. Тағы бір қызығы кейінгі кезеңде (Осман империясы) дәуірінде Бендеры атауына ие болды. Ал, Бендер туралы Бандар-Сери-Бегаван не Бандар-Аббас атаулары есіңізге түскен жоқ па? Яғни, мағынасы порт, өткелдегі қала екен. Айтқандай османлылар заманында Бендер қамалын соққан;

6) Ақмаңғыт елді мекені, бұл қазір Украинадағы Белолесье елді мекені, аты айтып тұрғандай Буджак Ордасындағы маңғыттардан қалған, айтқандай қасында Маңғыт деген елді мекен де болыпты;

7) Украинаның Одесса облысында орналасқан Каланчак елді мекенінің ескі атауы Дермендере, 1806-1812 жылдары бұл татар (ноғай деп санаймын) ауылының халқы Буджактен өзге елге қашуға мәжбүр болды, бір қызығы «каланчак» сөзінің өзі де араб тілінен енген «қала(н)ша», яғни бақылау мұнарасы дегенді білдіреді;

8) «Сурум (Сырым ба екен?) аға» ауылының орнында қазіргі атауымен Дальничень елді мекені орналасқан, 1806-1812 жылдары бұл татар (ноғай деп санаймын) ауылының халқы Буджактен өзге елге қашуға мәжбүр болды, Украина жері;

9) Донгаси ауылының орнында қазіргі атауымен Блогодатное елді мекені орналасқан, 1806-1812 жылдары бұл татар (ноғай деп санаймын) ауылының халқы Буджактен өзге елге қашуға мәжбүр болды, Украина жері;

10) Тойтебе ауылының орнында қазіргі атауымен Кривая Балка елді мекені орналасқан, 1806-1812 жылдары бұл татар (ноғай деп санаймын) ауылының халқы Буджактен өзге елге қашуға мәжбүр болды, Украина жері;

11) Дельжилер елді мекені, Дельжилер ауылының халқы 1806-1812 жылдары Буджактен өзге елге қашуға мәжбүр болды, бұл бұрын татар (ноғай деп санаймын) ауылы болған, Украина жері;

12) Махала, Деведжи ауылдарының тағдыры Дельжилер ауылының тағдырымен ұқсас, үш ауыл жақын орналасқан. Айтқандай олардың жанында Бакчалия мен Чешма ауылдары болған, яғни бақша және бұлақ маңдары;

13) Сарияр (Сарыжар ғой сонда) ауылының орнында қазіргі атауымен Желтый Яр елді мекені орналасқан, 1806-1812 жылдары бұл татар (ноғай деп санаймын) ауылының халқы Буджактен өзге елге қашуға мәжбүр болды, Украина жері;

14) Давлетлиагач (Девлет-Агач) ауылының қазіргі атауы Делень, 1806-1812 жылдары бұл татар (ноғай деп санаймын) ауылының халқы Буджактен өзге елге қашуға мәжбүр болды, Украина жері, былайша айтқанда, дәулет, яғни мемлекеттік ағаш дегенді білдірген;

15) Демир-Хаджа ауылының қазіргі атауы Зеленая Балка, 1806-1812 жылдары бұл татар (ноғай деп санаймын) ауылының халқы Буджактен өзге елге қашуға мәжбүр болды, Украина жері;

16) Ромасен ауылының қазіргі атауы Маразлиевка, 1806-1812 жылдары бұл татар (ноғай деп санаймын) ауылының халқы Буджактен өзге елге қашуға мәжбүр болды, Украина жері;

17) Бугаз (Буаз) ауылының қазіргі атауы Каролино-Бугаз. Ауыл 1770 жылдардан белгілі, 1787-1791 жылдардағы орыс-түрік соғысы кезінде жермен жексен етілген, бұрынғы Буджак, Украина жері;

18) Ессабей, Аккую және Шуют Джурет (ноғайша басқаша естілер) ауылдарының орнында кейін Приазовское кенті пайда болған, Украинаның Запорожье облысы;

19) Ноғайдың Таз ауылының орнында кейін Девнинское елді мекені пайда болған, албан қоныстанушылары орныққан, Украинаның Запорожье облысы;

20) Украинаның Запорожье облысындағы Добровка елді мекенінің ескі атауы Чекрак, ноғай ауылының орны болса керек, жаңылмасам албан қоныстанушылары орныққан;

21) Кубей ауылы атауын сақтап қалған ноғай ауылдарының бірі, қазір орнында Украинаның Кубей елді мекені орналасқан, Одесса облысы. Мұнда ноғай зираттарының орны әлі де бар екен;

22) Татар-Бунар – бұл Украинадағы қала аты, Татар-Бунар дегеніміз «татар құдығы» деген сөз, бұл аймақ кезіндегі Буджак жері. Кейбір зерттеушілер половецтермен, яғни қыпшақтармен байланыстырады;

