Киелі тас
Жатжерліктердің калуға келісім бергенінен қуанып шулаған онкилондардың көңілі тынған тұста қайта от тұтатты, ал Амнундак меймандарын әңгімеге тартты.
– Сендер біздің жерді түгел көрсек дедіңдер. Оның қандайлық қатер екенін білесіңдер ме? Ормандарда әр алуан жыртқыш аңдар жүреді.
– Олардан біз қорықпаймыз – өзімізге шапқызбай, жыртқыш аңның кез келгенін жасынымызбен жайрата саламыз, – деген жауап алды ол өз сөзіне.
– Орманда азулы аңнан басқа ақымақ адамдар да жүреді, олар жыртқыштардан әлдеқайда қауіпті.
– Мынасы қызық екен! – деді Ордин жолдастарына.
– О не, олар да онкилондар ма? Олар неге қатерлі?
– Жоқ, олар онкилондар емес. Олар тағы адамдар, біз солармен ұдайы соғысулымыз. Және өздері аса әлеуетті, жекпе-жекке келгенде біз белдесе алмаймыз. «Вампу» деп атаймыз оларды, бұл «жалаңаш адамдар» деген сөз.
– Қайда тұрады олар?
– Олар ма, әрменірек, біздің жердің шығыс жағында. Орманда жасырынып жүріп, жауынгерлер аң аулауға кеткенде біздің мекендерге шабуыл жасап, кемпір-шал бала-шағаны бауыздап, әйелдерді алып кетеді. Қатты қорқамыз біз олардан. Жасырынып жатып дәу шоқпармен, найза, пышақпен дүрсе қоя берсе, сендердің әлдерің жетпейді.
– Соншалық көп пе олар?
– Қанша екенін білмейміз. Бабаларымыз келгенде осы жер түгел солардың мекені еді дейді ғой. Олармен ұзақ соғысып, шығысқа қарай тықсырған көрінеді.
– Олардың да баспанасы бар ма?
– Жоқ, қыста олар үңгірлерде тұрады, жазда ұя салған құс сияқты ағаш басында жүреді...
– Өткен жолғы саяхатта көргеніміз, міне, солардың ізі болды ғой, – деп қалды Горюнов.
– Олардың тірі тәңірісі бар, ашулы да алып құдайлары,– деп сөз жібін әрі созды Амнундак. – Оларға ылғи құрмалдық шалады.
– Онысы не құдай болды екен?
– Біздің жерден тұмсығында мүйізі бар алып аңды көрдіңдер ме?
– Ә, мүйіз тұмсықты ма? Иә, көргенбіз.
– Олардың құдайы онан әлдеқайда үлкен. Мүйіздік орнына олардың басында бесінші аяқ бар, әлде қол ма екен, әйтеуір өзі ұп-ұзын болғанымен ыңғайлы. Сол қолымен ол ағашты түбірімен қопарып, адамды да ұстап алып, жерге атып ұрады да, қалған төрт аяғымен таптайды кеп.
– Міне, аңның көкесі! – деп қайран қалды Горюнов.
– Ол аңның аузынан екі үлкен тіс сойдиып шығып тұрады, олары аюдың азуынан әлдеқайда ұзын әрі толық.
– Бәлкім, піл болар! – деп топшылаған Горюнов.
– Мамонт емес пе екен? – деп жорамалдады Ордин. – Солтүстіктен піл не алады? Жүні бар ма екен өзінің? – деп сосын ол Горохов арқылы көсемге сұрақ қойды.
– Иә, ол сабалақтау, жүні қызыл.
– Қой, мамонттың жүні қызыл ма еді? – деп күмәнданды Костяков. – Суреттеріне қарап жүні қара ғой деп ойлап жүруші едім.
– Жоқ, ол дұрыс емес, – деп кесіп айтты Ордин. – Сібірден табылған өлігіне қарағанда, жүні қызыл-күрең немесе жирен... Ал мамонтты вампулар қалай үйретіп алып жүр десейші?
– Әлгі аң сол тісімен жер қазып, жеуге тамыр қопарады, – деп сөзін жалғастырды көсем, – қыста қарды күреп, шөп тауып азықтанады. Олардың сол тістері бізге аса қажет, одан тамаша пышақ, найза, жебе жасалады. Бірақ біз оларды сирек соғып аламыз, себебі жабайы адамдар өз құдайын қатты қорғайды.
