МҰЗДЫ ТЕҢІЗ АРҚЫЛЫ-Жаңа Жер
Жиһангездерді үш тәулік бойы тұтқынында ұстаған боран да ақыры басылды-ау. Көктемгі күн шұғыласы Қазандық аралының терістігіндегі мүйісінен басталып, батысқа да, шығысқа да, солтүстікке де кең жайылып кеткен Мұзды теңіздің шалқар айдынын кіреукелеген ақ қарға шағылып, сәскеден-ақ айнадай жалтырады да жатты. Көзді қарықтырып алмас үшін барлығының да көзілдірік киюіне тура келді. Әйтпесе Қиыр Солтүстікте көктемде көп болатын көз ауруына шалдығуы кәдік. Күн әлі аласа тұр, әсіресе соңғы жауыннан кейін жалтырап кеткен айдын қары құйтақандай мың сан айнаны шұғылаға шағылыстырып бетке ұстағандай, өткір нұр жарқ-жұрқ етіп көзді қарықтырады. Ондайда кісі бірнеше күн түк көрмей қалады да, оның ақыры жанарды шағып шымшылаған ауруға ұласып, жаныңды жай тапқызбайды. Ең күңгірт көзілдіріктің өзі, екі жаны қалың тормен қапталып бетке жабысып тұрмаса, көмек бере алмайды. Тұрғылықты жұрт ортасынан сәл ғана саңылау шығарып көзілдірікті тақтайдан жасайды, алайда ол да ұдайы пана бола бермейді.
Горохов пен Никифоров күртік астынан нарталарды қазып алып, иттерді жегіп, жүктерді артып болғанша үш жиһангез маңайды барлап, теңіз арқылы жүрер бағытты болжағалы мүйістің ту сыртында тұрған жатаған төбеге көтерілді, ашық күн алыстың өзін алға жайып тұр.
Қыс боран білгенін істеген теңіздің қарлы айдыны әр жерден бұзылып, сеңдер үздік-создық созылып ана тұстан бір, мына тұстан бір состиып, қар қаптаған жылтыр ұшы жасыл тартып, айнадай жарқыраған басқа мұз шоқылардан оғаш көрінеді. Кейде ақ киіздің арасынан қоңыр жолақтар шалынады, бұл – жылым емес, қарын жел сыпырып, жалтыратып тастаған мұз. Төменде қырық шақырымдай қиырда ғана бозамық тұман арасынан ашық теңіз – көкжиекті тұтас алып жылым жатыр, оны тіпті айналып өтуге де болмастай. Аспан бұлыңғыр болғанда ашық су қара дақ құсап көрінеді, себебі оған сұр бұлттың көлеңкесі түседі.
Жылымнан әрі жатқан алқапты тұман басып терістік көкжиектің тап түкпірінен мұнардан қылтиып бір қара бұлдырайды.
– Дәу де болса Беннетта аралы анау, – деп оған бірінші болып көзі түскен Ордин дауыстап жіберді.
Ол нұсқаған жаққа Горюнов пен Костяков жалт қарады. Горюнов бірден компасқа жармасты.
– Беннетта аралы бұл емес, – деді Горюнов. – Ол арал шығысқа қарай бұрыс және Қазандықтан көрінбейді де. Зәуде бір сағым болмаса, біздің көріп тұрғанымыз – Санников жері. Толльдің айтуына қарағанда, ол осы жақта болуға тиіс.
Жалма-жан екеуі дүрбісін суырып, біреуі «Санников жерін іздеу үшін» Шенк берген көне қарауыл тұрбаны қолға алды. Жылым тұманының ар жағынан әлгі қара бірде қылаң етеді, бірде көрінбей кетеді. Соған қарамастан оның басында қар жатқан сүп-сүйір шыңдар тізбегі екенін, бөлек-бөлек болып көрінгенімен, тұтас қарлы дала екенін көріп білді олар. Жаңағы сілем біраз жерге дейін жалғасып барады да, екі жақ еңіске қарай сіңіп жоқ боп кетеді. Тура жүрсе, оған дейін жүз жиырма-жүз отыз шақырым жер.
– Анау, сөз жоқ, жер!
– Жер болғанда да жоғары, таулы жер!
– Қалайша, оны қар тұтас басып жатқан жоқ?
