Зымыран жанармайының жаңа түрін ойлап тапқан Гауһар Зайденова
11-ші сынып бітірген атыраулық Гауһар Зайденова Байқоңыр қаласында өткен ғарыштық зерттеулер бойынша Халықаралық тоғызыншы ғылыми жобалар жарысында зымыран жанармайының жаңа түрін ойлап тапты. Жас ғалымның еңбегіне ресейлік мамандар назар аударып, жұмысын алып қалып, ары қарай зерттеу жүргізбекші екен. Байқау жайлы және де болашақтағы жоспарларымен Гауһардың өзі бөлісіп отыр.

- Сәлем, өзің жайлы айтып өтсең?
- Сәлем! Мен Атырау қаласында 1996 жылы 16 қыркүйекте дүниеге келдім. Отбасымда әкем, анам, ал менен кейін екі сіңілім және інім бар. Кішкентайымнан зерек бала болып өстім, 1,5 жастан бастап жүріп, сөйлей бастадым. Оқуға деген қызығушылық бала кезімнен бар.
- Техникалық гимназияға түсу өзіңнің қалауың ба, әлде ата-анаң кеңес берді ме?
- Ата-анамның кеңесімен осы мектепке 1-сыныптан бастап емтихан тапсырып түстім. Бастауыш сыныптан бастап оқу озаты болдым. Барлық пәндерді сүйіп оқыдым. Бірақ 8-сыныптан бастап химия пәніне қызығушылығым туды, есеп шығаруды жақсы көрдім.
- Мектепте сүйікті мұғалімдерің бар ма?
- Ең сүйікті мұғалімім осы химия пәніне жол салып берген Мұраттолаева Рабиға Мұраттолақызына алғысым шексіз.
- Олимпиадаға апарған зерттеу тақырыбыңды қалай таңдадың? Зерттеу процесін қалай жүргізгеніңді айтып берсең?
- Химия пәнінің мұғалімдері менің химияға деген қызығушылығымды көріп, ғылыми жұмыс бастауға ақыл-кеңес берді. Зерттеу жұмыстарын Атырау мұнай және газ өндіру зауытындағы лабораториясында жүргіздім. Екі жылдай үзбей еңбектеніп, түрлі шетел басылымдарын алғызып, арнайы лабораторияларда зерттеулер жүргіздім. Ең бастысы, маған дейін зерттелмеген тақырыпқа барғым келді.

- Ал Олимпиада кездері есіңде несімен қалды? Команда мүшелері кімдер болды?
- Есімде қалған сәттер - жүлдегер атанып, сахнаға шығып жүрегімнің лүпілдегені. Жұмысымды жеке өзім қорғадым (команда мүшелері болған жоқ). Ресей ғалымдары жұмысымды жоғары бағалады.
- Сенің командаң жаңа зымыран отынын ойлап тапты десек болады, оның маңызы мен болашақтағы пайдасын түсіндіріп өтсең?
- Бұл жанармайының маңызы - температура қаншалықты жоғарыласа да қатпай, өзінің бойындағы сапасын жоғалтпайды.
- ҰБТ-дан босатылғаныңда бір жеңілдеп қалған шығарсың? Ресей Университеттеріне оқуға да мүмкіндік болыпты, ҚБТУ-ды таңдауыңа не себеп болды?
- Иә, әрине, ол әрбір 11-сынып оқушысының арманы шығар (күліп). Ата-анамның кеңесімен осы университетті таңдадым. Өйткені қазірше өз елімде болғым келеді. Ал болашақта мүмкін оқуымды шетелде жалғастырармын.
- Бос уақытыңда немен айналысасың?
- Бос уақытымда спортпен айналысамын. 9 жасымнан бастап көркем гимнастикамен шұғылданамын. Көптеген жарыстардың чемпионымын, Қазақстанның құрама командасының мүшесімін, спорт шеберлігіне үміткерімін. Сондай-ақ әдеби кітаптарды сүйіп оқимын.



- Болашақта өзіңді қандай мамандық иесі ретінде көресің?
- Болашақта мамандығымды химия саласымын байланыстырғым келеді. Ғалым болсам деп армандаймын.
- Өмірлік ұстанымың қандай?
- Өмірлік ұстанымым - алға қойған мақсатыма жету.

Сұхбаттасқан: Айжан Кәрібаева
![]()
Редакцияның рұқсатынсыз материалды өзге сайттарға көшіруге жол берілмейді
![]()
