Әзілхан Нұршайықовтың туғанына 90 жыл
2012 жылы 15 желтоқсанда Ұлы Отан соғысының ардагері, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, А. А. Фадеев атындағы Бүкілодақтық сыйлықтың лауреаты Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың туғанына 90 жыл толды.

«Әзілхан – біздің республикамыздағы, үлкен одақ көлеміндегі жақсы танылған прозаиктеріміздің бірі. Әзілханның әрбір кітабы, баспадан шыққан әрбір сөзі – біздің халықтың көңіліне, жүрегіне қонып жатқан сөздер, ұялап қалған ойлар»
Ғабит Мүсірепов
Жақында сүйікті жазушымыздың шығармашылығына арналған интернет-парақша пайда болды. Парақшаның адресі.

Әдеби онлайн-мекен туралы Әзілхан атаның немересі Әлия Нұршайықова былай дейді:
«Атамыздың 90 жылдығының қарсаңында отбасымыз болып осы датаға әр қайсымыз өз үлесімізді қоса бастадық. Ата-анамыз «Махаббат, қызық мол жылдар» кітабын қайта басып шығарса, Жанар әпкеміз ҚазҰУ-дағы факультетімен бірге сайыс ұйымдастырды. Ал біз, немерелері, атамызға интернет парақшасы арқылы ескерткіш қояйық деп шештік. Алма мен Дина тәтелерімнің арқасында сайт керемет болып шықты. Бұл жерден ең нақты биография мен әжеміз Халима мен атамыз Әзілханның махаббат тарихын, көптеген фотографиялар мен естеліктерді таба аласыздар. Сондай-ақ сайтта «Кітаптар» атты бөлім бар. Онда кітаптарды онлайн оқумен қатар, оларға тапсырыс беруге де болады, жеткізу жүйесі бүкіл Қазақстанға таралады. Ал атамыздың өмір бойы жинаған көптеген архивті материалдары, мақалалары, қолжазбалары болашақта кезегімен жарияланып тұратын болады. Сондай-ақ оның видео, радиоға шыққандары мен жеке кабинетіне виртуалды экскурсия жасап қою жоспарымызда бар.
Біздің мақсатымыз — ол туралы ақпарат беріп қою ғана емес, оқырман мен авторды жақындастыру. Оның өмірін, жазған кітаптарын, естеліктерін көрсету. Атамның өмір тарихы бүкіл әлемге паш етуге тұрарлық, өйткені ол расымен қызықты да мақтануға лайықты өмір сүрді»!
© Екпін
