40 жыл қырғын көрген Ауғанстан немесе ауған халықтары туралы

Ауғанстан деген елдің аты айтып тұрғандай ата-бабамыз талай рет табан тіреген жұрт еді. Географиялық орналасуы солай, аталған елде 30 шақты түркі-парсы тектес халық тұрады. Мысалы түркі тектес өзбектер, түркімендер, қызылбастар, қырғыздар, афшарлар елдің Ауғанстан Түркістанын құрайды. Одан өзге шараймақ, хазарей сияқты монғолидтың белгілері анық білетінетін халықтар бар. Бір қызығы сол хазарейлердің арасында барлас, найман, ойрат, үйсін, татар, қарлық, қыпшақ, ұйғыр, түркімен, қазақ, қырғыз атты рулар бар.
Халқы 40 млн.-ға тақау (дәл қанша жұрт барын, оның қаншасы өзге елге кеткенін бір Алла ғана білер) Ауғанстан тоғыз жолдың торабы болған соң өзге жұрттық жаулап алушыларды әрқашан қызықтырып отырған және оны ешкім ешқашан бағындырмаған деген пікірді оқып қалдым.
Енді, арғы тарихына тоқталмай-ақ, 1979 жылы Кеңес әскерлерінің «интернационалдық», шын мәнінде отаршылдық басып кіруінен кейін 2 млн. ауған халқы өлім құшып, 15 000 кеңес әскері соғыс даласынан оралмады. Айналып келгенде, Ауғанстандағы жеңіліс КСРО-ның күйреуінің бір алғышарты болды десек қателеспейміз.
Сол уақытта моджахедтердің, яғни өз елі үшін соғысушылардың табанды қарсылығы айналып келгенде ауғандардың отаршыларды қуып шығуына алып келді. Алайда, миллиондаған ауған халқы бас сауғалап өзге елдерге кетуге мәжбүр болды. Олардың ішінде, Иран мен Пәкістанға, Түркияға өткен біздің қандастарымыз да бар еді. Кейбірі, мысалы, 1984 жылы Пәкістанда қалып қойды. Содан бері Қазақстанға жете алмай жүр!!
Ал, Пәкістанға қашып барған ауған жастарының бір бөлігі, яғни медреселердің тәліптері, былайша айтқанда, оқушылары 1990 жылдары тарих сахнасына шығып, кейін ел билігін өз қолдарына алды. Тәліптердің басым көпшілігі пуштун ұлтынан болатын. Бұлардың ұлшылдық бағыты басым болып, шағын ұлыстарға тізесін батырып жіберді, сондықтан, 2001 жылы Ауғанстанда АҚШ пен оның одақтастары майдан ашқанда, тәліптердің тырқырай қашуы халықты олардың қолдамауымен байланысты еді.
Дегенмен, 20 жылға созылған билікті АҚШ жақтастары ұстап тұра алмады.
Қазір, бұрынғыдай Солтүстік Альянс жоқ. Дегенмен, алдағы уақытта ішкі алауыздық қайта орын алуы әбден мүмкін. Ол – біріншіден, Ауғанстан аумағындағы ДАЕШ содырларының бір емес, бірнеше рет жарылыс жасауы. Оның үстіне, тәліптердің, жағдайды тұрақтандыруы үшін қаражаты жоқ. АҚШ 9 млрд. долларды бұғаттап отыр.
Жалпы, Ауғанстанды түсіну үшін оның ұлттық-діни ерекшеліктерін де ұғыну қажетпіз.
1. Пуштундар – Дүние жүзінде шамамен 63 млн. пуштун болатын болса, ең көбі Пәкістанда тұрады, одан кейін Ауғанстан мен Үндістанда да бар. Ауғанстандағы санын дәл айту қиын, дегенмен, ел халқының 40-50 проценті пуштундар. Ауғанстан ішіндегі әртүрлі процесстер барысында олар тәжіктер мен өзбектердің және хазарейлердің жиі қоныстанған аумақтарына да шоғырлана бастады. Бір қызығы, пуштундар парсы жұрты болса да аздаған түркілік элементі бар, мысалы, олардың гильзай деп аталатын жауынгер тармағында халадж атты оғыз тайпасын байқаймыз. Өз кезегінде қазақ ғалымы Аманжолов халадж атауын Алаш атауымен байланыстырады. Билік басында пуштундардың көбінесе дуррани не гильзай тайпаларының отырғанын көреміз. Тілдері пушту, дари тілінде сөйлейтіндері бар, бірақ, ұлттық сана-сезімі пуштундарға тән.