– Сірә, тау баурайы бар тұсы бірдей қар ұстамайтын тік жар болуға тиіс.
– Ондай құзар биік тауларда қаз-үйрекке де, онкилондарға да орын болмасқа керек.
– Таулардың ортасында жазық жер бар.
– Қайткенмен де бұл сағым емес, Санников жері, – деп мәлімдеді Горюнов. – Ол көкжиектің Толль мен Санниковтың өзі көрген тұсында тұр. Сағым болса ұдайы бір орында тұруы тиіс емес, ол жылымның үстінде іркіліп, жылымның орын ауыстыруына қарай түр көрінісін де өзгертіп тұрады.
Жақсы дүрбіден қарауыл тұрба тәуір боп шықты, оны ұстап тұрған Костюков екі тау сілемін көріп, алдыңғысының аласа әрі бастан-аяқ аппақ екенін, аржағындағы биігінің қара құз, шың екенін ажыратып та берді.
– Екі жотаның арасы жазық екенінде шек жоқ, бәлкім, кең де жазық болуы.
– Оны мекендеген онкилондарға адам аяғы жетпеген десеңші, – деп сөз қосты Ордин.
– Ал біз барып қой, олардың тыныш тіршілігінің шырқын бұзамыз, – деп қосарланды Костюков. – Былайғы дүниеден бірнеше ғасыр бөлініп қалған адамдарды көз алдыңа келтірудің өзі қиын.
Иттердің үргені, ұлығаны, қыңсылағаны қырқаға да жетіп, әңгімені үзді де, жолға шығу керек екенін еске салғандай болды. Боран иә қатты аяз болмаса ғой, бұл ит бейшаралар шапшаң жүргенді қалап, бәрі дайын болған кезде, осылай үріп, ұлып өздерінше қуанышын білдіріп жатады. Горюнов компасын жаңағы жұмбақ дүниеге қарай тағы бір бағыттап алды да, үшеуі де еңістегі, үйшікке беттеді.
– Дегенмен жер бүгін көрінді ме? – деп Горохов оларды сауалмен қарсы алды.
– Тамаша көрініп тұр, ешқандай күмән енді болуы да тиіс емес, – деді Горюнов.
– Көру керек екен өзін. Сіздер шай ішкенше қырқаға жүгіріп шығып та келемін. Мен бір-ақ рет көрдім, оның өзі де шала-шарпы.
Жиһангездердің дүрбісін алып, екі кәсіпкер қырқаға жөнелді. Біреулер лашыққа, біреулер төбеге қарай тартқанын көріп тыншыққан иттер жегілген қалпы жата-жата кетті.
Төбеден түскен Горохов пен Никифоров та Санников жері өте жақсы көрінетінін өздері оны бұрын да сол бағдардан байқағанын айтты.
Ұзамай кішкентай керуен мүйістен теңізге түсіп, тұп-тура терістікке тартты. Үш күн тыныққан иттердің жүрісі нарталарға бір аптаға жетерлік отын сияқты үстеме жүк тиелгеніне қарамастан ширақ-ақ. Жұмбақ жерге арада үш-ақ қонып жетуге болар еді, бірақ боран көтеріліп кетіп, тағы да аяққа тұсау болуы кәдік. Өйтсе үскірік аязда шай қайнатып, ас-су ысытып іше алмайтын жерге түнеу де қиын.
Тегіс жермен олар тез жүріп, сең кездескенде шабандап қалып келеді. Кешқұрым қырық шақырымдай жол жүріп сеңгір-сеңгір сеңдер арасынан мұз шоқылардан панасы бар жазық тауып, қоналқаға тоқтады. Шатырды шапшаң тігіп жіберіп, от жағып, ас пісірді, сонан соң қып-қызыл алауы мұз үстінде ойнаған оттың басында сағат шамасы, отырды. Күн батысқа сүңгіп ғайып болды, түстікте алашабыр бұлт арасынан ай көрініп жоқ боп, көрініп жоқ боп жүр, терістікте сарғыш доға мен діңгекке ұқсас әлжуаз солтүстік шұғыласы ойнайды. Ай бұлтқа енгенде ол ап-айқын көрінеді.
