Ауғанстанда интернет екі тәулікке созылған үзілістен кейін қайта қосылды
Ауғанстанда телекоммуникация және интернет қызметтері 48 сағаттық үзілістен кейін сәрсенбі күні түстен соң қайта қалпына келтірілді, деп хабарлайды Yvision.kz Tolo News агенттігіне сілтеме жасап.

Байланыстың қайта қосылғанын NetBlocks халықаралық интернетті бақылау қызметі мен Cloudflare Radar деректері де растады. Интернеттің қайта қосылуын тойлау үшін ауғандықтар көшеге шықты.
Бұған дейін БҰҰ интернеттің өшірілуі елді іс жүзінде сыртқы әлемнен толық ажыратқанын мәлімдеді. Ұйым өкілдері мұндай жағдай экономикалық тұрақтылыққа қауіп төндіріп, әлемдегі ең ауыр гуманитарлық дағдарыстардың бірін тереңдетуі мүмкін екенін ескертті.
BBC хабарлауынша, электр қуаты мен интернеттің болмауы кәсіпорындардың жұмысын тоқтатты, төтенше қызметтерге қолжетімділікті шектеді, әуе рейстерінің және халықаралық аударымдардың орындалуына кедергі келтірді. Сондай-ақ әйелдер мен қыздардың оқшаулану қаупі күшейгені айтылды.
BBC-ге үкіметке жақын дереккөз интернеттің талибандар премьер-министрінің бұйрығымен қайта қосылғанын растады. Алайда Ауған билігі Anadolu агенттігіне берген түсініктемесінде ел бойынша интернетке тыйым салу туралы хабарламаларды жоққа шығарды. Ресми мәліметке сәйкес, үзілістер ескі оптикалық талшықты кабельдерді ауыстырумен байланысты.
— Интернетке тыйым салдық деген қауесетке ешқандай негіз жоқ, — деп мәлімдеді әкімшілік өкілдері, кабельдерді ауыстыру жұмыстары жүріп жатқанын атап өтті.
Еске сала кетейік, 29 қыркүйекте NetBlocks Ауғанстан аумағында интернеттің толық өшірілгенін тіркеген еді.