– Ендеше вампулармен, олардың үйімен танысу тіпті қызық болды ғой, – деп қуанып кетті Горюнов.
– Мен сендерге бәрін де айттым, – деді Амнундак. – Сендер енді тағы адамдарға жалғыз баруға болмайтынын білесіңдер. Жалғыз барсаңдар жайратып салып, жеп қояды, ал онкилондар үшін бақытсыздық басталады. Біз сендерді қорғаймыз. Сендерге еріп тағы адамдарға барлық жауынгерлер барады. Оларды жою үшін қырғын соғыс бастаймыз. Вампулар мен олардың құдайын жер жастандыруға сендердің нажағайларың жәрдемдеседі.
– Жазалау экспедициясы... – деп мырс етті Ордин, – жендеттері біз ғой. Онша абыройлы іс емес екен.
Алайда онкилондардың көңіліне көсемінің сөзі қона кетті. Шамасы, олардың вампуларды осылайша жек көруіне бұлтартпас себебі болса керек. Әрине, ондай қанқұйлы көршілерді қырғын соғыстың қырсығынан құрлықтан кеткен тайпа жақсы көре қоймайды.
Вампу туралы бар білгенін сарқып, Амнундак меймандарға жатар орын әзірлейтін уақыт болғанын ескертті. Жертөледен кірер ауызға қарама-қарсы оның өз отбасымен жататын бөлегінің жартысын тазалап, әйелдер жерге бұғы мен аю терілерін төсеп, бұғы жүні салынған жастықтар тастады. Бұл бөлікті үй мүлкі салынған сандықшаларды араға қойып, көсем отбасы жатқан жақтан бөліп тастады да, Амнундак меймандарының енді тынығуын өтінді. Жертөленің бүйірдегі қалған екі бөлегінде онкилондар жатып та үлгерген еді: ерлері тыр жалаңаш шешініп, киімдерін басына жастанып, қаруларын қасына қойды. Бір жауынгер кірер ауызда қарауылда қалып, үшеуі оны ауыстыру үшін от басына шешінбей жатты. Қарауылдағы адам жертөлені жылыту үшін отты жаңартып, ауық-ауық отын әкелу үшін тысқа шығып тұрды. Бұғы табынын күзететін жауынгерлер де біріне-бірі дыбыс беріп алмасып отырды.
Түн тыныш өтті. Онкилондар таң атқасын тұрды. Бәрінен бұрын әйелдер оянып, отты дүрілдете жағып, ет қуыруға, сорпа пісіретін тас қыздыруға кірісті, қалғандары дала салқын болған соң киініп, бұғы саууға шықты. Олардың кигені өзгеге ұқсамайтын бір тері киім: шалбары мен кеудешесі тұтас,омырау тұсында үлкен тілік бар. Әйелдер әуелі аяғын сұғып, киімнің кеуде жағын көтереді де, қысқа жеңдерді кие қояды. Жертөлеге қайтып келген соң жеңіл қимылмен күртешесін иығынан ысырып тастаса, бар киім аяғының басына түсе қалады.
Терінің үстінде жатқан жиһангездер байқатпай әйелдердің қалай шапшаң киініп-шешінгенінен, қоңыр тәндері отқа шағылып, тыр жалаңаш дерлік шаруамен қалай шұғылданып жүргенінен көз алған жоқ.
Жиһангездердің бір байқағаны – төрт бұрымы арқылы әйелдерден шапшаң айыруға болатын бойжеткендердің бұлар жаққа жиі көз тастап, өзара сыбыр-күбір сөйлесіп күлісетіні. Сұлулардың мазасын алып жүрген мәселе, соңыра көктем тойында жар таңдағанда жатжерліктердің қалауы қайсысына түсетіні екенін аңғару қиын емес.
Онкилон қыздарын үш жолдасының қалың сақал-мұрты мен ақ жүзі ынтықтыратынын Горохов естіп те алды.
Онкилондардың бет-аузында түк жоқ десе де болады, тек шалдарға ғана селеу мұрт пен бес тал сақал шығады. Якут болғандықтан Горохов та бұл жөнінен онкилондарға ұқсас, өңі де солардай қараторы. Сондықтан ол онкилон қыздарын онша қызықтырмайды.
Әйелдер ас қамдап болғанша еркектер асықпай киініп, сонан соң қару-жарағын қарап шықты. Жертөленің біресе ана, біресе мына бұрышынан балалар даусы шығып, кейде сәбидің жылағаны естіледі. Сәби жыласа-ақ болды, ас қамдап жүрген әйелдердің бірі емізгелі тұра жүгіреді.
