Қаңтардағы қызыл гүл...
Тереземнің арғы бетіндегі аппақ қардың арқасында терезе жақтауында тұрған қызыл гүл маған ерекше ыстық болып көрініп тұр. Адам атаулы да сондай ғой. Оның қоршаған ортасы қандай болса, сырт көзге сол іспеттес болып көрінеді. Дегенмен әркімнің өзінің іште жатқан құпиясы, жеке сұлулығы мен дара мінезі бар. Ал осы қасиеттерді көріп, бағалай білген, оны қабылдай алған адамдар ғана қаңтарда түскен таза ұлпақ қарлар сияқты. Иә, олар да кейін жоқ болады.

Өмірде ештеңе мәңгі емес. Сіз ойлаған таза махаббатыңыздың ыстық жалыны уақыты келгенде қызыл шоққа айналып, соңында күңгірт рең тартқан күлге айналады... Жолдасқа теңеп жүрген досыңыз (барлығы демеймін) өз мүддесін ойлап, ту сыртыңнан алдап кетуі де мүмкін. Бала күндері ерекше иісімен есте қалған әжеңнің қараша үйі де бүгін аңырап бос қалуы мүмкін. Бұның барлығы өмірдің шындығы. Көзге таққан алқызыл көзілдірігің тамаша өмір сыйлағанымен, өмірде көзіне асылдан жасалған көзілдірік таққан адамдар қаншама... Олар онсыз өмірдің шындығын да, өтірігінде көргісі келсе де, көре алмайды. Оны қойып, өмірді мүлдем көрмейтін, жанымен ғана сезетін адамдар бар. Міне, осындай жағдайлардан кейін қолымда тұрған "алқызыл" көзілдірікті сындырып, өмірге дұрыс көзқараспен қарағым келеді. "Біреу тоңып, біреу тойып секіреді", - деген сөзді бала күнімде үлкендерден көп естігеніммен, мән мағынасын енді ғана түсініп отырмын. Осы жағдайда өміріме риясыз ризашылығымды білдіргім келеді! Жазбаға себепкер болған бүгін бар, ертең жоқ болатын қаңтардағы қызыл гүл...
