Б.Сұлтанов: 9 айдың ішінде мемлекеттік бюджетке түскен кіріс мөлшерден 1 трлн теңгеге асып түсті
9 айдың ішінде мемлекеттік бюджетке түскен кіріс мөлшерден 1 трлн теңгеге асып түсті, деді Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Үкіметтің отырысында.
«Биылғы жылдың 9 айында мемлекеттік бюджетті орындау сапалы көрсеткіштерге ие болды. Кіріс қатары жоспардан артығымен орындалды, салық өткен жылдың көлеміндей жиналды. Шығындар игерілді, қазіргі кезде шарықтау шегіне жетіп отыр. Шығындардың жартысы әлеуметтік қалғаны экономикалық өсімге бағытталды. Өңірлік экономика экономикалық тұрақтылыққа бағытталған трансфертпен қолданды. Жалпы, бюджетте оңтайлы өсім бар», - деді Б.Сұлтанов.
Министрдің айтуынша, салықтық-бюджет саясатының оңтайлы орындалуы экономикалық жағдайға оң әсер береді.
«Кірістер 1 трлн теңгеге артық жиналды. Бұл макроэкономикалық ортаның жақсарғанын көрсетеді. Мәселен, белсенді төлеушілер қатары 7,3 пайызға көбейіп, 85 мың кәсіпорынды құрады. Кірістердің жоспардан асып кетуі бюджетті нақтылауға себеп болды. Осылайша, экономиканы қолдау қосымша салықтарды жинауға әсер етті, ал салықтар бюджет арқылы қайта экономикаға айналып келеді. Жалпы, мембюджет кірісі 126 пайызға орындалды, оның ішінде республикалық бюджет 131 пайызға, ал жергілікті бюджет 115 пайызға жүзеге асты», - деді ол.
«Мемлекеттік бюджет шығыстарының көлемі 13%-ға өсіп, 7 трлн теңгеге жетті. Бюджет қызметкерлерінің жалақылары және тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуға арналған тапсырыстар ұлғайтылды, бұл жалпы тұтынушылар сұранысын арттырды. Мысалы, бюджет саласының қызметкерлеріне жалақы төлеуге жұмсалған жиынтық шығыстар 18%-ға өсіп, 1 трлн теңгені құраған. Тағы 1,7 трлн теңге экономикалық өсуді ынталандыратын инвестициялық шығыстарға бағытталған», - деп хабарлады ол.
Ведомствоның деректері бойынша, барлық шығыстардың жартысынан астамы немесе 3,6 трлн теңге әлеуметтік салаға бағытталған. Соның ішінде 1 трлн теңге зейнетақы төлеуге жұмсалған.
«Жалпы мемлекеттік бюджет шығыстары 98,6%-ға орындалған, соның ішінде республикалық бюджет - 99,4%-ға және жергілікті бюджеттер 97,9%-ға орындалған. Орталық деңгейдегі игеру жақсарған. Алайда, өңірлердің бюджеттері игеру пайызы бойынша бұрынғысынша республикалық бюджеттен артта қалуда. Сондықтан, орталық органдар мен әкімдіктер бюджет қаражатын игеру үшін қажетті барлық кезеңдер мен іс-шараларды қадағалайтын арнайы портал әзірленді», - деп қосты министр.
Ақпарат көзі: strategy2050.kz