2. Тәжіктер Ауғанстан халқының шамамен 25-40 процентін құрайды. Ауған тәжіктерінің саны тіпті Тәжікстан тәжіктерінің санынан көп. Негізінен елдің Қабыл қаласы мен солтүстік және шығыс аймақтарында шоғырланған. Дүние жүзінде шамамен 20 млн. тәжік бар деп саналады. Бір қызығы ұлт атауы тәж деген сөзден шыққан. Кей деректерде Қабыл халқының 45 проценті тәжіктер деген мәлімет бар. Яғни, тәжіктер қала халқы, мысалы, олар Герат, Ғазни, Мазари-Шәріп қалаларының халқы, дегенмен, дари тілінде Ауғанстанның өзге де жұрттары сөйлейді. Тәжіктер сондай-ақ, ауған жеріндегі өзге жұрт арасында да қоныстанған, олардың әсерінің күшті болғаны сондай, мысалы, хазарейлер де парсы тілінде сөйлейді. Айтқандай діннің де әсерін айта кетейік, мысалы, тәжіктерді фарсиван деп жалпы атаумен атайтын болсақ та, исламның сүннит бағытын ұстанатыны көпшілігі, ал, шиіт бағытын ұстанатын тәжіктер Ауғанстанның негізінен мынадай– Герат, Фарах, Нимроз сияқты батыс провинцияларында, сондай-ақ, Гильменд, Қандағар, Ғазни өлкелерінде шоғырланған.
3. Хазарейлер. Негізінен елдің орталық бөлігінде, яғни, Хазараджатта тұрады, Ауғанстанның шамамен 8-10 процент халқы хазарейлер деп саналады. Өкінішке орай, біздің арамызда мынадай жаңсақ пікір қалыптасқан. Хазарейлер қазақтарға жақын екен, сондағы ой, олардың түрлері монғолоитық. Олай болатын болса, бізге кәріс те жапон да жақын емес пе? Әрине, олардың бір ескі заманда Ауғанстанды жаулап алу кезінде қалған жұрттың жұрнағы екені рас. Галаогруппасының бірі Дәшті Қыпшақ жұртымен жақын екені белгілі. Бірақ, өз басым оларды біртұтас конгломерат деп қабылдай алмаймын. Діні – шиіт, тілі парсыша, тұрмысы көшпелі, өміріне парсы-түркі әсері бар. Және, Ауғанстандағы ең жиі қырғынға ұшырып отырған жұрт. Рулық құрылымына қарайтын болсақ, олардың ішінде, өзге түркі жұрттарын айтпағанның өзінде мынадай қазақ руларын табуға болады: қазақ (иә, осындай ру да бар), жалайыр, керейіт, қыпшақ, найман, қатаған. Заманында ауған сұлтандарының шапқыншылығына ұшырып, өзге елдерге қашуға мәжбүр болған, мысалы, қазір Иран мен Пәкістанда әрқайсында 1,5-2 млн. хазарей тұратын болса, бас сауғалап өзге елдерге қашқаны қаншама, оның ішінде, түркі мемлекеті Түркияның өзінде 33 000 хазарей өмір сүріп жатыр.
4. Өзбектер. Ауғанстанның солтүстігінде тұрады, саны шамамен 1,5-3 млн. көлемінде, кей деректерде 8 млн. деп көрсетілген. Дегенмен, алдыңғы сан жорамалға келетін сияқты. Ауған өзбектерінің тілі өзбек тілі, сонымен қатар, дари тілін де меңгерген, яғни көбінесе қос тілді. Дүние жүзінде шамамен 30-40 млн. өзбек ұлты өкілі бар дейтін болсақ, олардың ішіндегі қыпшақ, сунақ, құрама, қоңырат, қатаған, найман, қаңлы, үйсін де олардың ішінде бар. 92 баулы қыпшақ деген ұғым өзбектің құрамындағы 92 ру-тайпамен де байланысты болар, қалай десек те өзбек халқы құрамында Дәшті Қыпшақ жұртының ізі қалғаны түсінікті. Діндері – сүнниттік ислам.
