Перейти к содержимому
Обложка сообщества Культура

Қазақстанда зияткерлік спортқа қызығушылық артып келеді: Алматыда халықаралық Го турнирі басталды

Алматыда 17 шілде күні Го ойынынан «Kunanbayev Cup – 2026» III халықаралық әуесқойлар турнирінің ресми ашылу салтанаты өтті. Үш күнге созылатын халықаралық додаға Қазақстанмен қатар Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай, Корея Республикасы және Біріккен Араб Әмірліктерінен келген 60-тан астам ойыншы қатысып жатыр.

Үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған «Kunanbayev Cup» бүгінде Орталық Азиядағы ең ірі әрі беделді зияткерлік спорт турнирлерінің біріне айналды. Биылғы жарыстың жалпы жүлде қоры 10 мың АҚШ долларын құрайды. Бұл – өңірдегі Го турнирлері арасындағы ең жоғары жүлде қоры. Турнирдің бас демеушісі – кәсіпкер әрі Қазақстан Го қауымдастығының президенті Ерлан Құнанбаев.

Қауымдастық президентінің айтуынша, жарыстың басты мақсаты – Қазақстанда Го мәдениетін дамыту, балалар мен жастар арасында зияткерлік спортты кеңінен насихаттау және халықаралық әріптестікті нығайту.

«Биылғы турнирге алты мемлекеттен спортшылар мен ресми делегациялар келді. Біз үшін бұл жарыс тек сайыс алаңы ғана емес, халықаралық тәжірибе алмасу мен интеллектуалдық спортты дамытуға бағытталған маңызды жоба», – деді Ерлан Құнанбаев.

Го – төрт мың жылдан астам тарихы бар, әлемдегі ең көне зияткерлік ойындардың бірі. Бүгінде бұл ойын әлемнің көптеген елінде кеңінен таралып, стратегиялық ойлау, талдау жасау, сабыр сақтау және ұзақ мерзімді шешім қабылдау қабілеттерін дамытуға ықпал етеді.

Турнирге қатысушылардың бірі Азамат Махамбет үшін Го тек ойын емес, өмірлік ұстанымға айналған. Оның айтуынша, бұл ойын түрлі жағдайларды жан-жақты бағалап, ойды жүйелеуге мүмкіндік береді.

«Го тақтасы өмірдегі түрлі сценарийлерді саралауға көмектесетін ерекше кеңістік сияқты. Қазір Қазақстанда, әсіресе қазақ тілінде Гоны үйретуге күш салып жүрмін. Бұл – менің жұмыстан тыс уақыттағы сүйікті ісім әрі жеке миссиям», – дейді ол.

Турнирдің ашылу рәсіміне Қазақстан мен шетелдегі Го ұйымдарының, спорт федерациялары мен зияткерлік спорт қауымдастықтарының өкілдері қатысты. Құрметті қонақтар қатарында Қазақстан Го қауымдастығының президенті Ерлан Құнанбаев, Қазақстан Го федерациясының президенті Ерлан Баймұхаметов, Қырғызстан Го федерациясының президенті Даврон Юлдашев, Шыңжаң Го қауымдастығы төрағасының орынбасары Е Сяоюнь, Шыңжаң шахмат және зияткерлік ойындар қауымдастығының төрағасы Лу Цююй, Қазақстан Го мектебінің директоры Ринат Амангелді және Қазақстан шахмат федерациясының өкілі Болат Амансугуров болды.

Айта кетейік, Қазақстанда Го ойынын жүйелі дамыту жұмыстары 2022 жылдан бері жүргізіліп келеді. 2023 жылы Алматыда алғашқы Го мектебі ашылып, 2025 жылы Қазақстан Го қауымдастығы құрылды. Соның нәтижесінде бұл зияткерлік ойын мемлекеттік және жекеменшік мектептерде, сондай-ақ жоғары оқу орындарында оқытыла бастады. Қазіргі таңда елімізде 5 мыңға жуық адам Го ойынын меңгерген. Ал Го мектебі ашылғалы бері халықаралық және республикалық деңгейде 20-ға жуық турнир ұйымдастырылған.

0
0
606
Баннер сообщества Культура

Еще по теме