Алматыда «Қазақстан Аруы 2025» Ұлттық сұлулық байқауының Гранд-финалы өтеді
4 желтоқсан күні Алматы қаласында «Қазақстан Аруы 2025» Ұлттық сұлулық байқауының финалы өтеді. Елдің түкпір-түкпірінен жиналған 20 финалист қыз бас жүлде мен 2026 жылы халықаралық «Ғалам Аруы» байқауында Қазақстанды таныту мүмкіндігі үшін бақ сынайды.
Биылғы маусым байқау философиясы мен көлемі тұрғысынан үлкен жаңарудың символына айналды. Байқау бүгінгі күні сұлулықты тек сыртқы пішін ретінде емес, интеллект, өзіндік сенім, эмоциялық кемелдік және қоғамға әсер ете алатын қабілет ретінде қабылдайтын ұлттық платформа ретіндегі мәртебесін күшейтті.

27 қараша күні Алматыда жарқын әрі әсерлі жартылай финал өтті. Оған өңірлік кезеңдердің жеңімпаздары және тоғыз ай бойы өткен ашық кастингтер арқылы іріктелген 31 қатысушы қыз қатысты. Үш сахналық шығу – кешкі көйлектер дефилесі, спорттық дефиле және коктейль образы арқылы кәсіби қазылар алқасы финалға өтетін 19 қызды анықтады. Ал 20-шы финалист – «Джокер» атағына ие қатысушы – кейін жарияланады.
Маусымның «Freedom of Choice» («Таңдау еркіндігі») тақырыбы қазіргі қазақстандық қоғамдағы өзгерістердің табиғи жалғасына айналды. Таңдау еркіндігі – қыздың өз болмысын сақтап, ойын ашық айтуға, өз жолын өзі таңдауға, сыртқы көзқарастардың шектеуіне түспеуге деген құқығы. Биылғы финалистер маңызды әлеуметтік мәселелер туралы ашық айтуға, жеке дамуға және Қазақстанды халықаралық аренада кәсіби әрі адал танытуға дайын екенін көрсетті.
Финалдың визуалды концепциясында ерекше орын алатын басты элемент – финалистердің көк түсті көйлектері. Көк түс таңдау еркіндігін, ішкі күшті, әлемге ашықтық пен өз жолына деген сенімді білдіреді. Бұл түс маусым филоcофиясын толық ашып, әр қыздың даралығын, тереңдігін және тәуелсіздігін көрсетеді.
Байқау бағдарламасы үш негізгі дефиледен тұрады. Әр кезеңнің нәтижесінде ТОП-10 және ТОП-3 анықталады, сондай-ақ үздік қатысушылар өз визиткаларын таныстырады. Кеш қонақтары үшін сахнада елдің танымал әртістері – Akim және Dilbara өнер көрсетеді. Олардың жарқын нөмірлері кештің эмоциялық шыңы болады.

Маусымның ең маңызды жаңалықтарының бірі – ресми шешім: Ұлттық байқаудың негізгі жеңімпазы «Қазақстан Аруы» атағын иеленіп, 2026 жылы халықаралық «Ғалам Аруы» байқауында Қазақстанның ресми өкілі болады. Бұл шешім байқау мәртебесін арттырып, қатысушыларға қойылатын әлеуметтік, интеллектуалдық және мәдени талаптарды күшейтеді.
Бас тәжден бөлек «Vice Miss Qazaqstan» және халықтық дауыс беру нәтижесі бойынша «Miss People’s choice» атақтары беріледі. Сонымен қатар қазылар алқасы «Әлем Аруы Қазақстан» және «Miss Grand Qazaqstan» титулдарының иегерлерін анықтайды. Олар 2026 жылы осы бағыттағы халықаралық байқауларда Қазақстанды таныту мүмкіндігіне ие болады.
Биылғы маусымда қатысушылардың қыр-сырын ашатын арнайы атақтарды байқаудың ресми серіктестері табыстайды: «SunGroup» мейрамханалар желісі, «Adalin Clinic by Seksenbayev» пластикалық хирургия клиникаларының желісі, «Dress Angel» кешкі көйлектер салоны және «Marie Claire Kazakhstan» халықаралық сән журналы. Олар финалистердің креативін, әлеуметтік белсенділігін, сенімділігін және әйелдер бастамаларын дамытуға қосқан үлесін бағалайды. Бұл марапаттар финалдан кейін қатысушыларға кәсіби коллаборациялардан бастап әлеуметтік жобалар мен медиа арнайы жобаларға дейін көптеген жаңа мүмкіндіктер ашады.
Қазылар алқасының құрамына сән, спорт, кино және сұлулық индустриясының мойындалған мамандары енді:
· Айжан Рузаева – «Қазақстан Аруы» Ұлттық байқауының директоры
· Сауле Рабаева – телепродюсер, кино продюсері, ірі жобалар ұйымдастырушысы
· Арзубек Вонама – fashion-дизайнер, Қырғыз Республикасының мәдениет саласының үздігі, «Қазақстан Аруы», «Мисс Россия», «Мисс Кыргызстан» жобаларының ресми дизайнері
· Айгерім Абилкадирова – дзюдодан 12 дүркін Қазақстан чемпионы, Vice-Miss World International 2025
· Куаныш Секcенбаев – Adalin Clinic клиникалар желісінің иесі, Қазақстанның жетекші пластикалық хирургі
· Ляззат Лазарчук – дизайнер, Dress Angel және Eleon Dress салондарының иесі, «Қазақстан Аруы» жобасының дизайнері
«Қазақстан Аруы 2025» – қыздарға өз дауысын, өз энергиясын, өз ықпалын көрсетуге мүмкіндік беретін платформа. Бұл – заманауи Қазақстанның мәдени коды, жас әйелдердің күші және олардың әлемді жақсы жаққа өзгертуге деген талпынысы тоғысатын сахна. 4 желтоқсан күні ел жаңа «Қазақстан Аруы» атағының иесін – таңдау еркіндігінің символына айналатын, халықаралық аренада Қазақстанды танытатын қызды біледі.