5. Түркімендер Ауғанстанның Түркіменстанмен шекаралас аймақтарында тұрады. Саны шамамен 1 млн. төңірегінде. Ауған түркімендері саны олардан көбірек ауған өзбектерімен қоңсы қоныстанған. Бір қызығы, олардың жартысына жуығы кезіндегі КСРО-дан қашып барған түркімендердің ұрпақтары. Діні – сүнниттік ислам, тілдері түркіменше, парсы тілінің әсері бар. Және Ауғанстанда түркіменнің мынадай рулары тұрады: ерсары, теке, сарық, салыр және т.б. Жалпы, түркімендер туралы айтқан кезде олардың өз атамекені Түркіменстаннан өзге (4,5 млн. тақау), Иранда (1,5 млн.), Өзбекстан, Пәкістан (Ауғанстаннан қашқан түркімендер), Ресей, Тәжікстан, Қазақстан сияқты елдерде тұратын ескеру қажет. Және Ирак, Сирия түркімендері мен жүйріктер (юрюктар, көшпелі түркімендер) туралы да айтуға болады.
6. Шараймақтар. Атауы айтып тұрғандай бұл халық шар, яғни парсы тілінде төрт және түркі тілінде аймақ деген атаулардын тұратын 4 халықты білдіреді, олар: джемшидтер, фирузкухтар, тайманилер мен теймурилер. Жартылай көшпелі халық, тілдері парсы, дегенмен, түркі тілдерінің әсері өте көп, дұрысы, парсы-түркі аралас халық. Ауғанстандағы саны 1,5 млн. көлемінде, одан өзге, Иран (200 мың) мен Тәжікстанда (7 мың) да тұрады. Былайша айтқанда ұлт болып қалыптасуында екі компонетті көреміз. Айтқандай, төрт ұлыстан тұрады десек те зури атты тайпаны аймақтардың құрамына қосады. Тұрмысы ескі қазақ тұрмысы сияқты, киіз үйлерімен көшіп жүреді. Дегенмен, соңғы уақытта отырықшылыққа бейімделіп жатыр.
Джемшидтер өздерін парсының атақты Жәмшит патшасымен байланыстырады, олар Ауғанстанның Герат және Бадгис провинцияларында тұрады.
Теймурилар болатын болса Ауғанстанның Иранмен шекаралас жерлерінде өмір сүреді, айтқандай діндері исламның сүннит тобы, Ирандағылары шиіт бағыты. Өздерін Темірланның (Ақсақ Темірдің) ұрпағымыз деп санайды. Ауғанстандағы саны 120 мың адам, Иранда тағы 10 мыңдайы бар. Шараймақтардың төрт тайпасының бірі тайманилар, олардың саны 0,5 млн. шамасында деп саналады. Бір ерекшелігі бұлар парсы (дүрзайлар) мен түркі (қыпшақтар) жұртынан тұратын аралас халық. Тілдері дари және фарси. Тұрмыстары көшпенді (қой бағады), отырықшылыққа да ауысқан. Киіз үйлері қазақ киіз үйлері сияқты. Діндері сүнниттік ислам. Олар Ауғанстанның солтүстік-батысында тұрады.
Фирузкухтар Ауғанстанның солтүстік-батысында тұрады. Саны ширек миллион шамасында. Діндері ислам сүннит тармағы. Өз тілдері жоқ, оның орнына парсы тілінің икемделген диалектісін қолданады. Мал шаруашылығымен айналысады, сондай-ақ, егіншілікке де бет алған.
Бұл халық қыста қыстауда отырса, жазда киіз үйлерімен көшіп жүреді.
Айтқандай, аймақ-хазара халқы да шараймақтарға жатады, аты айтып тұрғандай олар шараймақтар мен хазарейлердің арасындағы аралас халық. Хазарейлерден айырмашылығы діндері сүнниттік ислам. Және басқа шараймақтарға қарағанда монғолидтық белгісі басым жұрт.
