ІС ОҢҒАРЫЛЫП КЕЛЕДІ-Жұмбақ Жер

Жігіт келіскен күні сол сағатта келді. Шенк оны күтіп отыр еді.
– Онкилондар жайында бар деректі ақтарып шықтым, – деді ол.
– Меніңше, мағлұматтар қарама-қайшы сияқты. Бұл халықтың болғанына, чукчалармен соғысқанына күмән жок, артында жұрты, тас пен сүйектен домбалдаған қару-жарақтары да қалған. Бірақ қайда ғайып болып кеткені белгісіз. Былай деп ойлауға болатын сияқты, онкилондар аралдардың бірінде азық-түлік жетіспей, иә қатыгез табиғатқа төзбей қырылып қалды, не құрлықтың бір түкпірінде тығылып жүріп індетке ұшырап өліп бітті.
– Аралдардың бірінде өлген болса, олардың сүйегі көптеп ұшырасар еді ғой, – деп қарсы дау айтты жігіт. – Адамдар із-түзсіз құрып кетпейді. Тіпті олар құрлықта тұрып өліп бітсе, жаңа көршілері – якут, тұңғыс, ламуттардың арасында аңыздар жүрер еді ғой. Ондай аңыз атымен жоқ.
– Ал сонда бұлар қайда? – деп дауыстап жіберді Шенк.
– Шыбын жанын шырқыратып көкке көтеріп әкеткен жоқ қой оларды!
– Зайыры, олар Санников жерінде, әлгі жыл құстары ұшып баратын жақта, бәлкім, жолбасшы да сол қанаттылар болуы.
– Адамдар да ұша алатын болса, бұған шүбәсіз-ақ иланар едім. Ал онкилондар ұша білмеген, демек, ол жерге не жүзіп, не мұзбен жүріп баруы керек қой.
– Сумен бармаған, себебі олар малын ала кеткен, бұл байдаркаға ауыр да алапат жүк.
– Ендеше, мұзбен де өте алмаған. Қолда бар мағлұматқа қарағанда, Мұзды мұхит өн бойымен қатпайды, жағадан біраз жер ұзағанша әжептеуір ашық айдын су жатады. Сондығынан да батыл деген жұрттың бірі чукчалардың ешқайсысы да Врангель аралында болмаған, оны бірде-бір кәсіпкер және баспаған. Қорқақ халық деп айтуға ауыз бармайтын олар, тіпті Беннетта аралын да басып көрмеген. Барон Толльдің опат болуы – мұзбен жүру мүмкін емесінің дәлелі.
– Жалпы, бұның бәрі де жөн, – деді жігіт алақызып алған академикті баспақ боп. – Бірақ есіңізде болсын, ауа райы ылғи біркелкі емес, күннің көрінуіне орай суық жылыға ауысып тұруы әбден мүмкін...
– Оған дау бар ма, оны мен де білем, – деді Шенк.
– Біз онкилондардың Новосибирь аралдарына өткенін білеміз, одан олардың баспаналары мен басқа да белгі іздері табылған.
– Ал жақсы!
– Олар жерді табуын тапқан, алайда ол тұрмысқа қолайсыз болған, аң мен құсы аз. Бұл жылдан-жылға аңшылық аяқсырайды деген сөз. Аранын ашып тұрған аштық оларды ары қарай қуып, тізбек-тізбегімен терістікке ұшқан құстар бұдан да басқа жер барын, оның құсқа әлдеқайда бай екенін аңғартса керек. Тап сол тұста қыс қатал болып, үскірік суықтан теңіз түгел қатты деп топшылауға болмас па. Ерте көктемде күн ұзарған кезде онкилондардың аман-есен Санников жеріне жетуі кәміл.
– Жетсе де аштық пен суықтан бірі қалмай қырылды, өйткені 80 градус ендікте адам өмір сүруі үшін қолайлы жер болады деп тіпті ойлаудың өзі ағат, Үйрек, қаздар, бәлкім, жіпсісе тундрадан талғажаулық бірдеңе табар, ал адам...