23) Киргиз-Китай өзені - Украина, Молдова аумағы арқылы ағатын өзен, атауын ноғай не қырым татар руларымен байланыстырамын, қарау керек, «қырғыз-қытай» бәлкім Дешті Қыпшақ кезеңімен байланысты болар;

24) Тююшки (түпкі формасы қалай екен?) ауылының орнында (ноғай ауылы болуы керек) кейін Геогриевка елді мекені пайда болған, жаңылмасам бұл албан елді мекеніне айналды, Украинаның Запорожье облысында;

25) Украинаның Запорожье облсындағы қазіргі Молочная деген өзеннің ноғайша атауы Тоқмақ (қала да бар) екен де кейінгі түркі тіліндегі атауы Сүтті екен, қызық, екі атаудың бірі Токмакша, екіншісін түпнұсқадан аударып Молочная деп атайды, айтқандай тағы Молочанск деген қаланы да білемін;

26) Мелитопель қаласының (Украинаның Запорожье облысы) бұрынғы атауы (ноғайша, бұрынғы ноғай ауылы) Кызыл-Яр, яғни Қызылжар ғой;

27) Украинаның Запорожье облысының Бердянск қаласының бұрынғы атауы Новоногайск, яғни ноғайлар мекені;

28) Берды өзені - Украинаның Запорожье облысының аумағында, ноғай тілінде «берді», яғни «құдай берді» деген сөзден шыққан;

29) Украинаның Херсон облысындағы Геническ қаласының атауы түркі тіліндегі (ноғай тіліндегі) «джениче», яғни «жіңішке» деген сөзден шыққан;

30) Украинаның Приморск қаласы (Запорожье облысы) орнында 1770 жылдары ноғай ауылы болған, 1821 жылы Ногайск қаласына айналды, айтқандай жергілікті музейде половец, яғни қыпшақ балбал тастары сақталған;

31) Молдовадағы Комрат қаласының атауы ноғайдың қоңырат тайпасымен байланысты болуы мүмкін. Екінші нұсқасы «қоңыр ат»;

32) Ноғайдың (татардың) Қазаяқ ауылы тілдік ерекшелікке байланысты Казаклия, яғни Қазақлия деп аталып, кейін 1812 жылы гагауыздар қоныстанған, Гагаузия (Молдова);

33) Молдова Республикасының Тараклия ауданы, аты айтып тұрғандай ноғайдың тарақ сөзінен шыққан, дегенмен, тарақ қырым татар таңбасы екенін де ұмытпайық. Қазақтың тарақты руы қазір арғын құрамында;

34) Авдарма – Гагаузиядағы ноғайша атаудың сақталған түрі, елді мекен, аударма – қауіпті жер деген мағынада, әуелгі аты Езокай, жанында Татар чешмесі бар;

35) Бешалма, 1771 жылы бұрынғы ноғай ауылының орнына қоныстанушылар бес алма ағашын тауып, солай атап кеткен деседі, Гагаузия жері.

Енді, Молдованың Гагауз ери (қазір автономия) деп аталатын аймағы бір, кезінде ноғай, қырым татары қуылғанда, бос қалған жерді игеру үшін Ресей империясы христиан тектес талай жұртты әкелген болатын, соның бірі гагауыздар еді (жалпы, гагауыздардың шығу тегі де қызық, діні православтық, тілі түркі тілі, оғыз тобы), міне Гагаузиядағы қалалардың бірі Чадыр-Лунга, қазақша айтсақ Лунгадағы Шатыр, әрине, тақырып ноғайларға қатысты болғанмен, гагауздардың да Молдовадағы жер-су атауларының біразына «еңбегі сіңгенін» атап өту ләзім, сонымен, гагауз, түрік, қырым татар (ноғай) және өзге де бұрынғы және кейінгі, мысалы, қыпшақ дәуірін де алайық түркі халықтарының Молдова мен Украинадағы жер-су, ауыл-қала атауларының бірсыпырасына тоқталайын:

1) Хаджидер – Украинаның Татарбунар ауданындағы көл, түрікше күміс өзен деген мағына береді;

2) Шаганы - Украинаның Татарбунар ауданындағы көл;

3) Магала - Украинаның Татарбунар ауданындағы көл;

4) Мартаза - Украинаның Татарбунар ауданындағы көл;

5) Тузловские лиманы – Украинаның Одесса облысындағы көлдер жүйесі, төркіні «тұз» сөзі екенін білеміз;

6) Джантшей көлі - Украинаның Татарбунар ауданындағы көл;

7) Будур көлі - Украинаның Татарбунар ауданындағы көл, атауын «бұдыр» деген сөз деп ойлаймын;

8) Сасик көлі - Украинаның Татарбунар ауданындағы көл, сөз төркіні «сасық» екені айтпаса да түсінікті;

9) Алибей көлі - Украинаның Татарбунар ауданындағы көл;

10) Карачаус не Алтык көлі - Украинаның Татарбунар ауданындағы көл;

11) Сарата өзені – Украина, Молдова аумағы арқылы ағатын өзен;

