Мазмұнға өту
Обложка сообщества Кулинария

Өзіміз қолданып жүрген шай туралы не білеміз ?

Жанатаев Д.Ж.

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, доцент

Жауғашты Р.А.

ҚазҰУ , Филология факультетінің

1-курс магистранты

Шай. Бұл 3 әріптен тұратын қарапайым зат кез - келген отырысты қалай жандандырады десеңші?! Таң атырсақ та, қонақ келсе де, тамақтансақ та шаймен бастап, шаймен аяқтаймыз. Сырқаттансақ тағы да шай.

Мәліметтерге сүйенсек , шай б.з ІІІ ғасырынан бастап мәдениет ретінде танылған. Шай сөзінің үйреншікті болып кеткені соншалық , оның түпкі мағынасына үңіле бермейміз. Ал қытай тілінен алынған бұл сөз «жас жапырақ» деген мағынаны білдіреді екен.

Шай дегеніміз не? Бұл сұраққа әркімнің берер жауабы әрқалай. Қарапайым тұрғындар үшін бұл жәй сусын , ал дәстүрлі медицина дәрігерлері түрлі аурулардың алдын алады деп есептесе , диетологтар аминқышқылдары секілді көптеген дәрумендердің жиынтығы дейді. Ағылшындар мен қытайлықтарға салт-дәстүр болса , үндістерге өркениет пен 40% ұлттық пайданың табыс көзі.

Тарихқа зер салсақ , бұл сусын туралы алғашқы деректер біздің заманымызға дейін 2700 жыл бұрын жазылған ежелгі қытай жазбасында кездеседі. Көптеген ғалымдар шайдың отаны Қытай деп есептейді , сондықтан шайдың пайда болу тарихы түрлі аңыздармен астасып жатыр . « Бар ғұмырын ғибадат етумен өткізетін Буддалық монах Цзае бір күні ұйықтап қалып , құлшылығын бұзып алады. Оянғаннан кейін ол өзіне ашуланғандықтан , жаза ретінде қабағын кесіп алып , жерге тастайды. Кейіннен дәл осы орынға шай бұтағы өсіп шығады. Бұл бұтақтардың жапырақтарынан жасалған сергектік сыйлайтын сусынның Цзае алғаш дәмін татып , ұрпақтарына шай ішу дәстүрін қалдырады.» Сол себепті , шай , қабақ , сергектік сөздері қытай тілінде бір иероглифте жазылады .

Біздің ғаламшарымыздың тұрғындары шайды өте жақсы көреді. Шай тек сусын емес , оның мәдени және әлеуметтік маңызы бар. Шайға шақыру – қонақжайлықтың белгісі . Осыған байланысты әлем бойынша қай ел шайды көп тұтынады деген сұрақ туындайды. Рейтинг бойынша 10-шы орында өзіміздің Қазақстан елі , 9-шы орында Катар елі , 8-шісінде Кувейт , 7-ші орында Біріккен Араб Әмірлігі , 6-шы орында Сейшель аралдары , 5-ші орынға Ұлыбритания , ал 4 –ші мен 3-ші орындарға Мавритания және Ирландия елдері орналасқан болса , 2-ші орында өзінің шайымен танымал Марокко елі де , ал 1-ші орынға Түркия елін жатқызады.

Химиялық қоспалары анықталмастан бұрын адамдар өмірлік тәжірибесінде шайдың емдік , нәрлендіргіш қасиеттерін аңғарған және ежелден емдік сусын ретінде пайдаланған. Адамдар шайды ағза тіршілігін қалыптандырып , шаршағандығын басатын қасиетін байқаған. Аз тамақтану барысында , шайды қолдану салмақтың жоғалуын баяулатып , жұмысқа белсенділікті сақтайды. Айта кетерлік жайт , ыстық сұйықтық адам ағзасында көбейсе , терлеуге әкеліп , жүрек тамырлары жүйесіне кері әсерін тигізеді. Сондықтан ұйықтар алдында ыстық шайды қолданбаған жөн .

Сонымен , шай дегеніміз не ? Ол – дәрі , қарым – қатынас әдісі және әр кезде қолданылатын әмбебап сусын . Ағылшын драматургі Артур Уинг Пенеро өзінің бір сөзінде « шай бар жерде үміт бар» деген екен . Осы сөздерден-ақ қарапайым сусынның адам өміріндегі рөлін көре аламыз .

0
0
689