Ұйықтар алдында Горюнов көкжиекті және бір шолғалы мұз шоқыға шықты. Ай сығалап, қарлы жазықты, төбе-төбе сіреу сеңдерді көгілдір жұмсақ бір нұрға малып тұр. Түстіктен суық жел соғып, көкжиекте қара бұлт түнереді, оның ар жағында Қазандық аралының жотасы қарауытады.
Ертеңінде күн түнеріп, түстіктен жел күшейе түсті. Горохов пен Никифоров бораннан секем алып, иттерді қыса айдады. Бірақ мұз біртегіс емес, шақырым сайын мұз шоқылар тізбегі тап келіп, бұрынғыдай болмай, жүріс шабандап кетті. Сұрқай аспанда таң атқаннан бері бір жолақ тұр, бұл – алда кең шалқар жылым жатқанының белгісі. Кешке қарай жылым тіпті жақын қалды, құлаққа толқын шуы келді. Биік бір мұз шоқыдан асқанда қарсы алдан жарты шақырымдай ашық теңіз шыға келді, айдыны – ақшулан толқын, көшкін мұз.
Теңіз тіпті көкжиекке дейін көсіліп кеткен. Боран көтеріп кетпесе, ертең енді осыдан өту қажет.
Сондықтан байдарқаларды тез түсіріп, жүк тиеуге оңтайлы болу үшін мұздың жиегіне жету керек, жел және түстіктен, теңіз мұзды бұл жақтан бұзар деп қауіп ойлауға болмайды. Қоналқаға олар ашық айдынға жүз елу қадамдай ғана мұз шоқының іргесіне кеп тоқтады, оның өзінде шатыр, нарталар мен иттер әрең сиятын алаңқайды зордың күшімен тапты; бұл – батыс пен түстік жақтан түксиген биік мұзарттар төнген жер, жалпы, бұл ара соңғы соққан терістік желі бүкіл сеңді қуып кеп бірінің үстіне бірін үйіп кеткенінің айғағы секілді.
Сең пана болып әрі есік аузынан от жағылған шатыр жылы да жайлы еді. Онысы не керек, түнге қарай жел күшейіп, боран көтерілді. Шатырдан бес-алты метр жоғарырақ қапалақтап, ұйтқи соғып, үйіре борап қар қалай төпеп тұрғаны от жарығымен айқын көрінеді. Желдің екпінімен қалың мұз қақырап, ызыңдаған, ұлыған үндерді сап жұтып, ауық-ауық гүрс еткен дыбыс құлақ тұндырады.
– Бұл несі тағы да? – деп гүрсіл алғаш естілгенде шошынған Костяков айғайлап та жіберді.
– Мұз жарылып жатыр, – деп жауап берді Горюнов.
– Иә, мұз жарылды, – деп қоштады Горохов сабырмен.
– Егер жел теріс айналып терістіктен соқса, ол да ықтимал, онда толқын біз тұрған тұсты жиектей ұрып, мұзды сөгіп, көтере бастайды ғой. Ал әзір жел түстіктен – қауіп ойлар жөн жоқ.
– Қалай дегенмен де, қорқынышты-ау, Матвей Иванович,– деді Никифоров. – Ойлап қараңызшы, біз ғой шылым шегіп, әзіл айтып қаннен-қаперсіз отырмыз, ал астымызда небары екі-ақ аршын мұз, онан әрі түпсіз тұңғиық емес пе! Аралдар арасы сәл алаңсыздау – теңіз терең емес, жер тиіп тұр.
– Астымызда қандай тереңдік барының қажеті не бізге, мейлі жиырма, қаласа жүз метр болсын! – деп мырс етті Ордин. – Мұз жарылса, онда да, мұнда да қарық боламыз.
– Дегенмен мұнда қауіптірек, теңіз де, жер де көрінбейді өйткені.
– Тоныңа қымтанып ұйықтай қалсаң, бәлкім, бәрін түсіңде көрерсің, – деп қалжыңдады Горохов.
– О да дұрыс, әйткенмен жаталық, таң атқанша ұйықтайық, күн шыққан соң көңіл де тыншыр.