12) Копчак өзені - Украинаның Одесса облысындағы өзен, сөз төркіні қыпшақ деп санаймын;

13) Джалаир - Украина, Молдова аумағы арқылы ағатын өзен, атауы «жалайыр» екені түсінікті;

14) Кизил, яғни Қызыл (жер аты) атты неміс колониясының орнында қазір Молдованың Штефан-Водэ қаласы орналасқан. Соған қарағанда гагауыздар емес, оған дейінгі бір түркі халқына қатысты деп санаймын;

15) Курудер өзені - Украинаның Одесса облысындағы өзен;

16) Каплань өзені - Украинаның Одесса облысындағы өзен;

17) Карагасаны (Карахасань) елді мекені, Молдованың Штефан-Водэ ауданында орналасқан;

18) Алкалия өзені – Украина, Молдова аумағы арқылы ағатын өзен;

19) Тузлы – Украинаның курортты кенті;

20) Когильник не Кундук өзендері - Украина, Молдова аумағы арқылы ағатын өзен;

21) Алияга - Украина аумағындағы өзен, бұрынғы Буджак жері;

22) Ташлык - Украина аумағындағы өзен, бұрынғы Буджак жері;

23) Аша-абаг ауылының қазіргі аты Шабо, түрік тілінде «төменгі бақ» деген мағына береді, мұнда жүзім өсірілген, бұрынғы Буджак жері, қазіргі Украина;

24) Каракурт, яғни Қарқұрт, бұл Украинаның Буджак жеріндегі албан елді мекені, меніңше бұл жерге қоныстанған албандар байырғы атауын сақтаған болса керек;

25) Домузла – Украинаның Запорожье облысындағы өзен атауы;

26) Акчокрак - Украинаның Запорожье облысындағы өзен атауы, ақ және чокрак (шоқрақ) деген сөздерен құралған;

27) қазіргі Украина жеріндегі Килия қаласы Алтын Орда дәуіріндегі оның ең шеткі қалаларының бірі еді, түрікше атауы Томарево («томар» сөзінен бе екен?);

28) Куркулак - Украинаның Запорожье облысындағы өзен атауы;

29) Юшанлы - Украинаның Запорожье облысындағы өзен;

30) Чингул – Украинаның Запорожье облысының Токмак ауданындағы өзен атауы, оның жанында половецтердің, яғни қыпшақтардың Чингул қорғанының орны бар;

31) Конгазчык юкаркы – Гагаузиядағы елді мекен;

32) Карсэу өзені, гагауз тілінде, қазақша Қарасу болар еді;

33) Копчак елді мекені Гагаузияның (Молдова) оңтүстігінде орналасқан, бұрынғы атауы Татар-Копчак, яғни Кыпчак (Қыпшақ);

34) Гагауздың (Молдова) Чишмикиой атты елді мекенінің атауы «чашма» – бұлақ және «көй» – ауыл деген сөздерінен шыққан;

35) Садык - Молдовадағы (Гагаузия) елді мекен атауы;

36) айтқандай, Молдова астанасы Кишинев қаласының атауы өзіміздің кешен, кесене деген сөзден шыққан;

37) тағы да есіме түсіп жатыр, жаңағы Кантемирлердің көзіндей болып қала мен аудан аты да бар;

38) Молдовадағы Баймаклия кенті, аты айтып тұрғандай баймақ деген сөзден шыққан;

39) Молдовадағы Қайнар қаласы, айтқандай Украинада да Қайнар атты елді-мекен бар;

40) Баурчи, яғни, Бауыршы – бұл Молдовадағы елді мекен аты;

41) Кошкалия - бұл да Молдовадағы елді мекен аты;

42) Чигырлень - бұл да Молдовадағы елді мекен аты;

43) Килия – кезіндегі Алтын Орда қалаларының бірі;

44) Украинадағы Измаил қаласы. «Саяхатнаме» атты еңбегінде атақты саяхатшы Әулие Челеби қаланың атын 1484 жылы Баязит сұлтанның капуданы (әскери лауазым) Измаилдың есімімен байланыстарады, бұл аймақ кезіндегі Буджак жері;

48) Кугурлуй – Украинадағы көл, түркі тілінің бұрмаланған атауы екені түсінікті, бұрынғы Буджак ордасы жері;

49) Катлабух – бұл да Украинадағы көл, түркі тілінің бұрмаланған атауы екені түсінікті, бұрынғы Буджак ордасы жері;

50) Ташбунар - бұл Украинадағы өзен, бұрынғы Буджак ордасы жері;

51) Балта қаласы Украинада орналасқан, балта сөзі өзіміздің;

52) қазіргі Одесса қаласының (Украина) атауы Хаджибей еді.

Суретте 1737 жылғы Буджак және оған іргелес аймақ картасы (Интернеттен алынды)

Деректер ашық көздерден жиналды, материал авторы - Амандық Әмірхамзин

0
0
1184