Қазақстан Республикасы пенитенциарлық жүйесінің 300-ден астам қызметкері пробация туралы заңның қабылдану аясында оқудан өтеді
«Қазақстандағы қылмыстық әділеттілікті жетілдіру» еуропалық одақ жобасының қолдауымен республиканың пенитенциарлық жүйесінің 300-ден астам қызметкері «Пробация туралы» Қазақстан Республикасы Заңының қабылдануы тұрғысында оқудан өтуде, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметі хабарлағандай, пробация және сотталғандар арасындағы тәрбие жұмысы қызметтерінің қызметкерлеріне арналған алғашқы екі күндік оқу семинары жиырма бесінші қазанда Өскемен қаласында басталған болатын.
Осы сияқты жиындар және семинарлар сот, прокуратура органдарының және жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің қатысуымен, сондай-ақ халықаралық сарапшылардың тартылуымен республиканың төрт өңірінде: Өскемен, Алматы, Ақтау және Қарағанды қалаларында өтеді деп атап өтілуде.
«Қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлері пробация қызметін және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және есепте тұрған азаматтарды оңалтудың кешенді стратегиясын дамытудың негізгі бағыттарын, сондай-ақ пенитенциарлық жүйе саласындағы халықаралық сарапшылардың ұсынымдарын зерттейді», - делінген хабарламада.
Одан басқа, Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті дайындаған пробация және тәрбие жұмысы қызметтері саласы бойынша әдістемелік ұсынымдар оларды қызметтік жұмыста одан әрі практикалық қолдану үшін таныстырылады.
Еске сала кетейік, Ішкі істер министрлігі «Пробация туралы» және «Қазақстан Республикасы кейбір заңнамалық актілеріне пробация мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын Ұлт жоспарының отыз үшінші - қадамын орындау шеңберінде әзірлеген болатын. Заң жобаларының мақсаты – қылмыстық саясатты одан әрі ізгілендіру, оны әлемдік стандарттарға, соның ішінде кінәлі адамдарға қайта әлеуметтендіру әсерін арттыру арқылы жақындату.
Ақпарат көзі: strategy2050.kz