Алайда олар алаңдап ұйықтады, себебі мұзда жатқанда оның алыс-жақын жарылғанының бәрі жақсы естіліп тұрады екен. Иттер де әдеттен тыс тынымсыз ұйықтап, бірде бірі, бірде басқасы маңқылдап, ырылдап мазаны алды. Горохов әлденеше тұрып, шатырдан сығалап жел бағытын өзгерткен-өзгертпегенін бақылады. Жарық түсіп барлығы оянғанда басу айтқан да сол болды.
– Түк те жоқ, жел сол бағытынан соғып тұр, қозғалмай-ақ жата берулеріңе болады.
Сәскеге дейін жатты да, қарны ашқан соң барып бір-ақ тұрды бәрі. От жағып, шай қойды. Горохов пен Никифоров иттерге ас құюға кетті. Иттердің қаперінде тіпті түк жоқ, екі сеңнің арасында желдің не екенін білмей бір жерге ұйлығып жатыр бәрі. Боранның беті жаман, бірде бес-он минут басылады да, бірде екпіндеп ұли ала жөнеледі. Оның бір тынған кезінде биік мұзға шыққан Горохов жан-жағын шолып шығып, ысқырып айғай салды.
– Алайда, ағайындар, біз жүзіп бір жаққа маңып кетіппіз, айнала – су.
Барлығының да зәресі ұшып, оған ілесе әлгі мұзартқа шықты: кеше мұзбен келген түстік жақта қарлы мұнар арасынан жойқын теңіз қарауытады, терістік жағы да су, ал батыс пен шығыс тізбектеліп жатқан сеңгір-сеңгір сеңдер, шетіне тіпті көз жетпейді және ештеңе айырып болмайды. Көп тұруға мұрша келмеді, екпіндей жөнелген жел қапалақ-қапалақ қарымен соққылап, бәрін еңіске қуып шықты. Шатырға оралуға тура келді.
– Менің ойымша, біз тұрған мұзды алқап қалған мұз айдынына нашар кіріккен, – деді Горюнов. – Мұз жарылған кезде желдің ырқымен бұл жер бөлініп, теңізге қуып тасталған.
– Сонда қай жаққа?
– Әрине, солтүстікке, жел қайдан соғушы еді.
– Теңіздің бұл тұсында ағым болса ғой, бізді алысқа, батыс болмаса шығысқа да айдап әкетеді.
– Әлбетте әкетеді.
– Енді не істейміз?
– Ештеңе істеуге болмайды. Ауа райы бұлай болып тұрғанда біздің байдаркамен жүзу қатер. Боранның басылуын күтуден басқа лаж жоқ.
– Біз тұрған мұзды тағы да быт-шыт қылса ше?
– Осыған дейін быт-шыты шықпаған жалпақ мұз алда да аман сақталар деп сенуге болады, тек басқа бір мұзартқа яки сіреу сеңдерге соқпасын де.
– Ол үшін байдарқаларды сайлап, оларға керек-жарақты артып қойған артық болмас.
– Дұрыс-ақ! – деп құптады Горохов.
Таңғы тамақты ішіп алып, нарталардың жүгін түсіріп, олар байдарка құрастыруға кірісті. Құрап болып оларға жүк пен нарталарды тиеді, қалғаны тек шатыр мен төсек орын ғана, оларды да алғаш қатер төнгенде жиып алу қиын емес. Ара-тұра жел саябырлаған сайын олар мұз шоқыға шығып, жан-жақты шолады, бұрынғыдай терістіктен де, түстіктен де теңіз көзге түседі, ара қашықтық – екі жақтан да жүз метрдей жер.
Осылай бір күн өтті. Бұрынғысынша боран ұйтқып тұр. Кешкі асын ішіп алып, жанып біткенше оттың жарығымен отырды. Көңіл қобалжулы, кейде аяқ астындағы мұз ойнап тұрғандай сезіледі. Алайда мұзда жаңа жарық пайда болғанын білдіретін гүрсіл таң атқалы естілген жоқ. Шамасы, бөлініп шыққан мұзарт берік болса керек, түнде олар кезек күзетісті– жаман айтпай жақсы жоқ. Жел саябырлап, ара-арасында күңгірт ай да сығалап қояды.
Күзет кезегі соңынан тиген Ордин ұйықтап кеткен екен, бетіне шағылған күн шапағынан оянды. Ол көтерілген күн мен көгілдір аспанға таңырқай қарады, күн айығып, жел бәсеңдепті, жаңа қар көз ұялтып жалт-жұлт етеді.
