Перейти к содержимому
Обложка сообщества Кино

16 шілдеде прокатқа шығатын «Сансыз Байда» Жүсіп Ақшора алғаш рет басты рөлді сомдайды

16 шілдеден бастап Қазақстанның барлық кинотеатрларында «Сансыз Бай» сатиралық ситуациялық комедиясы көрерменге жол тартады. Фильмдегі басты кейіпкерді «Шаншар» театрының аңызға айналған әртісі Жүсіп Ақшора алғаш рет толықметражды кино туындысында сомдап отыр.

Жүсіп Ақшора – талай жылдан бері қазақ көрерменінің ыстық ықыласына бөленген, елге кеңінен танылған комедия актерлерінің бірі. Театр сахнасында мол тәжірибе жинақтаған өнер иесі үшін «Сансыз Бай» толықметражды фильмдегі алғашқы басты рөл болды.

Бұл жоба актер үшін оңайға соққан жоқ. Жүсіп Ақшораның айтуынша, ол түсірілімге дайындық кезінде кейіпкерінің болмысын ашу үшін түн ұйқысын төрт бөлген. Түсірілім барысында бірнеше жарақат алып, қабырғасын соғып, қасын жарып алған.

Фильм оқиғасы ірі шаруа қожалығының иесі Сансызбай Дауқараевтың үйіне бухгалтері Арнаттың аяқ астынан келуінен басталады. Арнат ай сайынғы жалақысын 200 мың теңгеден 3 миллион теңгеге көтеруді талап етеді. Мұндай қомақты табыс оған бақуатты өмірге үйренген сүйген қызына үйлену үшін қажет екенін айтады. Ұзаққа созылған тартыс, айлакер әрекеттер мен психологиялық қысымнан кейін үнемшілдігімен танылған Сансызбай амалсыздан оның талабына келіседі.

Алайда оқиға мұнымен аяқталмайды. Арнат жалақыны көтерту – жоспарының алғашқы қадамы ғана болғанын айтады. Негізгі мақсаты – Сансызбайдың қызына үйленуге рұқсат сұрау. Ашуға булыққан отағасы шақырылмаған қонақты үйінен қуып шықпақ болады. Бірақ көп ұзамай Арнаттан құтылу өзі ойлағандай оңай емес екенін түсінеді.

Режиссер Айбек Нигмет үшін де бұл фильм шығармашылық тұрғыдан жаңа белес болды. Бұған дейін Азамат Сатыбалды басты рөлді сомдаған «Мама» драмасын түсірген режиссер бұл жолы алғаш рет сатиралық ситуациялық комедия жанрында бағын сынады.

Фильмнің бас продюсері – Болат Қабдығалиев. Картинаны Орал қаласындағы Artek Cinema кинокомпаниясы түсірді.

Жүсіп Ақшорадан бөлек, фильмде «Бір болайық» бағдарламасы арқылы танылған блогер Малика Қалдарбек, Ақтаудың танымал пранкері Самат Есенұлы, сондай- ақ актерлер Бекзат Жүніс («Аль-Фараби»), Лаура Сабитова («Ыстық ұя»), Алма Халмұханова («Қызым», «Таптым-ау сені 2»), Елікай Жұмабек және Мұхтар Қапалбаев өнер көрсетті.

Ұзақтығы 79 минутты құрайтын «Сансыз Бай» – юмор мен тосын оқиғаларға құрылған сатиралық ситуациялық комедия. Фильмде адам бойындағы сараңдық, отбасы құндылықтары және буындар арасындағы көзқарас қайшылығы әзіл арқылы көркем өріледі.

«Сансыз Бай» фильмі 16 шілдеден бастап Қазақстанның барлық кинотеатрларында көрсетіледі.

0
0
677

Еще по теме