ҚАЗАНДЫҚ АРАЛЫН ЖАҒАЛАЙ-Жаңа Жер
Жағадағы лашық жартылай құлап қалған екен. Олжа онша болмағандықтан бұл аралға кәсіпкерлер онша келмейді және жетуі де оңай емес. Сондықтан аралдарға ғылыми-зерттеу жүргізген кезде жөнделетін лашыққа жылдап адам қолы тимейді, сонан шатырынан тамшы ағып, төбесі опырылып, қабырғалары құлайды. Бірақ түнеп шығу үшін жөндеудің ретін таппай, күн жақсы болған соң олар мұзға қонды.
Елең-алаңда бәрі иттердің абалағанынан оянды.
– Аю болып жүрмесін! – деп Горохов шала-шарпы киінген бойы мылтығын алып шатырдан ата шықты. Қалғандары да оған ілесе шығып ғажап бір көріністен аңтарылып қалды. Иттердің арғы жағында он қадамдай жерде батылсыздана қарап үш ақ аю тұр. Байлаулы сексен иттің бәрі қарғысында шапшып, артқы аяғынан тік тұрып, шаптыға шабаланады. Ырылдаған, қырылдаған ызы-шуынан тірі тұрсын, өлі адам оянғандай. Зады, аюлар екі жақ бүйірден ешбіріне жұлмалатпай қай итті тарпа бас сап бүктеп тастауды ойлап тұрса керек. Байлауы матасып бір жерге топырлап, сонда да шабаланып жатқан иттердің шеткі жегініне аюлар бұрыла беріп еді, сол сәт екі шатырдан да мылтық гүрс етті. Ординнің атқан оғы тиген бір аю мұзға мұрттай ұшты да, қалған екеуі қан-жоса із тастап тұра қашты. Каюрлар бар, Горохов пен Горюнов бар, шамасы, қатты жараланған бір аюды қуып жетіп, соғып алды. Үшінші аю сеңдердің арасына кіріп жан сауғалады.
Аяқ астынан түскен олжа кісілерді де, иттерді де етке кәре ғып тастады және аралдың теріскей шалғайынан салынбақ қоймаға қыруар сақтық сүр қалдыруға жағдай жасады.
Етті мүшелеп бөлу аз-ақ уақыт алды да, ұзамай керуен терістікті бетке ап ілгері жылжыды. Арал жағалай саяхат жасауға табаны күректей төрт күн кетті, себебі ол ұзынынан жүз сексен шақырым болғанымен, жаға бойлай жүргенде екі жүзден асушы еді. Іштей қарағанда арал түгел таулы, тастақты тундраға ұқсайды.
Арал жағалай ақырғы асудан асарда түс ауа Решетникова өзенінің сағасынан өтер тұста күн кенеттен тағы да бұзылды. Аспанды әудемде бұлт торлап, оңтүстік-батыстан жел тұрды да, қар төпеді. Аяз күшті болмағасын қарға қарамай олар ілгері тарта берді, ойға алған Қазандық аралының терістік тұмсығы таяу еді.
Аралдың бұл тұмсығы біртегіс мүйіс тәрізді. Қыстап қалсақ қажет болар деп Толль экспедициясы қойманы соған тақау салған. Құрлыққа қайтар жолда қыстауға тура келе ме деп Горюнов та қоймасын сол лашықтан сайламақ болды.
Лашық тәп-тәуір екен, онан іздестіру аяқталған соң қажеті болмай қалдырып кеткен біраз азық-түлік табылды; оның ішінде әжептәуір сүр, бірнеше жәшік консерві мен кепкен нан, бір теген аю майы, тіпті қатып жатқан тұтас бұғы еті бар. Аралды жаз көп бұғы жайлайды, олар ерте көктемде мұз үстімен келіп, күзде су қатқан соң құрлыққа қайта оралады. Олар осынау қиын сапарға ата жауы адамнан сақтанып бас тігеді, әйтпесе күз терістіктен қайтқанда жел құлап, жұқа мұздың ойылып кетуі кәдік. Оның үстіне арал емін-еркін жайлауына жақсы және құрлықтағыдай адамды да, хайуанды да мезі қылатын маса-сона жоқ.
Бұғылардың аралға өтуі басталғанға ұқсайды, Кіші Ляховский маңында ара-тұра олардың ізі көзге шалынды. Каюрлар болса келуі енді жиілеуге тиіс бұғыларды қайтар жолда ауламақ. Сондықтан олар нарталарындағы жүкті түсіріп, жиһангездермен қош айтысып, қалған күнді пайдаланып бұғы аулау үшін қоналқаға қолайлы жер іздеп, Қазандық аралының шығыс жақ жиегін бойлай тартты. Олардан экспедиция барысын баяндап, Горюнов Шенкке хат жазып жіберді. Бұл Горюновтьң жіберіп үлгерген ақтық хабары еді, оның өзі астанаға тек күзде ғана жетуі керек.