Біртіндеп жұрттың бәрі де тұрып, ертеңгі тамаққа бас қойды. Баяғы бірыңғай дастарқан мәзірі – пісірген, қуырған ет: тек сүт торсықтың салқын сүті емес, ыстық еді: су қосып, аздап жаңғақ ұнын сеуіп сорпаға ұқсатып берді оны да. Бетінде кесек майлар кілкіген сүт-сорпа әжептәуір дәмді болып шықты.
Ертеңгі ас үстінде көсемнен онкилондар Санников жерінде қанша жыл тұрады деп сұрады. Бұл жұртта ешқандай жазба жоқ екенін, бабаларының өмірі туралы мағлұмат ұрпақтан-ұрпаққа аңыз есебінде әсіреленіп жететінін жиһангездер біліп алған. Алайда онкилондарда тұрпайылау болса да шежіре бар болып шықты.
– Төрт жүз жылдан астам тұрады, – деп жауап берді сәл ойланған Амнундак. – Анық білу үшін бақсыға баралық, соның үйінің жанындағы тасқа әрбір жыл белгіленіп отырған.
Ас ішіп болған соң жанында көсем мен оншақты жауынгер бар жиһангездер үлкен жолмен орманды басып батысқа қарай тартты. Жол-жөнекей Амнундак оларға беті білдіртпей жабылған қамбаны, яғни үстіне жіңішке сырғауыл салып, бұтамен, жапырақпен жапқан тереңдігі екі метрден асатын төртбұрыш ұраны көрсетті. Осындай орларға анда-санда өгіздер, жылқылар, мүйізтұмсықтар құлап, онкилондар оларды найзамен, жебемен мүрдем кетіріп, олжа етеді екен.
– Аң жүретін сүрлеулерде мұндай ұралар көп десе де болады, жол бастаушысыз жүрсеңдер, сендер де түсіп қалуларың кәдік, – деп ескертті көсем.
– Біздің алдымыздан ит жүгіріп отырады, – деп қарсылық білдірді Горюнов. – Олар мұйізтұмсық пен өгізіңізден есті, ор кездессе иіскеп тоқтай қалады да, белгі береді.
– Онкилондарға ит аса пайдалы болар еді, – деді Ордин.
– Ол аң аулауға да, үй күзетіне де, тағы адамдармен соғысуға да керек.
– Сіздің иттер өсіп-өніп, бірнеше жылдан кейін күзетшіміз болады! – Осы сөзді Амнундактың сеніммен айтқаны сондай, меймандары бір-біріне қарап, еріксіз жымиып қойды.
Ұзамай үлкен жолдан бұрылып, олар бақсының жертөлесі тұрған шағын алаңқайға шықты. Бақсының баспанасы да көсемнің жертөлесіне ұқсас екен, бірақ әлдеқайда кіші, себебі онда өзінен басқа бір ғана шәкірт пен күтуші егде әйел тұрады.
Алдын ала хабарландырылып қойса керек, бақсы меймандарды табалдырықтан қарсы алып, кірер ауызға қарама-қарсы құрметті орынға енгізді. Баспананың іші өзінше бір анатомиялық музей: төрт аша түгел, бұрыштағы үргілер сықастыра ілген құрмалдықка шалынған бұғы, өгіз, жылқылардың басы, құрметті орында мүйізі карағайдай мүйіз тұмсықтың бас сүйегі тұр.
Меймандардың жайғасуы-ақ мұң екен, күтуші кемпір кеше жатжерліктер нажағайымен жайратып салған садақа бұғының миы мен тілінен жасалған тағам әкеліп қойды. Құрмалдыққа шалынған жануарлар етінің дәмді жері ылғи осылай құдайдың қызметшісі деп бақсыға жіберіледі екен.
Меймандарының онкилондар өмірінің жылнамасы жазылған тасты көрмек ниеті барын Амнундактан білген бақсы оларды ілгері батысқа қарай бастап жүрді. Сүрлеу ұзамай аңғар жиегінен бір-ақ шығарды. Бұл арада да ұшар басы бұлтқа сүңгіген адам аяқ баса алмас жып-жылтыр қара базальт құз тап болды. Сол күні аңғар үстін торлаған бұлтпен түнере түскен тік жардың етегі – басқа жердегі сияқты жоғарыдан құлап, қына басқан тас жарықшақтары. Солардың арасынан салмағы бірнеше жүз тонналық алып жартас айырықша көрінді. Оның айналасы тастан аршылып, үлкен шеңберге ұқсастырылып тазартылған. Осы жартастың түбінде құлшылық етіп, құрмалдық шалатын көрінеді. Садақа болған жануарлардың сүйегі қара тастың етегін көмкеріп, ақ жолақ боп орап, үйіліп жатыр.