– Адам сол құстарды, морждарды, итбалықтарды, ақ аюларды аулап, балықты азық қып Гренландияда, Американың терістігіндегі аралдарда, Шпицберген мен Жаңа Жерде де тұрып жатқан жоқ па және тұрғанда қандай, өз мекенін жанындай сүйеді, түстікте жүріп қалса сағынып өле жаздайды.
– Байқап отырмын, сіз Санников жерінің барлығына, онкилондардың сонда тұрғанына қалтқысыз сенесіз.
– Сену – бір, екіншіден, олардың ұшты-күйлі жоқ болып кетуінің сыры да осында деп санаймын.
– Өкінішке орай, академия бұл пікірді қоштамады. Сұрастырып та көрдім, әріптестерім мұндай жер жоқ, Толль опат болған деген тұжырымға түгел тоқталған.
– Олай ойласа, әрине, өкінішті. Санников жері Толльдің жанын сақтап қалған бірден-бір орын болуы керек. Оған мен бәс тіге алмаймын, бірақ оны іздейтін жалғыз-ақ жер сол.
– Ақша табылған күннің өзінде өткендегі құр әурешіліктен кейін оны және әлгі айтқан жерді іздейтін талапкерлердің табылуы да екіталай.
– Мен-ақ іздестіруге ынтамен шығар едім және Якут облысындағы жер аударылғандардың арасынан, терістік жағындағы кәсіпкерлердің арасынан сенімді серіктер де табар едім.
– Ақша табылса, экспедицияны қалай ұйымдастырар едіңіз?
– Казачьеде менің назарымда жүрген, жер ауып келген екі кісі бар. Олармен осындай экспедицияның жобасын жиі-жиі талқылаушы едік. Әрине, онымыз әншейін далбаса, әйтпесе бізге патша үкіметінің тұтқындарға анда-санда бір беретін жарытымсыз жәрдемінен басқа ақша қайдан келсін. Онда біз дәп жергілікті тұрғындардай аң қуып, балық аулап күнелтеміз. Екі жолдастың екеуі де жас, айдауда мойнына су кеткен жандар емес, жұмыстан әбден қатып-пісіп, шыңдалып алғанбыз. Олардан басқа Новосибирь аралдарында талай рет болған тағы екі кәсіпкер бар. Мұз үстімен саяхат жасауға төселген, әрі өз иттері, құрал-саймандары бар.
– Дұрыс, оларсыз бұра баса алмайсыз. Ал онан арғысын айтыңызшы.
– Ерте көктемде мұз үстімен Қазандық аралына жетіп алып, онан өзімізге қойма салып, көп кідірмей, мұздың қатты кезінде әрі терістікке қарай тартар едік.
– Ал жазатайым теңіз қатпай қалды дейік.
– Ондай жағдайда нартаға тиелген екі жеңіл байдаркамыз болады. Сонымен жүзіп ашық айдыннан өтеміз. Айдын онша шалқар болмасқа керек, жерге жақын тұста мұз жатуы шәксіз. Әрі қарай жаңағы жерге дейін қайта нартамен кетеміз, зерттеп болған соң жаздың аяғын ала сол жолмен кері қайтамыз.
– Ол жерде теңіз айдыны кеңейіп, байдарқаларың ауыр жүкті көтере алмай апатқа ұшырауларың сөзсіз. Және жаз аяғына таман бұрқасын боран да төпелей кетеді.
– Жүзіп өтуге мүмкіндік болмаса Санников жерінде қыстап қалып, ерте көктемде кері қайтамыз.
– Сіз осы иттерге жыл он екі ай қанша азық кететінін білесіз бе? Міне, осы жүк сіздерді құртатын.