Ордин жалма-жан мұз шоқыға шығып, түстікте көкжиекке дейін көсіліп жатқан көк теңізге, оның бетінде шұғыла ойнатқан майда толқынға көз тастады, бұлар тұрған мұз алаңының батыс жағы жарты шақырымдай да, шығысы әлдеқайда келте. Теріскейде су танабынан әрі осылай қарай баяу жылжып келе жатқан алып мұзарт көрінді. Ордин жалма-жан жатқандарды оятты, бәрі жүгіріп жоғарыға шықты.
– Бәлкім, шыққан күн бірден көрсетпегенде түстіктің қайда, терістіктің қайда екенін білмей, мен бұрынғыдай теңіз солтүстік жақта деп тұра бермек екем! – деп дауыстап жіберді Костяков.
– Иә, біздің жолымыз болды, – деді Горюнов та. – Байдаркамен жүзіп, жүк тиеп, түсіріп жүрудің орнына, шатырда тыпыр етпей жаттық та, боран бізді теңізден өзі өткізіп салды.
– Өзеннен салмен өткен сияқты десейші, – деп қойды Горохов.
– Және қазына есебінен, ештеңе төлетпей өткізді ғой, – деп күлді Никифоров.
– Алда әуейіленбей есте ұстасын деп боран-көкеміз аздап қорқытып алды, – деді Костяков.
– Бұл бізді жағаға апарып тірер ме екен, әлде байдарканы түсіруге тура келе ме? – деп сөз қозғады Ордин.
– Жағаға апарып тіреуге тиіс. Жүзуге көп те қалған жоқ, жел тұрса мына мұз шоқылар – жақсы желкен.
– Әзір ауқаттанып алалық, сосын жолға қамдану керек,– деп ұсыныс білдірді Горюнов.
Жел бәсең болғандықтан, экспедицияға аса сәтті паром болған мұз алаңы алға қарай баяу жылжыды. Ас ішіп боп, байдарканы бөлектеп, нарталарды құрып, олар паромның қозғалмайтын бір мұзды алқапқа барып тірелуін күтіп шоқыға қайта шықты. Сағатқа жуық күтті, кенет мұздың шайқалғаны байқалып, шет жағы сөгіліп, сең сынықтары бірінің үстіне бірі шығып қалды. Ақырын соғылғаннан сеңдер елеусіз болып шықты, паром шапшаң сап болды.
– Айлаққа әкеп тіреді, – деп айғай салды Горохов. Қолына балта, күрек алып жол аршымақ оймен жиһангездер паромның шетіне шықты да, біртегіс жер тауып алып, қозғалмайтын мұзға әп-сәтте-ақ көшіп алды. Никифоров келекелі бір кербездікпен әлгі келген мұз алаңына тағзым етіп, айғай салды.
– Рахмет, жігітім, жеткізіп салғанына! Айтары не, жақсы-ақ серуендеттің!
Мұз паромның бағыттан онша ауытқымағанын ескеріп, Горюнов биігірек бір шоқыдан Санников жерін көру, сөйтіп, жолын айқындап алу үшін нарталарды терістікке қарай бастады. Жол алғаш аса қиын болды, бір сеңнен кейін бір сең кезігіп, түске дейін он-ақ шақырым жылжыды. Және бұл сеңгір мұздар қиыр көкжиекті мүлдем көрсетпей тастап қиын қылды. Әйтеуір түс ауа тегіс мұз басталып, көкжиекте мұнар арасынан жұмбақ жердің әлі алыс болса да үшкір шыңдары көзге бір шалынды-ау.
– Міне, үшінші күн жүріп келеміз, сонда да бір бар болғыр қарасын көрсетер емес! – деді аса бір өкініш үнмен Горохов. Оның торығыңқы үні қасында тұрған Горюновтың назарын бірден аударып алды.
– Көмейіңде бір түйткіл бар-ау, Никита, – деді ол.
– Дұрыс айтасың. Күмәндануға айналдым. Әлгі мұзарт бізді теңізді көктей өтіп, осында тегін әкелген жоқ, Матвей Иванович. Маған мұның жер емес, сағым секілді болады да тұрады. Арбап, алдап мұнартып тұра бере ме деп ойлаймын. Алыстап кетіп, қайта алмай жүрмейік.