– Бұл тас біздің бабалар осы жерге келген жылы түсіпті,– деп баяндады Амнундак. – Сондықтан мұны тәңірінің жіберген сыйы деп білеміз. Жыл сайын қысқы түннен соң күн көзі көрінген кезде осы араға жиналып құдайға құлшылық етіп, құрбан шаламыз. Осынау оқиғаны бақсы тасқа бір сызық салып, белгілеп қояды. Сол сызықтарды есептесендер, біздің бұл арада неше жыл тұрғанымыз шығады.
Ол осыны айтып меймандарды жартастың түстік жанындағы жылтыр бетіне алып келді, онда қатты бір құралмен тіке тартылған таяқшалар сызылыпты, әр оныншы сызық өзгелерінен ұзын, демек, санап шығуы қиын емес. Бақса, онкилондардың Санников жерінде тұрғанына төрт жүз жиырма төрт жыл болыпты.
– Амнундак бұл тас көктен құлады дегенде, ағып түскен алып жұлдыз болды ғой, тегі, деп қызығып калып едім, – деді сыбырлап Ордин.
– Мынау әншейін ғана базальт екен ғой, әрине, бұл анау құздан құлап түскен.
– Анау не айтып тұр? – деп сұрады бақсы. Горохов оған ақ адам мына тасты аспаннан емес, анау таудан құлап түскен деп тұр деді.
Бақсы оған ұнатпай қарап, басын шайқады.
– Бабаларымызды осында бастап келген ұлы бақсы бұл тастың қалай құлағанын өз көзімен көріп, бірінші болып тәуәп еткен оған.
– Таудан тек уақ тастар ғана құлайды, – деді бақсының сөзін қолдаған Амнундак, – ал мынау біздің үйімізден де үлкен. Мұның астында бес бұғы жатыр. Осы жерге келгендердің құдайға берген құрмалдығы деп басып қалды бұл тас оларды. Көктің жазмышы солай.
Киелі тастың етегінде осылай әңгіме-дүкен қызып жатқанда жырылып кеткен Костяков оларды әңгімелесіп тұрған қалпында таспен қоса суретке басып та алды.
Содан соң Амнундак меймандарды құздың етегіне бастап келіп, бұрын вампулар тұрған үлкен үңгірді көрсетті. Тас түсер алдында осы баурайда онкилондардың вампулармен үлкен шайқасы болыпты. Онкилондар вампуларды жеңіп, шығысқа қарай тықсырып тастапты. Тіпті осы оқиға да таспен сабақтастырылады.
Үңгірде шіріген шоқпар, сынған найза, түтеленген тері, шағылған сүйек, үйілген күл жатыр.
Жалпы, сүйек шашылған мына үңгір, бұлтқа сүңгіп түксиген қара құз, алып қара тас, оның төңірегінде үйіліп жатқан сүйек-саяқ көңілді құлазытып, жиһангездер жертөлеге барар жолдағы жасыл орманға жетуге асықты.
Амнундак үйінің алдындағы алаңқайда жұмыс қызыпты да кетіпті – онкилондар тұтқын қонақтарына жертөле салуға кіріскен. Жауынгерлер мен әйелдер жұмыстан бел жазар емес, бірі төрт құбыланың төрт ашасына жер қазып жатса, бірі ағаш кесіп, бөрене сыптап әуре, бірі балта даусы естілген орман жақтан сырғауыл тасып жүр, ал әйелдер төбеге жабатын шым ойып жатыр. Құрылысшылардың қаншама жан салғанына карамастан жұмыс барысы баяу, себебі тас балта, сүнек пышақ, шақпақ сүргі ағашқа онша батпайды.
Баған-діңгекке деген жуан бөренелер қанша уақыт алғанына қарап тұрды-тұрды да, Горюнов жолдастарына ұсыныс жасады.
– Кәне, онкилондарға ақ адамдардың жұмысты қалай істейтінін бір көрсетіп жіберейік.