7. Пашаилар. Саны 100 мың көлемінде. Діндері сүнниттер. Арасында исмаилиттер де бар. Өз атаулары лағман. Тілдері пашаи тілі, сонымен бірге дари және пушту тілдерінде де сөйлейді. Ауғанстанда Қабыл мен Құнар өзендерінің аңғаларында тұратын болса, Пәкістанда Хайбер-Пахтунхва провинциясында өмір сүреді. Егіншілікпен айналысады.
8. Нұрыстандықтар. Дүниенің едәуір бөлігін жаулап алған Ескендір Зұлқарнайын кезінде өз әскерлерін жаулап алған елдің әйелдеріне үйлендіріп алып имериясының өмір сүруін ұзартуды ойлағаны мәлім. Орталық Азияға жеткен Ескендір әскерлері оларға Мараканда атымен белгілі Самарқанд сияқты қаланы да жаулап алған болатын. Қазақ халқында да Ескендір Зұлқарнайынға қатысты аңыз-әңгімелер кездеседі. Ал, енді сол өңірдің оңтүстігіне қарай жылжыитын болсақ Ауған елінің (осы Ауғанстан көптеген халықтардың ауып баратын жері болғандықтан солай аталған деп ойлаймын) батысында, Гиндукуш тауының оңтүстігінде бұрын Кәпірстан атымен белгілі болған тайпалар бірлестігі өмір сүреді. Көпшілік Тәжікстанның Таулы Бадақшаны мен Ауғанстанның Кәпірстаны тұрғындарын Ескендір әскерінің ұрпағы деп санап келген болатын. Бадақшан туралы ештеңе айта алмаймын, бірақ Кәпірстан тұрғындарының түрлері еуропалықтарға келеді, көздері көк, терісі ақ, былай қарасаңыз оларды нағыз орыс не скандинавиялық деп ойлап қалуың мүмкін. Алайда, соңғы зерттеулер олардың қан жағынан еуропалықтармен туыстығы жоғын дәлелдеп отыр. Ал, тілдері Үндіеуропалық тілдер семьясына жататына түсінікті.
Ал, Кәпірстан қалай Нұрыстанға айналды дейтін болсақ, 19 ғасырға дейін дүние жүзіндегі биік Гиндикуш таулары аумағын мекендеген кәпірстандықтар (олардың ішінде, қазіргі кезде калаша халқы ғана өз ерекшелігін қатты сақтал қалған) өз салтымен, өз ғұрыптарымен өмір сүрді. Оларға 19 ғасыр соңында шапқыншылық жорық жасаған Ауған әмірі Әбдірахман түптің түбінде кәпірстандықтарды бағындырып, ислам дініне кіргізді. Ендігі уақытта ислам дінінің нұры таралсын деген оймен сөйтіп Кәпірстан Нұрыстанға айналды. Сонымен, кәпірстандықтар 1896 жылы өз дербестіктерінен айрылды. 1930 жылдарға дейін олардың Ауғанстан мен Пәкістан аумағындағы тұрғындары ислам дініне өтіп болды. Пәкістан аумағындағы қалғандары 1970 жылдары өткен болса, соңғы өздерінің пұтқа табынушылық дінін ұстанушылар саны шамамен 3000 адам төңірегінде. Айтқандай түрлерінің осылай сақталып қалуы басқа халықтармен араласпаушылықтан пигментацияның көп өзгеріске ұшырамауынан, негізінде көпшілігінің түрлері жақын маңдағы халықтарға келеді екен.
Айтқандай бұрынырақта осы Кәпірстанға қатысты шытырман оқиғалы «Человек, который хотел быть королём» деген фильм көрген едім, фильм желісі өте қызықты! Ауғанстан мен Пәкістанда тұратын нұрыстандықтардың жалпы саны 150-300 мың аралығында.
