Мазмұнға өту
Обложка сообщества Дневники

Өзгерістер

Көктемнің алғашқы айынан бері жазба жазып, ой бөліспегенімді бүгін ғана, қоңыр салқын ауа райы басып, күз түскенде, байқап отырмын. Жаз бойы естен кетпестей демалып, көңіл көтердім деп жазады қазір деп ойлап жатсаңыздар, сіздердің өкініштеріңізге немесе қуаныштарыңызға орай, биылғы жазда ондай демалыстың сәті түспеді. Дегенмен де игі істер жасалынып, жаңа бастамаларға жол ашылды, кейбір маңызды жұмыстардың орындалуында жоқ жерден кедергілер шығып қалып, үлкен мақсатым жүзеге аспай қалды. Бірақ болмайды-ау деп жүрген істерім тез-ақ іске асып, өмірімді өзгертті десем де болады. Бұның барлығын жазып отырған себебім, әркімнің Жаратушы сыйлаған өмір жолы мен маңдайға біткен тағдыры бар. Оны өзгертем деп ұмтылсаңыз одан бетер өміріңізді қиындатып алады екенсіз. Маусым айында үш аптадай пәтерімнен шықпай сырттағы өмірмен араласпадым. Уақыты келді дегенде сыртқа шықтым. Сол кездегі менің түрімді көрсеңіздер күлерсіздер, мен үшін де қызық сезім болды. Ең қиыны көшедегі адамдарға үйренісу, дүкендегі сатушымен сөйлесу. Өзімді бейне бір шөл даладан үлкен мегаполиске келген адамдай сезіндім. Бірақ мен бұл көшелерді де адамдарды да сағынбадым, аңсамадым, жетіспегені тек күннің шуағы мен айдың сәулесі ғана және мейірім мен махаббатқа толы туған үйге деген сағыныш. Сол үш апта көлемінде жалғыз отырып қана өмірім жайлы көп ойланып, дұрыс бағдарларға жол аштым. Ұзақ уақыт көлемінде төрт қабырғаға қамалып не үшін отырды деген ойлар келіп қалды ма?) Жоқ, бұл шешім депрессия не болмаса социофобия деген сияқтылардан емес, денсаулығым біраз сыр беріп, жиырма күнге адамдармен араласуға рұқсат берілмеген абзал жандардың тарапынан қойылған талап. Сондықтан да бәрінен де денсаулығым қымбат деп талапты орындауға тура келді. Қазір Құдайға шүкір, бәрі жақсы! Осылайша, жаздың бір айы жалғыздықпен өтті. Шілдеде жұмыстарымды реттеп, туған жеріме асықтым. Осы жолы ата-анам мен туған-туыстарымның жандарында аз ғана уақыт өткізуге тура келді. Осы айда құрбымызды ұзатып, жаңа жанұяға аттандырып жібердік. Басы бостардың қатары жылдан-жылға азайып келеді) Тамыз айы қиын жұмыстармен өтті. Бір ай көлеміндегі тер төгудің арқасында бір мақсат орындалып, орындалмай қалған үлкен мақсатымның орынын толтырды. Осы жазда бірааз есейдім, негізі шынымен есейіппін ғой, туылғын күнім жазда) Алғашқы рет Алматыда өткізіп, анам мен әкемді телефон арқылы құттықтауға тура келді. Менің соңғы жаңалықтарым осы... Екі мың он сегіздің жазы - өмірімдегі ерекше мезгіл болып, есте қаларлық өмірімнің негізгі тарауларының бірі болды. Өмір-кітабінің жаңа тараулары да жалғасын тауып, өз орынымен жазылатындығына сенімім мол. Әрине, тек қуаныш пен қызықты сәттерден ғана тұрмайтындығы белгілі. Бірақ Жаратушы қиын күндерді көтере алатын адамдарға ғана береді дейді ғой. Сол күндерді аса сабырлық пен төзімділікпен өткізейік. Өз өміріміздің үлкен көлемді эпопеясын сіздер де біздер де мән-мағынасын келістіріп, бақыт құшағында, терең ақылмен, мөлдір сезімге толтырып пәк жүрекпен жазып шығамыз деп ойлайық, тілейік. Бүгінгі жүрек ақтаруым осы болды. Алдағы уақытта ашылып ақтарылмаймын....

1
0
743