Мазмұнға өту
Обложка сообщества Мемлекет

Қазақ тілі Каир университетінде оқытылатын болады

Араб елінің университетінің оқу жоспарында қазақ тілі пән ретінде алғаш рет енгізіледі. Бұл туралы Қазақстанның Египеттегі Елшісі Арман Исағалиев Каир университетінің ректоры, профессор Мохаммед Аль-Хоштпен кездесу барысында мәлімдеді, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Ректор Қазақстан Республикасының Елшілігіне 2018-2019 оқу жылынан бастап Каир университетінің әдебиет факультетінде қазақ тілін үйренуге арналған жаңа пән ашу туралы бастама көтергені үшін алғысын білдірді.

Өз кезегінде, 2018-2019 оқу жылынан бастап Қазақстан еліміздің жоғары оқу орындарында оқу үшін жыл сайын Египет азаматтарына 18 стипендия бөледі.

1908 жылы құрылған Каир университеті Әл-Азхар университетінен кейінгі Таяу Шығыстағы екінші жоғары оқу орны. Бүгінгі таңда университет құрамында 20 факультет, 10 ғылыми орталық, 1 обсерватория, 2 аурухана, 10 медициналық орталық бар. Каир университеті әлемдік рейтингте жоғары лауазымға ие, атап айтқанда, фармацевтикалық мамандандыру бойынша 100-ші орынды, медицина бойынша ең үздік 250, машина жасау бойынша жоғарғы 200 және химия саласы бойынша топ-300 қатарында.

Каир университетінің түлектері қатарында- Нобель сыйлығының лауреаттары Нагуиб Махфуз, саясаткерлер Ясир Арафат, Мохаммед Бараде және басқа да беделді саясаткерлер мен ғалымдар бар.

Қазірдің өзінде Каир университеті Қазақстандағы бірнеше ЖОО-мен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған болатын.

0
0
267

Осы тақырып бойынша