9. Ауғанстанның Памир халықтары. Бұлар ұсақ халықтар және Ауғанстанның солтүстік-шығысында, Бадақшан провинциясында тұрады. Жалпы, Памир халықтары Қытай мен Тәжікстанда, Пәкістанда және Ауғанстанда түрады, саны 300 000 көлемінде, оның 25 000 Қытайда, әрбірінде 45 000 мыңнан Пәкістан мен Ауғанстанда, 135 000 Тәжікстанда тұрады. Ауғанстанға қатысты айтатын болсақ шуғнандықтардың бір бөлігі, рушандықтардың бір бөлігі, ишқашимдықтардың бір бөлігі, мунджандықтардың бір бөлігі, сангличтықтар, вахандықтардың бір бөлігі памирліктерді құрайды. Тілдері ана тілдері, дегенмен, тәжік тілінің әсері күшейіп отыр, діндері ислам, оның ішінде, көпшілігі исмалит тармағын ұстанады. Атақты Вахан дәлізі олардың жерлері арқылы өтеді. Олар өздерін Ескендір Зұлқарнайын ұрпағымыз деп санайды. Памир тілдері Ауғанстандағы ресми тілдерге жатады. Ауғанстандағы Памир халықтары дари және пушту тілдерін біледі.
10. Белудждер. Біз көбінесе Белуджистан туралы білеміз. Өйткені, белудждер саны көп халықтардың бірі, олар негізінен Иран, Ауғанстан және Пәкістан аумағында тұрады. 7,5-11 млн. белудждердің тек 600 мыңға тақауы Ауғанстанда тұрады. Белуджер парсы халықтарының ішіндегі көшпелі тұрмысты ұстанатын жұрттың бірі және көптеген тайпаларға бөлінеді. Тілдері – белудж тілі, діні – сүнниттік ислам. Ауғанстанның оңтүстік-шығысында тұрады.
11. Брагуилер. Ауғанстанда шамамен ширек миллион брагуилер тұрады. Брагуилер өзге үнді-еуропалық халықтардың арасында қалып қойған дравид халқы деп саналады. Олар көшпелі және жартылай көшпелі өмір сүреді. Ауған брагуилері Исламның сүннит тармағын ұстанады.
12. Парачилер. Парсы тілдес халық, тілдері жоғалған, қазіргі уақытта дари тілінде сөйлейді. Бұрын Қабылда тұрған болса, кейін Парван провинциясында, соңында қайтадан Қабыл маңында өмір сүргенін көреміз. Бұл халық Бабыр кезінен белгілі жұрт. Аз санды жұрт, бірнеше қышылақта ғана өмір сүреді.
13. Гуджарлар. Гуджарлар негізінен Үндістанда тұрады, дегенмен, Ауғанстан аумағында олардың Алингар және Құнар өзендері аңғарында өмір сүреді. Үндістанда тұратындарының басым көпшілігі индусистер болса, қалғаны және Пәкістан мен Ауғанстанда тұратын гуджарлар мұсылмандар. Мал шаруашылығымен айналасады.
14. Қырғыздар. Ауған қырғыздары аталған елдің ежелгі тұрғындары. Шамамен 17 ғасырдың өзінде олардың Ауғанстан аумағында пайда болғанын көреміз. Қырғыздар Ауғанстандағы ең биік таулы аймақта тұрады. Талибан қозғалысы биыл билікке келген кезде олар Тәжікстанға қашуға мәжбүр болды, кейін, Ауғанстанға қайтып оралды. Бір бөлігі Қырғызстанға көшіп келген. Тілдері қырғызша, діндері ислам. Оқшау өмір сүрген соң өз ұлттық ерекшеліктерін сақтаған. Саны 700-2000 адам көлемінде.
15. Афшарлар мен қызылбастар. Қызылбастар Ауғанстанның қала халқы. Нәдір шах кезінде ауған жеріне қоныстандырылған. Қызылбастар туралы айтқанда біздің есімізге Қобыланды батырдың қызылбастармен соғысы еске түседі, әрине, кезіндегі жауынгер түркі жұрты. Иран династияларының бірі қызылбастар еді. Орта Азия елдерімен, оның ішінде, қазақ хандығымен де соғысқан. Тілдері түркі тілі, оның ішінде, оғыз, яғни, әзербайжан тілінің диалектісі деуге болады. Алайда, Қандағар қызылбастары дари тіліне көшіп кеткен. Ал, афшарларға тоқталатын болсақ, олар да түркі халықтарының бірі, оғыз тармағына жатады. Афшарлар Қабыл маңында өмір сүреді, тұрмыста түркі тілін (оғыз тілі, әзербайжан тілінің диалектісі) пайдаланғанмен, парсы тілінің басымдығы бар. Көрші халықтар афшарларды да қызылбастар деп санайды. Таң қаларлығы қызылбастардың құрамында қазақлы деген тайпа (ру) бар.
