Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Қасқыр мен ақбөкен және обал, сауап, рәсуа туралы

Туған жеріме жиі барамын, халықтың тұрмысы мен әл-ауқатын жақсы білемін. Еңбек етсең елде де жақсы өмір сүруге болады. Бірақ, бір байқағаным аумағына бірнеше мемлекет сыйып кетеді деген Торғай жерінде де жайылымдық жердің жетіспеушілі байқалады. Олай дейтінім, ауылда мысалы бір отыз үй қой кезегін өткізетін болса, қазір жеті-сегіз үй қой кезегін алмастырады. Яғни, осыдан-ақ көп жайтты байқауға болар. Бір жағынан елдің тұрмысы мал шаруашылығымен байланысты екені түсінікті.Ал, заманында мысалы менің туған мекенім - Торғай облысы Жанкелдин ауданы «Еңбек» кеңшарында 60 000 қой мен ешкі бағылатын. Одан өзге бір бөлімшесі сиыр өсірді. Сол кезде кеңшар жерінде қой-ешкімен қатар киік те еркін жайылатын. Былайша айтқанда, халықтың киікпен аса шаруасы да жоқ. Иә, қырда киік аулайтынбыз, етін де жедік және керегімізді, қажетімізді ғана алатынбыз. Әке-шешелеріміз обал, ысырап деген түсінікті миымызға әбден құйып тастаған. Және жайылым кеңшардың қой-ешкісі мен ірі қарасына және жылқысына да жететін, киік те лағын өргізіп, дала сәнін келтірер еді.Былайша айтқанда киікті қажетімізге ғана жаратып, мысалы, етін жеп, терісінен жарғақ шалбар тігіп, мүйізінен пышақтың қынын, сүйегінен қамшының сабын жасайтынбыз. Қазір оның бәрі ұмытылды, халық киік көрсе жауын көргендей болады. Өйткені, біріншіден, халыққа пайдасы жоқ, керісінше 90 жылдары заманның қиын кезінде киік атамыз дегендерді бәлен жылға соттап жіберген. Киік бар болғаны мысалы еркегі 4-5 жыл жасайды және оған биологиялық ресурс ретінде қарау керек. Иә, мен киікті қырып таста деп отырған жоқпын, қазақ пен киік атам заманан бері бірге өмір сүріп келе жатыр. Қазақ барда киік бар, киік барда қазақ та бар. Бұл аксиома. Мен тек оның санын табиғи жолмен реттеу жөнінде айтып отырмын. Мысалы, қазір Қазақстанда киіктердің саны 5-6 миллонға өскен, Қазақстанның орталығы мен солтүстігі және батысында киіктің көптігінен олар шаруалардың егінін таптап, жайылымдық жердің саутамтығын қалдырмай жатыр. Ол 5-6 млн киікті одан әрі өсіре бергеннен мемлекетке және халыққа пайда бар ма?Киікті киелі дейміз, жалпы қазақ әр нәрсенің парқын, есебін білген халық қой. Бізде бәрі киелі, даламыз киелі, еліміз қасиетті, сол далада киікпен бірге өсетін қасқырымыз да киелі. Мәселен, қасқыр біздің тотеміміз. Бірақ, киікті киелі деп оған барлық жағдайды жасаймыз, мемлекеттің бәлен миллиард теңге ақшасын жұмсаймыз да, қасқырға келгенде бөріні жабайы аңшылардың (браконьерлердің) қыруына рұқсат береміз. Тіпті, апанындағы күшіктерімен қоса қырып тастаймыз. Енді, осынымыз дұрыс па? Ал, айналып келгенде киікті біз атайық, басқа да жолмен санын шектейік, оның бәрі нәтиже бермейтін дүние. Осы ретте, атақты Йеллоустоун тәмсілі естеріңізде болар. Ал, батыстан келген, олардан грант алғыш «табиғат қорғаушылар» қазақ даласының жайын, киіктердің күйін, біздегі тепе-теңдікті қайдан білсін? Тіпті, кейде олардың жұмыстарында пайдадан гөрі зиян барын байқаймын. Мәселен, Торғай даласында «Алтын Дала» атты 489 766 гектардан тұратын алып аймақ, яғни, резерват бар. Ал, жаңағы «табиғат қорғаушылардың» жергілікті халықпен жұмысынан не көреміз? 1-2 мектепке барып, оқушыларға сурет салдырғаннан басқа шаруаларын көрмеппін. Тіпті, киіктің жайы сол елде тұратын халықтан артық болғаны ғой. Ал, халыққа жол, су, газ, мектеп, отын, балабақша, аурухана, мәдениет үйі, кітапхана, емхана, интернет пен телефон байланысы және тағысын тағылар керек. Тіпті, Астана мен Алматыда отырып, батыстың «табиғат қорғаушыларын» құлақтан теуіп, жылы офисте отырғандардың мәселен, Торғай не Ырғыз халқының жағдайын ойлап отыр дегеніне өз басым сенбеймін. Тіпті, жақында мен Биоалуандылықты сақтаудың қазақстандық қауымдастығы (АСБК) басшылығымен хабарласқан едім. Сонда сөздерінен аса менмендікті байқадым, жалпы, олар үшін жергілікті тұрғындардан гөрі киіктер маңызды болып тұр. Біз елдің жайы, халықтың тұрмысы, бірінші кезекте түсуі керек Ырғыз-Торғай жолы туралы айтсақ, олар аталған жерде резерваттың барын жеткізеді. Иә, «Ырғыз-Торғай» қорығы бар, бірақ, қорықтың телімдері жолдан тыс, бірі солтүстігінде, екіншісі оңтүстігінде орналасқан. Айналып келгенде дәл киіктердің Торғай мен Ырғыз халқына өкпесі жоқ шығар. Торғай жерінде «Алтын Дала» қорығының Айырқұм, Тосын және Сарықопа атты үш бөлігін бөліп берсек, Ырғыз жерінде «Ырғыз-Торғай» атты қорық та киіктерге арналған. Ал, осы сәтте, біз тіпті қорық жеріндегі ата-бабамыздың моласына да бара алмаймыз. Адамнан бұрын жабайы жануарды артық қоюды әсте түсіне алмайды екенмін?!Айтқандай, былтырғы тасқын судан соң ба екен, биыл елде, Торғай жерінде балық көп. Бірақ, соны рәсуа қылып жатқан адамды көрмедім, әркім ауласа өзінің қажетіне ғана аулайды. Яғни, елдің адамдарының санасында кие, обал, сауап, рәсуа болмасын деген түсінік бар. Бізге солай үйретті, солай өтеміз, киіктерге де көзқарасымыз сондай. Ал, сырттан келген бәз-біреулердің оқытып-тоқытуы көзқарасымызға да, дүние-танымымызға да жат!Халықтың қалауы, елдің тілегі – ол «Орталық-Батыс» жолының Торғай мен Ырғыз арасындағы 188 шақырымдық учаскесі тезірек түссе екен деген арман, бәрінін айтатыны жол салынса екен. Жол болса елдің болашағы да болады!Фотода - Торғай даласы, фотограф - Arman Baisadykov, материал авторы - Amandyq Amirkhamzin

0
0
6066

Осы тақырып бойынша

Қасқыр мен ақбөкен және обал, сауап, рәсуа туралы - Yvision.kz