– Оған сөз бар ма! Ал мен итке азық алып жүрмек ойдан аулақпын, ол жерде аң-құс көп екеніне кәміл сенемін. Жаз бойы қысқа қам жасап, базамызға қайтып оралғанша жететіндей азық әзірлеп аламыз.
– Ал сіздер ешқандай Жер таппады делік.
– Онда дереу Қазандыққа қайтып оралып, жаз жайлап шығамыз да, күзде көк теңіз қатысымен құрлыққа тартамыз. Ондай күнге тап келсек, жазда аң аулау мүмкіндігі жоқ болған жағдайда, меніңше, Қазандықтан азық-түлік қоймасын ұстағанымыз жөн.
– Мұндай экспедицияның қаншаға түсетінін есептеп көрдіңіз бе?
– Менің ойымша, қымбатқа түсе қоймас. Біз үшеуміз еңбекақы аламыз деп ойламаймыз, қарнымыз аш болмаса, жетіп жатыр. Екі кәсіпкерге бірдеңе төлеуге тура келер, бірақ олар да ынсапсыз адамдар емес. Басты шығын – иттер, олардың асы, нарта, байдарка, қару-жарақ, оқ-дәрі, киім-кешек. Казачьеде де, осында да есептеп көрдім, екі-екі жарым мың сом бізге жетеді.
– Иә, сомасы онша көп емес екен.
– Терістікте оңған нарта жоқ, ағашы да берік емес. Сондықтан жөндеуге уақытты босқа кетірмес үшін нартамыз сақадай-сай болуы керек. Оны осы арадан жасатып ала кеткеніміз абзал. Сол сияқты, меніңше, мылтық пен оқ-дәріні де осыннан сайлап алуымыз керек, олар мұнда жақсы және әлдеқайда арзан. Ал қалғанын сонда-ақ қамдармыз.
– Сіздің жоспарыңыз маған ұнап отыр, – деді Шенк, – мен де сіздерге екі жарым мың сом тауып берермін деп ойлаймын, Шартым мынау: Санников жерінен гербарий мен тау жыныстары коллекциясын, мүмкін болса, ұсақ жануарларын, өсімдігі мен жануарлар дүниесі, ауа райы жөнінде жазбалар әкеп берерсіз. Табылса, әрине, онкилондардың сипаттамасын тастамассыздар. Жолдас-тарыңызбен оны атқару сіздің қолыңыздан келе ме?
– Қолымыздан келер деп сенемін. Әрине, біз айтулы оқымысты емеспіз, бірақ дайындығымыз бар, біріміз – геолог, екіншіміз – ботаник, мен көбінесе жануарлар дүниесімен, адамдар тіршілігімен айналысамын.
– Тамаша! Ғылыми барлауларға қажет құралдар – барометр, термометр, компас және тағы басқаларын академиядан тауып берермін. Біле білсеңдер, бәрінен маңыздысы ол жердің әр тұсынан ені мен ұзындығын анықтау, оның жалпы жобасын, барар жолын, жобалап болса да, қағазға түсіріп алу, жерді тапсаңыздар осы естен шықпасын.
– Әлбетте! Суретке түсіруді мен мойныма алайын. Ал ендігі мен бойлығын білмеймін. Оны бізге үйретпеген-ді.
– Бұл өзі онша қиын да емес. Сізді онымен Бас физика обсерваториясында таныстырар, директорына мен қағаз жазып берейін. Оны үйреніп шығу үшін екі-үш апта керек. Уақытыңыз бола ма? Бұл жерден қашан жүрмек ойыңыз бар?
– Қазір бізде қарашаның аяғы. Казачьеде ақпанның соңына қарай болып, наурыздың ортасында аралдарға жылжу үшін бір айдан соң аттану қажет.
– Әдетте онда сәуірден аттанушы еді.
– Дұрыс айтасыз, бірақ сәуірдің басында теңіз арқылы Санников жеріне өтуіміз үшін онда мұз берік кезінде ерте баруымыз керек.