16. Моғолдар. Ауғанстандағы саны шамамен 20 000. Моғолдар сондай-ақ, Пәкістан, Үндістан, Шри-Ланка сияқты елдерде тұрады. Бірақ, моғолдардың Ауғанстанда, түркі тілінде, яғни, ана тілінде сөйлейтіндері 200 адам ғана. Бір қызығы бұл моғолардың құрамында арғын тайпасы бар. Көшпелі тұрмыс кешкенмен, көршілері тәжіктерден егін шаруашылығын үйреніп, оған көшіп алған. Діндері – мұсылман-сүнниттер.
17. Күрдтер. Ауғанстан күрдтері саны аз халықтарға жатады. Тілдері – күрд тілі. Қоныстандырылған халықтың бірі. Саны 200 000 көлемінде.
18. Қазақтар. Әдетте, Ауғанстан туралы айтқанда, әрине ондағы қандастар туралы еске аламыз. Қандастарымыз осыдан 90-150 шамасында кеткен екен. Дегенмен, осы тақырыпты тереңірек зерттей бастап, ол мерзімнің ерте екеніне көз жеткіздім. Мысалы, кейбір ағайындар ауған жеріне қазақ даласынан 1740 жылдары кеткені белгілі болды.
Әрине, өзге жұрттың ортасында отырған соң тілі де антрополгиялық бейнесі де, тұрмысы мен танымы да өзгеретіні түсінікті, дегенмен, мысалы, Ауған қазақтарының Фейсбуктағы парақшаларына қарап, олардың алдын 30, кейінгілері 10 жыл көлемінде Қазақстанға жете алмай жүргеніне таң қалдым. Сосын, тағы бір байқағаным Пәкістан жеріне өтіп кеткен ағайындар да бар екен.
Дегенмен, біздің Сыртқы істер минстрлігі Ауғанстандағы қандастардың алғашқы легін елімізге алып келді. Дей тұрғанмен, ол көш тоқтамайды деп сенемін және осы ретте, екі жайтқа назар аударғым келеді. Бірінші, оларды, әзірге ата-бабасы шыққан өңірлерге қоныстандыру керек, кейін барып, бәлкім, солтүстікке жіберу қажет болар. Және, олардың қазақтығын анықтауда туыстары арқылы мысалы, руын білуге болар. Жалпы, Ауғанстан қазақтары зерттелмеген тақырып деп ойлаймын.
Осыдан біраз жыл бұрын Алтыншаш Жағанова Ауғанстанда 250 000 қандасымыз тұрады деп еді, әрине қателесіп айтқан болар, қазір менің білуімше қазір бар болғаны 20 отбасы ғана қалды (қателесуім мүмкін). Кезінде 1920-1930 жылдары Ауғанстанға қашып барған бауырларымыз "Сейстан қырғынына" ұшырағанынан хабардар шығарсыздар. Шекарадан өтер кезде жау қолына түспес үшін бір бірімен жолбарыстың ырылымен сөйлескен халықпыз ғой.
Бір жолы видеода көрген наймандар (жеке найман жұрты ма әлде қазақ найманы ма біле алмадым?!) Ауғанстанның Парван провинциясында тұрады екен, жалпы саны 70 000 санында, кейбір сөздерін түсінуге болады! Домбыра тартып отыр, таға, әже, бұлақ деген сөздерін анық түсіндім. Ауғанстанға осыдан 250 жыл бұрын келдік деп отыр.
Қызық әрине, бірақ енді тек этнографиялық материал ретінде қарастыру керек!
Айтқандай бір қызық дерек оқыдым, Бабыр Үндістанды жаулап аларда Ауғанстан арқыл өткен ғой, сонда ауған тайпаларымен көп соғысыпты, кейін бағынышлығын білдіру үшін ауғандар аузына шөп тістеп келетін салты болыпты.
