Бұрынғы банкир Жомарт Ертаевтың бостандыққа шығуы туралы қаулының күші жойылды
Бұрынғы банкир Жомарт Ертаевтың бостандыққа шығуы туралы сот қаулысының күші жойылды, деп хабарлайды Yvision.kz Мәжіліс депутаты Абзал Құспанға сілтеме жасап.

Жомарт Ертаев. Фото: inbusiness.kz.
— Бүгін Ертаевқа қатысты сот қаулысы жойылды. Бас прокуратураға, прокурорға және Алматы облысының сотына, сондай-ақ бұл мәселені алғаш көтерген журналистерге алғыс айтамын, — деп жазды Құспан әлеуметтік желідегі парақшасында.
Депутат Ермұрат Бапи де түсініктеме беріп, Бас прокуратура Құспан мен оның адвокатының өтінішін қанағаттандырғанын және Жомарт Ертаев қайтадан қамауға алынатынын атап өтті.
2020 жылдың 16 қарашасында сот Ертаевты «Bank RBK» АҚ-нан 144 млрд теңгені жымқырды деп айыптап, 11 жылға бас бостандығынан айыруға, мүлкін тәркілеуге және 10 жылға банк саласында қызмет атқаруға тыйым салуға үкім шығарған болатын. Сол іс бойынша кәсіпкер Бақыт Ибрагим сегіз жылға сотталды.
Сотталған Ертаев жазасын колонияда өтеп жатқан, алайда кейін амнистияға ілініп, бостандыққа шыққан еді. Оған пробация қызметі бақылау жасауы тиіс болатын. Бұл жағдайға сол кезде Ішкі істер министрі Ержан Сәденов те пікір білдірген.
Қазір Алматы облысының соты түсініктеме беруі күтілуде.