– Сенің ойыңа да қайдағы-жайдағы келеді екен, – деп күлді Горюнов. – Енді бірер күн жүрелікші, ол жер қол созым ғана болады.
– Ал, меніңше, ертең ол жерің күмән қалдырмайтындай болып айқын көрінбесе, кешікпей кері қайтқаннан дұрысы жоқ.
Горюнов сөзді доғарып, жұмбақ жерге бағыт ұстады. Жұмбақ жер енді терістік шығыстан менмұндалады – зайыры, паром желдің ырқымен немесе ағыспен бұларды батысқа қарай біраз апарып тастаса керек. Жол бағытын өзгертуге тура келді. Тегісірек мұз шапшаңырақ жүруге жағдай туғызып, кешке дейін бұлар отыз шақырымды алып та тастады. Күн батар алдында көкжиек әбден айқындалып, жиһангездер ақ жотаның жон арқасынан тік шаншылған шыңдардың қарауытқан үшкір бастарын дүрбісіз-ақ анық көрді. Енді Гороховтың өзі де тынышталайын деді.
Сол бағытпен тағы да екі күн жол жүрді. Бірақ күн бұлыңғыр болып, жер көрінген жоқ, шамасы, жер бауырлай жатқан бұлт оны жауып қалса керек. Ақыр аяғында үшінші күні түскі үзілістен кейін мұз шоқылар түгел таусылып, аппақ қар басқан далаға да табан тиіп, олар жоғары қарай көтеріле бастады. Иттердің жүрісі бірден баяулады.
– Аяғымыздың астындағы жер емес пе өзі? – деп дауыстап жіберді Ордин.
– Жер болғанда да тап өзі! – деп діттей түсті Никифоров.
– Тауға шығып бара жатқанымызды иттерден-ақ байқамайсың ба?
Осы кезде сәл сейілген бұлт астынан бірер шақырым алдан биік аппақ жар шыға келді.
– Әзір бұл жерде қардан басқа ештеңе жоқ! – деп күңк етті Костяков. – Тау бір жаққа тағы жасырынып қалды.
– Әбігерін қарашы енді! Ақ жардың астынан тауды да табамыз. Керек болса қардан басқасы да тұр, әне! – деп Горюнов керуеннен жүз қадамдай жерде қарайып тұрғанды нұсқады.
Жалма-жан үшеуі де сол жерге тартты. Құз жартаспен қоян-қолтық айқасқа шығатындай Ордин белінен балғасын шешті. Қарлы жазықта адыр болып оқшау тұрған бұл жартас біртегіс жып-жылтыр еді. Үстін жел жалап, боран сипап жалтыр мұз етіп тастаған. Шапқыны тастың жарығына тығып жіберіп, басып қалғанда бір кесек тау жынысы ұшып түсті. Оны Ордин абайлап аудара қарап:
– Міне, бұл базальт болса керек, – деді.
– Күтеріміздің өзі осы еді ғой, – деп салды Горюнов. – Зады, бұл жанартау жынысы Мұзды мұхит аралдарынан көп табылса керек, мұның өзі – бұл арада бағзы бір кезде ыстық лава атқылағанының белгісі.
– Еһ, шіркін, онда ғой қазіргідей емес, жылы болған бұл ара, ә! – деп өкінген сыңай білдірді Костяков.
Базальт кесегі Никифоровпен бірге нарталардың қасында қалған Гороховқа салтанатпен алып келінді. Мұның өзі аяқ астында жұмбақ өлке Санников жері жатқанының ең жақсы дәлелі еді, кім білсін, бұған адам табаны тұңғыш тиіп тұрған шығар.
Жылғамен баяу жоғарылай отырып, екі сағат шамасында керуен тағы бір аппақ құлама жардың түбінен шықты. Жар қабырғасы селдір тұман арасынан айқын көрініп, екі жақтан да жылғалана жолды кесіп, көз ұшына сүңгіп барады. Жоғары қарай енді тік көтерілмей, қиғаштай шығуға тура келді. Боран таптаған қардың қатқаны сонша, тіпті ауыр нартаның табан ізі әрең түседі.
