"Жасыл ЖОО" - жас қоғамды дамыту құралы
2022 жылдың 13 желтоқсанында "PlastNet" пластикалық қалдықтарды жинау және қайта өңдеу кәсіпорындарының желісі Алматы қаласы аумағында жүзеге асырып жатқан "Қалдықтарды бөліңіз – бізде басқа планета жоқ" әлеуметтік жобасын іске асыру кезеңінде атқарылған жұмыстар туралы хабардар ету мақсатында "Жасыл ЖОО" - жас қоғамды дамыту құралы ретінде" атты конференция ұйымдастырды.
Жобаның мақсаты - қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәселелері бойынша жас ұрпақты хабардар ету және оқу орындарының аумағында қалдықтарды бөлек жинау жүйесін енгізу арқылы эко-саналылыққа тәрбиелеу. Биылғы жылы жоба Алматы қаласындағы ірі 3 жоғарғы оқу орындарын қамтыды (АТУ, АЭжБУ және ҚазҰҚПУ).
Конференцияда барысында ЖОО студенттері арасында өткен "Табиғатты сақта – қалдықтарды сұрыпта" республикалық жобалар байқауының жеңімпаздарды ресми марапаттау рәсімі өтті. Конференция жас ұрпақтың экологиялық мәдениетін дамытуды талқылауға арналған алаң және оқу орындары базасында тәжірибе алмасуға керемет мүмкіндік болды.
Конференцияға студенттер мен ЖОО оқытушылары, Алматы қаласы білім басқармасы және Алматы қаласы бойынша экология департаментінің өкілдері қатысты.
Аталмыш іс-шарада қатысушылар ҚР жоғары оқу орындарының жас ұрпақта эко-сананы қалыптастыру саласындағы іске асырылып жатқан "Жасыл" саясатымен танысты. Қалдықтарды бөлек жинау жүйесін енгізу бойынша практикалық ұсыныстар алды.
Негізінен, "Жасыл ЖОО" - бұл өз қызметіне "жасыл" экономика және тұрақты даму қағидаттарын енгізетін жоғарғы оқу орындары болып табылады. Осы қызмет шеңберінде ЖОО аумағында ресурстарды үнемдеуді арттыру, қалдықтарды ұтымды пайдалану жөніндегі іс-шаралар іске асырылады, білім беру бағдарламаларында экологиялық күн тәртібі күшейтіледі, сондай-ақ студенттермен және ЖОО қызметкерлерімен ақпараттандыру жұмыстары жүргізіледі.
Жоғарғы оқу орындарының экологиялық қызметі оның студенттер, қызметкерлер алдындағы, сондай-ақ қоғам алдындағы жауапкершілігінің дәлелі болып табылады.
Қазақстанда "Жасыл ЖОО" саясатын жүзеге асыру бастапқы сатыда тұр. Жоғары оқу орындары зайырлы қоғамның өміріндегі іргелі маңызды кезең ретінде елдің өзекті экологиялық мәселелерін шешуге үлес қоса алады. Қазірдің өзінде орындай алатын ең оңай нәрсе - қалдықтарды бөлек жинау жүйесін енгізу және оқудың заманауи тәсілдерін қолдана отырып, студенттердің экологиялық мәдениетін арттыру.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті де осы бағытта жұмыс жасап жатыр. Атап айтсақ, әлемдік деңгейде университеттердің экологиялық бағытын сараптайтын «Green metrix» рейтингісіне жыл сайын қатысады. 2012 жылы РИО+20 университеттерінің тұрақты дамытуды ілгерілету туралы декларациясына қол қойды, соның нәтижесінде 2013 жылдан бастап «Жасыл көпір ұрпақтан-ұрпаққа» жобасын іске асырып келеді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының
оқытушылары Танабекова Г.Б., Керимкулова А.Б., Оразбаев А.Е.
