Жаңа жолдар, жаңа мүмкіндіктер: Абай облысында ауылдардың жаңаша тынысы ашылып жатыр
Ауылдарды дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту және кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар өңірде қалай жүзеге асуда? Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Рахима Құдайбергенқызы баяндады.

Бүгінде Абай облысында 326 елді мекен бар, олардың ішінде 62 тірек ауыл және 101 серіктес ауыл анықталған. 2025 жылы ауыл инфрақұрылымын дамытуға 43 млрд ₸ бөлінді. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында соңғы үш жылда жалпы құны 21,2 млрд ₸ болатын 191 жоба жүзеге асырылды. Соның ішінде 7 жаңа әлеуметтік нысан салынды, қалғандарында жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Биылдың өзінде 5 мектепке күрделі жөндеу жасалып, 80 білім ошағында ағымдағы жөндеу жүргізілді.Көкпекті ауыл ында жүзу бассейні салынды, ал Қарауылда арнайы әлеуметтік көмек көрсету орталығы ашылды. Сондай-ақ Жоғарғы Егінсу ауылында мәдениет үйі, Көкбай және Петропавловка ауылдарында спорт нысандарының құрылысы аяқталуға жақын.

Қарауылда арнайы әлеуметтік көмек көрсету орталығы ашылды
Мақаншы ауылында 1991 жылдан бері тоқтап тұрған дәрігерлік амбулаторияның құрылысы қайта жанданды. Мұнда күндізгі стационар, зертхана, стоматология және әйелдер кеңесі жұмыс істейтін болады. Осылайша, аудан тұрғындары сапалы медициналық көмекке жергілікті жерде қол жеткізеді.
Ауыл ішілік және аудандық жолдарды жөндеуге 8,6 млрд ₸ бағытталып, 198 км жол қалпына келтірілуде. Су тарту инфрақұрылымына 14,1 млрд ₸ бөлінді, 22 нысан пайдалануға беріліп, 17,5 мың адам таза ауызсумен қамтылды. Жыл соңына дейін ауылдардағы орталықтандырылған сумен қамту деңгейі 97 %-ға жетеді.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл тұрғындарына өз ісін ашу және кеңейту үшін 1 млрд ₸ көлемінде қаражат бөлініп, 148 микрокредит берілді.
Шағын және орта бизнес қарқынды дамуда – өңірде 55,9 мың кәсіпкерлік субъектісі тіркелген (+3,3 % былтырмен салыстырғанда). 2025 жылдың екінші тоқсанында кәсіпкерлер 562,3 млрд ₸ өнім өндірді, оның 412 млрд ₸-ы Семей қаласына тиесілі. «Даму» қоры жалпы сомасы 14,4 млрд ₸ көлемінде қолдау көрсетті, оның 9,8 млрд ₸-ы субсидия, 4,6 млрд ₸-ы кепілдік түрінде берілді.

«Ауылдарды жүйелі дамыту, бизнесті қолдау және инфрақұрылымды жаңғырту – бұл азаматтарымыздың өмір сапасына салынған инвестиция. Біздің мақсат – ауылдық жерде өмір сүру мен жұмыс істеуді жайлы әрі беделді ету», — деп атап өтті спикер.
Әлеуметтік бастамалар кадрлық қолдаумен толықтырылуда: «Дипломмен – ауылға» жобасы аясында соңғы үш жылда 340 жеңілдетілген несие және 894 көтерме төлем жас мамандарға берілді. 2025 жылы осы бағытта 888,6 млн ₸ көлемінде 99 жеңілдетілген несиеге, сондай-ақ 135,5 млн ₸ көлемінде 344 көтерме төлемге қаражат қарастырылған.
Осылайша, ауыл өңірлік дамудың жаңа орталығына айналуда: мұнда мектептер мен мәдени нысандар салынып, жолдар жөнделіп, спорттық және әлеуметтік инфрақұрылым жаңарып, кәсіпкерлік өріс алуда.