– Және көрсеткенде қандай! – деп жанығып кетті Горохов. Төртеуі де балталарын әкеп жұмысқа кірісіп кетті,
жаңқалар жан-жаққа ұшып, ұрған сайын балта ағашқа тереңдей кіріп, тас құралмен онкилондардың бір күн істейтін шаруасын бұлар ширек сағатта-ақ тындырып тастады. Ақ адамдардың балтасы бөренеге тиісімен-ақ онкилондар өз ісін тастай беріп, бұларды қаумалай қоршап, таңдай кағып тамсанумен, жұмыстың шапшаңдығына қайран қалып, мадақ айтумен болды. Бақытына қарай жұмсақ жер кездескен әйелдер әуреленіп пышақпен қазып, қолмен топырағын уыстап шығарып, таяз төрт шұңқыр әзірлегенше бұлар төрт ашаны, оның үстінен жүргізетін үргілерді сыптап, сақадай-сай етіп үлгерді.
– Қап, бұрғының болмағанын қарашы, мынаны тесіп, мықты бір сына жіберсек қой, аша мен үргінің басы қалай керемет ұстасар еді! – деп өкінді Горохов.
– Қашау болғанда да екеуі жақсы қиюласатын еді! – деп қостады оны Горюнов.
– Иә, әрине, ол жақсы болатын еді, жазатайым жер сілкінсе, мынау ашаның басынан көлденең ағаш шығып кетіп, басып қалуы кәдік, – деп қауіп айтты Ордин.
– Мұнда жер сілкінуі де мүмкін бе? – деп сұрады Костяков.
– Тіпті әбден мүмкін. Біз әлі сөніп біте қоймаған көне жанартау кратерінің түбінде тұрған жоқпыз ба, көлдегі анау ыстық қайнарлар – соның белгісі.
– Кәне, Никита, сұрашы, мұнда жар шайқала ма екен? – деді Горюнов.
Күмәнді қуаттаған жауап алынды: онкилондар анда-санда жердің шайқалғанын сезініп тұрады, бірақ сілкініс онша күшті емес, залалы жоқ. Қариялар бұрынырақта қатты жер сілкінгенін біледі, содан үйлер түгелге жуық құлап, жүгіріп шыға алмаған жиырма шақты адам астында қалған.
– Олай болса, біз бағанды жылжымас үшін тағы бір сырғауылмен бастырып тастайық, – деді Ордин.
Түске дейін төрт ашаны орнатып, үргінің басымен ұштастыра бекітіп те үлгерді. Түскі астан кейін жиһангездер төбеге жаяр сырғауыл кесіп әкелу үшін онкилондармен орманға кетті. Жуандығы жеңді білектей сырғауылды кесу үшін онкилондар бір сағаттан артық уақыт жұмсайды, ал бұлар болса, оны бес-ақ минутта құлатып тастайды. Кешке қарай қажет ағаш әзір болып, алаңқайға сүйреп шығарылды.
Бұл күні ақ адамдардың келгені жайындағы хабар онкилондардың барлық мекеніне тарап үлгерді де, кешке қарай жатжерліктерді көргісі келген жақын жердегі жауынгерлер ағылып келе бастады. Жиһангездер жұмыстан кейін тынығып жатқан жертөле әп-сәттің арасында тарылып шыға келді. Бірақ шеттен келгендер шетін мінез көрсетпей өздерін жақсы ұстады, жертөле тұрғындарына, меймандарға сауалдар беріп, әсерлерін ортаға салды. Амнундактың тілегі бойынша балта мен пышақ қолдан-қолға өтіп, келгендердің жұмысты жапыра жылдам істейтіні, онкилондардың бір аптада әрең бітіретін жертөлесін бұлардың бір-ақ күнде салып боп қалғанын әңгіме етті.
Тек кешкі астан кейін ғана жертөле босады, меймандар қоналқаға алаңқайдағы оттың айналасына жайғасты.
Көп жауынгерлердің келуін пайдаланып ертеңгі күнді мүйізтұмсық аулауға арнасақ деп ойлады Амнундак. Ондағы үміт артқаны, әрине, ақ адамдардың нажағайы. Әйтпесе орға мүйізтұмсықтар аз түсіп жүр, ал оның қалың терісіне онкилондардың найзасы мен жебесі өтпейді. Мүйізтұмсықтың терісі дегенің теңдесі жоқ қазына, одан жасалған қалқан вампулардың шоқпарын денеге дарытпайды.