Жиһангездер каюрлармен көңілі құлази қоштасып, қашан олар қылтадан бұрылып көзден ғайып болғанша ту сыртынан қарап тұрды. Өзге әлеммен бұларды жалғастырып тұрған ақырғы жіп те үзілді. Олар енді өздеріне өздері ғана сүйеніп, басқа бір көмек жайын тіпті қаперіне де алмай, беймәлім тірліктің табалдырығында жападан-жалғыз қалды.
Ауыр ойдан арылу үшін олар қоймаға қалдырмақ мүліктері мен азық-түліктерін реттеп сұрыптай бастады, ертеңіне күн жақсы болса, терістікке қарай жедел жол тартпақ. Мезгіл наурыздың аяғы, күннің ұзақтығы он үш сағаттан асады, ашық болса жер жіпсіп, жол бұзылуы ықтимал. Олар жәшіктерді сұрыптап белгі салып, дестелеп лашықтың түкпіріне тықты, соның өзінде оларға қонып шығар орын қалды.
Кешкісін басылған жел түн ортасында қайта күшейіп, аяз 40 градустан асты, онымен қоймай боран көтерілді. Таң ата иттерге ас құйғалы тысқа шыққан Горохов пен Никифоров тоңып жаурап келіп, жол жүру мүмкін емес екенін хабарлады. Мұндайда тырп етпей тек жату керек, жатпаса тандырдан түтін шалқыған күңгірт лашықта отырып барқадар таппайсың. Олар тек ас әзірлегенде ғана тұрып, қалған уақытта жамбастап жатты да қойды.
Бораннан амалсыз отырып қалған күннің ертеңіне Никифоров тандырға от тұтатып жүріп, лашықтың бір бұрышына үйілген отынның арасынан сырты бұдырмақты, сәл иілген, бір ұшы істік ап-ауыр әлдене тауып алды. Оны қолында аударыстырып тұрып, жанатынына шүбәланған ол Гороховқа көрсетті.
– Бұл эксекю құстың тырнағы болса керек, – деді якут.
– Тырнақ? Қой, бұл менің қолымнан сәл ғана қысқа ғой,– деп таңданды казак. – Тырнағы мынадай құс біздің лашығымыздан да үлкен болуы керек қой онда. Бұл құс қайда мекендейді?
– Қариялар ол Қазандық аралында болған дейтін. Алғашқы кәсіпкерлер оны көрсе керек. Осы дұрыс деп ойлайсыз ба, қалай, Матвей Иванович?
Горюнов олжаны аудара қарап мырс етті де, Ординге ұсынып жатып былай деді:
– Бұл – мамонттьң тұстасы, ұзын қылшықты мүйізтұмсықтың мүйізі. Мұндай мүйіздерді мен Якут музейінде де, Петербургта Ғылым академиясының музейінде де көргенмін.
– Онда мұны неге алып құстың тырнағы санайды?
– Себебі бұл түрімен де, бетіндегі бұдырмағымен де тырнаққа ұқсайды. Біздің өлкедегі юкагир, ламут, тұңғыстың бәрі де осылай ойлайды. Оны айтасың, кейбір оқымыстылар да осы пікірге тоқтаған. Новосибирь аралдарын алғаш зерттеуші Геденшторм «Сібір туралы үзік ойлар» кітабында әлгі тырнақтар жайында құстікі екеніне еш күмән келтірмей-ақ айтады. Қазандық аралында Толль Қымбат өзегіне таяу Эксекю қырқасына шыққан, сонда оны да жолбастаушылары әлгі құстың осы арада тіршілік ететініне иландырған. Олар құстың үлкендігі сонша, ол ұшқанда күннің көзі көрінбей қалушы еді дейді. Қазандыққа бірінші келген кәсіпкерлер қырқаға шыққанда жаңағы құс «маук», «маук» деп шаңқылдап ұша жөнелген. Төбеден олар жұмыртқа қабығы мен үлкен-үлкен қауырсындар тапқан. Бірақ содан қайтып құстың өзін көрген тірі пенде жоқ.
– Айтуға қарағанда оның екі басы болған, – деп сөз қыстырды Горохов.
– Иә, иә. Бәрінен де біздің бақыр теңгелердегі екі басты бүркіттің юкагирлердің ойынша, эксекю құсы болуы ғажап. Врангельдің айтуынша, оларда құс туралы таңғажайып аңыздар көп. Кейде мүйіздердің қасынан табылатын мүйізтұмсық бассүйегін олар эксекюдікі деп те салады.
– Сібірдің тұрғын халқы мамонт туралы да неше түрлі ертегі, соғады, – деді Ордин.
Бұл күні жиһангездер Горохов пен Никифоровтан мамонт және басқа жойылып кеткен жануарлар жайында сұрап, өздерінің кітаптан оқығандарын айтып уақыт қысқартты.