– Бір айда керек-жарақты түгел әзірлеп, сатып ап үлгересіздер ме?
– Үлгеруге тиіспіз, шеберханалардан білген едім, нарталар екі аптаның ішінде жасалып бітеді екен, оған дейін мен басқа бірдеңелерді сатып ала берем және обсерваторияның сабағына да барып тұрам.
– Сонымен, бұл арадағы іс оңғарылып келеді, әлі Казачьеде де қыруар қам-қарекет керек болады ғой.
– Мәселе шешілген болса, қазірден бастап Олекминскіге телеграфпен, Казачьеге почтамен хабарлап қояйын, жолдастар қамдана берсін, киім-кешек, ит, оларға қажет азық сатып алсын.
– Сатып алар ақшасы жоқ қой олардың.
– Мен барғанша қарызға да береді, Казачьеде бізді жақсы біледі.
– Ол-пұл сатып ап, тапсырыс беруге әзір қанша ақша керек?
– Әзірше бес жүз сом жетер...
– Оны мен өз ақшамнан берейін, қалғанын және құрал-жабдықтарды екі-үш аптада табамын. Банкке чек, обсерватория директорына кепілдеме жазып, жігіттің қолына беріп тұрып Шенк:
– Екі аптадан кейін жолығып кеткейсіз, – деді, – әзірліктің қалай жүріп жатқанын сонда айтарсыз.
– Мәселені мұнша шапшаң шешкеніңіз үшін таңданып тұрғанымды білдіруге рұқсат етіңіз, – деп терең тебіренген жігіт дауыстап жіберді
– Сізге келе жатып арманымның жүзеге асуына қатты шүбәланған едім. Ал мына арада бәрі де аяқ астынан болды. Сөзіне сеніп, атымен білмейтін адамға қыруар қаржыны ұстата салдыңыз.
– Шашымның ағына қарамай мен әлі жұртқа сенімімді жоғалтқаным жоқ, – деп Шенк көңілдене жауап қатты. – Бұрын да талай-талай ғылыми барлауларға қол ұшын бергенмін, сенімімнің алданған сәті аз. Оның үстіне мен адамдарды алғашқы көргеннен-ақ айыра тани білемін. Сіз есіме жақсы салдыңыз, сіздің де, жолдастарыңыздың да аты-жөнін мен әлі білмейді екенмін. Өлке әкімшілігі үшін сіздерге керек, қазір мен алып бергелі тұрған қағаздарға аты-жөндеріңіз қажет. Сонымен, сіздің атыңыз? Ал жаза бастадым.
– Матвей Иванович Горюнов, Петербург университетінің бұрынғы студенті, Якут облысына әкімшілік жолымен жер аударылған. Менің жолдастарым – Семен Петрович Ордин мен Павел Николаевич Костяков, олар да бұрынғы студенттер, біріншісі – университеттен, екіншісі – технолог. Біз бәріміз студенттер бүлігіне қатысқанымыз үшін 1899 жылы бес жылға жер аударылғанбыз.
– Қатерлі қылмыскер сияқты ит арқасы қиянға айдағандай не жазып едіңдер?
– Біз басқосулар ұйымдастырғанбыз, бүлікбасылар қатарына қосып жүргені содан. Солдатқа да бермек болды,
– есіңізде ме, осындай жарлық болған – бірақ біз онан бас тарттық. Сол үшін бізді ақ аюларға айдады.
– Кесікті күндерің әлі ұзақ па?
– Менің мерзімім бітіп, полиция бақылауымен туған жерім Вологда губерниясында тұруға рұқсат берген. Әрине, астанаға рұқсатсыз келіп жүрміз. Жолдастарым бір жылдан соң босайды.
– Байқап отырмын, сізге Якут облысына баруға губернатордың рұқсатын алуым керек екен.
– Әрине, бұған қарсылық білдіре қоймас.
